Kyzylorda-news.kz Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасы талқыланды.
Аймақ басшысы облыс, аудан орталықтары мен елді мекендердегі тазалық, көркейту шараларына күнделікті әрі жүйелі бақылау орнатуды тапсырды.
«Жаз мезгілінде қала мен елді мекендердегі қоғамдық орындардың тазалығы, жайлылығы басты назарда болуы тиіс. Аптап ыстық басылған соң демалуға сыртқа шыққан халықтың, каникулдағы балалардың баратын орындарын күнделікті қадағалаңыздар. Саябақтар, демалыс аймақтары, жағажайлар мен балалар алаңдары таза әрі қауіпсіз болуы керек.
Бұл іске тұрғындар да белсенді араласуы қажет. Тазалық сақтау тек коммуналдық қызметтердің ғана міндеті емес, баршаға ортақ жауапкершілік. Көше бойларының, аулалардың, қоғамдық орындардың тазалығы – мәдениеттің көрсеткіші. Үгіт-насихатпен қатар, тәртіп бұзушыларға қатысты нақты шаралар қолдану қажет», – деді Н.Нәлібаев.
Бұдан бөлек, жиында құрылыс нысандарындағы жұмыс сапасы, күрделі жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Аймақ басшысы құрылыс алаңдарын күнделікті қадағалауды тапсырды. Қала әкімдігіне ғимараттар сапасы мен пайдалануға беру мерзіміне қатысты жауапкершілікті қатаң бақылау жүктелді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі