Фото: Т.Меңдібаевтың ФБ парақшасынан
Kyzylorda-news.kz. Қызылордадағы кітапқұмар жастардың басын қосқан «Кітап құрттары» ұйымына биыл 5 жыл толады. Қызығушылығы бір еріктілердің жетекшісі Талғат Меңдібаевпен кітап оқу мәдениетіне қатысты әңгімелескен едік.
Халық арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған «Кітап құрттары» қозғалысы кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды ғана емес білім көкжиегін кеңейтуді де көздейді. Себебі мұнда түрлі интеллектуалды сайыс, «Кинотайм» жобасы ұйымдастырылып келеді.
Балаға кітап оқуды үйрету үшін үлкендер өздері әдетке айналдыру керек
Үйде бала күнімізден қалыптасқан әдет болады. Ол қоршаған орта, ата-анадан көргеніңді әдетке айналдырасың. Кітап оқу да сол сияқты үйде нені көріп өссең сол әдетіңе айналады. Мәжбүрлеп, қинап кітап оқыту бос сөз балаға. "Балаңды тәрбиелегің келсе өзіңді тәрбиеле" дейді қазақ. Балаңыз жақсы әдеттерге үйір болсын десеңіз оны алдымен өзіңіз іске асырыңыз.
Адам кітап оқығаннан ақылды болып кетпес бірақ дамуыңа септігін тигізеді. Сөздік қорың молайып, адам тануға көмектеседі. Кітап оқымайтын адаммен салыстырғанда білім көкжиегің кең болады.

Жастар Алаш қайраткерлері туралы жазылған кітаптарды оқиды
Бүгінгі жастарды мотивациялық кітаптар қызықтырады әрине. Шетелдік мотивациялық кітаптардың қазақша аудармалары танымал. Стив Джобс, Джефф Безостардың өмірбаядары. «Екінші болма», «Құпия», «Вавилондағы ең бай адам», «Жасампаз жандардың 7 дағдысы», «Феррарин сатқан монах» романдары жастар арасында сұранысқа ие. Сонымен қатар соңғы кезде жастар Алаш қайраткерлерінің шығармашылығына, өмір жолына қызығады. Қазақ елінің санасын ұлттық деңгейге көтерген Алаш зиялылары білім мен ұлттық мәдениетіміздің өркендеуіне зор үлес қосты. Міне бүгінгі жастарымыз да шетелден бөлек өз халқымызда да бас көтерер зиялылар бар екенін жақыннан танып-біліп, олардың өмірін үлгі етіп, кітаптарын оқуға көшті.
Жаңадан шыққан кітаптар ескі кітаптардың көшірмесі
Мен уақыттың сүзгісінен өткен 50 жыл бұрын шыққан кітаптарды оқуға кеңес берер едім. Соңғы шыққан жаңа кітаптар ескі кітаптардың көшірмесі. Бірақ мен классикалық кітаптарды көбірек оқимын. Мотивация - жетістікке ынталандыратын күш. Ол күш әркімнің өзінің бойынан табылуы тиіс. Адамның бойында мұрат-мақсатына деген ынта, жігер болмаса мотивациялық кітап оқып жетілдірем деу бос сөз.
Бала тәрбиесіне қазақ ертегілерінен асқан кітап жоқ
Қазақта «Ұяңда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Бала туылғаннан бесік жырымыздан бастап қазақ ертегілерін тыңдап өсуі керек. Салт-дәстүрлеріміз, фольклорлық жыр-дастандарымызбен тәрбиеленген бала жаман болмайды. Бала тәрбиесіне қатысты қандай кітап бар деп жүрген кісілерге айтарым да осы. Қазақ ертегілері тұнып тұрған тәрбие құралы. Мейірім, адалдық, әділдік бәрі біздің ертегілеріміз бен тұрмыс-салт жырларымызда айқын.
Жастарға үйдегі ата-ананы, білім ордасында мұғалімді тыңдап, олардың тегін кеңесін алып қалыңдар дегім келеді. Жасыңнан үлкендерді тыңдамадың ба өскенде коуч, психологтардың ақылы кеңестеріне жүгінуге тура келеді.
Фариза ОМАРОВА
