«Білім инемен құдық қазғандай», – демекші, білім алушы шәкірттердің қиыншылық пен қызыққа толы тағы бір оқу жылы аяқталды. Қазіргі таңда білім беру сапасы талапқа сай болу үшін барлық жағдай жасалған.Соның нәтижесінде білім саласында жарқын жобалар жүзеге асып, озат оқушылар қатары артуда. Бұл туралы жақында Жалағаш ауданының білім бөлімінің басшысы Талғат Садықовпен сұхбаттасқанда тарқатқан едік...

 

– Қайырлы күн, Талғат Құрақбайұлы! тағы бір оқу жылын тәмамдадық. Биыл қандай жетістіктер бар?

– 2023-2024 оқу жылында Жалағаш ауданының білім саласы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Оқушылар  арасында өткізілген түрлі танымдық байқауларға облыстық деңгейде 300-ден астам оқушы қатысып 182 орын (46%), ал республикалық деңгейде  29 жүлделі орынды еншіледі. Алғаш рет өткізілген ауыл мектептерінің оқушыларына арналған олимпиаданың республикалық кезеңіне 10 оқушы қатысып  6 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Нәтижесінде республика көлемінде Әл-Фараби атындағы  №201 мектеп-лицей үздік 10 мектептің   құрамына енді. Әрине, бұл жетістіктердің барлығы жоспарлы жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Биылғы оқу жылында жаратылыстану-математикалық бағыттағы 6 пән бойынша  «Қамбаш» Олимпиадалар және қосымша білім беру орталықтары базасында жалпы білім беру ұйымдарының 7-10 сынып оқушылары 3 кезең бойынша 96 оқушымыз дайындық курстарынан өтті. Пәндік олимпиадаға дайындықты күшейту мақсатында  аудандық «Жас дарын» олимпиадалық  резерві мектебі құрылып 122 оқушы қамтылды. 

Бұдан бөлек, ауданда, оқушылар дебаттық қозғалысы жалпыұлттық мәдени білім беру жобасы аясында жүзеге асырылуда, 20 дебат клубтары (қазақ лигасы) белсенді жұмыс жасауда. Пікірсайыс қозғалысы ағымдағы оқу жылында мектептерде  481 оқушыны қамтыды. Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларымызда назардан тыс қалмайды. Биыл алғаш рет «Менің қолымнан бәрі де келеді» атты  олимпиада өткізілді. Олимпиадаға облысқа 3 оқушы қатысып,  ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және Алғыс хатпен (ІІ орын-1,ІІІ орын-1 Алғыс хат-1) марапатталды. Бағалы сыйлықтар берілді. «ЖҰЛДЫЗАЙ» XIX Республикалық балалар шығармашылығы фестивалінің аудандық деңгейде 11 бала қатысып, облыстық кезеңіне 4 оқушы өткізілді. Облыстық фестивальге қатысқан жалпы 4 оқушы  облыстық білім басқармасының  ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен ( ІІ орын-1, ІІІ орын-2,  алхыс хат-1) марапатталды.

– Аудандағы білім беру саласы бойынша педагогтардың мәртебесін жоғарылату және шығармашыл мұғалімдерді қолдау бағытында қандай шаралар атқарылуда? 

– Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған жыл сайынғы «Үздік педагог» республикалық конкурсынан ауданымыздан  2023 жылы 1 педагог «Үздік педагог» атағының иегері атанып, 3 млн. теңге көлемінде грант иеленді (Қосжанов Салтанат №123 мектеп-лицей).Өткен жылдың соңында Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық деңгейдегі 1 «Үздік педагогке»  - облыстық бюджет есебінен 1 035 000 теңге көлемінде бірреттік сыйақы берілді (№123 мектеп-лицей Искакова Айгерім).

2023 жылы мектепке дейінгі білім беру, жалпы орта білім беру, әлеуметтік - педагогикалық қызмет, қосымша білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру, дене тәрбиесі және АӘД бағыттары бойынша 40-тан астам облыстық кәсіби байқаулар өткізілді. Облыстық кезеңнің қорытындысымен ауданымыздан республикалық кезеңге қатысқан 9 педагог 3 номинациямен марапатталды.Білім саласы қызметкерлерінің кәсіподағы комитетімен бірлесе отырып, жыл сайын білім беру ұйымдары: «Үздік әлеуметтік әріптес», «Жаңа идеялар жаршысы», «Ынтымағы жарасқан ұжым» және т.б. арнайы номинацияларымен марапатталып, ағымдағы жылы педагогтер денсаулығын нығайту үшін еліміздің шипажайларына 110 жолдама берілді.Әрине, педагог – оқытушы ғана емес, ұлт тәрбиешісі. Педагогтардың шығармашылығын арттыру мақсатында түрлі кәсіби байқаулар ұйымдастырылып, жетістікке жеткен ұстаздарды қолдау педагог мәртебесін жоғарылату бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. 

Биылғы оқу жылында неше оқушы бітірді?

– Биылғы оқу жылында 20 мектепті 6690 оқушы бітірді. Оның ішінде 11-сыныпты 420 түлек аяқтап, үлкен өмірге қадам басты. «Алтын белгіге» үміткерлер саны – 18 болса, үздік аттестатқа 43 үміткер анықталып отыр. «Алтын белгі» белгісіне №31 мектеп-гимназиясынан 1 оқушы, №33 орта мектептен 2 оқушы, №114 орта мектептен 1 оқушы, №116 орта мектептен 3 оқушы, №117 орта мектептен 1 оқушы, №118 орта мектептен 1 оқушы, №119 орта мектептен 1 оқушы, №123 мектеп-лицейден 2 оқушы, №201 мектеп-лицейден 4 оқушы, №202 орта мектептен 1 оқушы, №246 орта мектептен 1 оқушы, барлығы 18 бітіруші үміткер. 9-сыныпты аяқтаушы оқушылар саны-666 болса, «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны – 132. Қорытынды бітіру емтихандары 9 сыныптағы 666 білім алушы үшін 2024 жылғы 29 мамыр – 10 маусым аралығында, 11 сыныпбілім алушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары – 2024 жылғы 28 мамыр – 11 маусым аралығында өтеді.

Осы ретте, айта кетуіміз қажет «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 Бұйрығының талаптарына сәйкес, 11 – сыныпты бітіруші «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың жазбаша емтихандары, яғни қазақ тілі, алгебра және анализ бастамалары пәнінен тапсыралатын емтихандарын  білім басқармасы жанынан құрылған комиссия тексеретін болады. Бұл «Алтын белгіні» тек лайықтылар алады деген сөз.

– Биылғы жылдың бір ерекшелігі жоғары сынып оқушыларының барлығы қазақ тілі мен әдебиет пәнінен емтихан тапсырады деп естідік. Сол жайында толығырақ тарқатып өтсеңіз...

 – Иә, биыл 27 - 31 мамыр аралығында 5-8 сыныптарда білім алатын 2794, 10 сыныптардағы 470 барлығы 3264 оқушы бірінші рет «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен емтихан тапсыратын болады. Қазақ сыныптарында – «қазақ тілінен», орыс сыныптарында – «қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен өтеді. Емтихан барысында 4 дағды, яғни тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым бағаланады. Грамматикалық талдау жасалады. Емтиханның өтетін күнін мектептің педагогикалық кеңесі айқындайды.

– Мектеп бітіруші түлектер асыға күткен соңғы қоңырау салтанатты шарасы биыл қалай өтті?

– 24 мамыр күні «Білімім – Отаныма» 1-11 сынып бойынша бірыңғай тәрбие сағаты 9.00-де өткізілді. Тәрбие сағаты әнұранмен басталды. Тәрбие сағатында балалардың жыл бойы білім жетістіктері мен қоғамдық белсенділіктеріне тоқталу маңызды. Сонымен қатар, Отанға деген құрметін арттыру мақсатында патриоттық тақырыпта шығармалар мен өлеңдер оқу, еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштері мен Қазақтың батырларытуралы әңгіме аңыздардан үзінділер келтіру ұсынылды. Сондай-ақ, сол күні «Мен. Мектеп. Ұстаз» тақырыбында 9, 11 сынып оқушылары эссе жазды. Онда өзінің оқып шыққан мектебіне ыстықықыласын, ұстазға алғысын білдіреді. Сынып сағаттарында негізінен патриотизм, отанды сүю, достық, татулық, ел тарихына, саяси репрессия мен аштық құрбандарыныңесімдеріне құрмет таныту сынды ақпараттар айтылды. Ал оқу жылының қорытынды салтанатты іс-шарасы 11-сынып оқушылары үшін 25 мамыр күні өтті. Салтанатты іс-шараның басталу уақыты - сағат 8.00, ұзақтығы 45 минуттан аспауы тиіс. Мектеп ауласында ұйымдастырылды. Қатысушылар міндетті түрде мектеп формасында болуы міндеттелді. Аттестат тапсыру салтанатты шарасы ағымдағы жылдың 14 маусым күні «Жолың болсын, Жас түлек!» мектептің мәжіліс немесе спорт залдарында өткізіледі. Түлектер іс-шараға міндетті түрде мектеп формасымен қатысады.

– Бітіруші түлектердің ҰБТ-ға дайындығы қалай? Жалпы, биылғы түлектерді қандай өзгерістер мен ерекшеліктер күтіп тұр?

– Ағымдағы жылдың 6-14 мамыр аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеудің ең маңызды үшінші кезеңіне өтініштер (app.testcenter.kz сайты арқылы) қабылданды. Маңыздылығы сонда, бітірушілер осы тестілеудің қорытындысымен берілетін сертификат арқылы мемлекеттік грант конкурсына қатысатын мүмкіндікке ие болады. ҰБТ 16 мамырдан басталып 5 шілдеге дейін жалғасатын болады. Екі кезеңде өткізіледі. Тестілеу пункттері Қызылорда қаласы (Яссауи көшесі №12/4 мекенжайындағы Аймақтық тестілеу орталығы),орналасқан. Мектеп бітірушілердің (420) 95,4 пайызы немесе 401 оқушы қатысады деп күтілуде. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут), ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша – 40 минут уақыт беріледі. Жоғары балл – 140. Тест тапсырмаларының саны – 120. Қазақстан тарихы – 20 тапсырма, Оқу сауаттылығы – 10, Математикалық сауаттылық – 10 тапсырма. Екі бейіндік пән – 40 тапсырмадан.

– Балалар қауіпсіздігі басты назарда дейміз. Осы ретте биыл ауданда қандай жұмыстар атқарылды?

 – Биыл жергілікті бюджет есебінен Бұқарбай ауылы №33 орта мектеп ғимараты 428 млн  936 мың теңгеге күрделі жөндеуден өтеді. Білім мазмұнын арттыру мақсатында мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін соңғы үлгідегі бейнекамералар алуға биыл жергілікті бюджеттен 28 млн. 800 мың. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Құрылғылар жаңа оқу жылына дейін білім беру ұйымдарына орналастырылады.

– Балалардың жазғы демалысы қалай өтеді?

– Жалпы, ауданда 1-10 сынып аралығында 6646 оқушы бар. Бүгінгі күні оның 6598-ын немесе 99% жазғы тынығумен және еңбекпен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл шараларға қаржы көзі міндетті оқу қорынан  12 млн. теңге демеушілік есебінен 7 млн теңге жұмсалады. Аудан көлемінде жазғы демалысты ұйымдастыруға 185 педагог, 15  белсенді студенттер мен еріктілер тартылады. Биыл мектеп жанынан жұмыс жасайтын жазғы тынығу лагерінде 2 700 ден астам бала демалатын болады.Одан бөлек, қала сыртындағы «Ақтерек» лагерьінде 7 ауысымда 560 бала демалса, облыстан тыс жерде орналасқан лагерьлерге 100  бала (Республикалық, жергілікті бюджет, «Қазақстан халқы» қоры, демеуші, меценат, кәсіподақ есебінен) демалыспен қамтылады. Мектеп жанындағы жазғы тынығу лагерьлері және киіз үймен этнолагерьде, палаткалы еңбек лагерьлері және оқушылар  ұйымдастырылады. Жалпы тынығумен 1-10 сынып оқушыларының, яғни 50,5 % құрайды.Сонымен қатар, еңбек жасақтары, туристік серуен, үйірмелер, спорттық-зияткерлік сайыстарға 3286 оқушы қатыстырылады. Бұл 1-10 сынып оқушыларының 49,4 % құрайды. Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан, есепте тұратын балаларды жазғы тынығумен толық қамтимыз. Жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектеп жанындағы және қосымша білім беру жанындағы лагерлер түрлі бағытта жобалармен шара өтеді. «Еңбек» лагері -1500  бала (шаруа қожалықтарымен бірлескен) «Кәсіптік бейімдеу» лагері-350 бала (ЖИАК бірлескен) «Құқықтық кеңес» лагері- 350 бала (полиция, прокуратура органдарымен бірлескен) «Этно ауыл» лагері-350 бала ( ұлттық салт дәстүрді қалыптастары бағытында), «Өнерлі мектеп» лагері-350 бала (хореография, баян, домбыра кластары бойынша). «Ауыл лайф», «Дәстүрлі қоржын», «Жас ұлан», «Киелі Қазақстан», «кітап құрттары» жобалары өтеді. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, зияткерлік дағдыларды дамыту.

Сұхбатыңызға рахмет!

Тағы да оқыңыз: