Kyzylorda-news.kz. Өткен аптада Жалағаш ауданына қарасты Мырзабай ахун ауылына атбасын бұрып, бірінші ретте мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, бітіруші түлектермен жүздесіп қайтқан болатынбыз. 

Ауылдағы №122 орта мектебінің шәкірттері 2008 жылдан бері жаңа оқу ғимаратында білім алуда. Аталмыш білім ордасында 2003 жылдан бастап Салима Оспанова мектеп директоры қызметін атқарып келеді. Бүгінде Салима Мырзабекққызы бастаған мектеп ұстаздары ауданымыздың білім саласын дамытуда елеулі еңбет етіп жүр, жеткен жетістіктері аз емес. Мектеп директоры аудандық, облыстық «Жыл директоры» байқауларында жеңімпаз атанып, аудан, облыс әкімінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталған. «Ерен еңбегі үшін» Қазақстан Республикасының Президентінің жарлық бойынша медалімен, Жалағаш ауданының 80 жылдығына арналған медалімен, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі мен Қазақстан Республикасының Президентінің алғыс хатымен марапатталған. 

1 маусым күні білім ошағында соңғы қоңырау соғылып, ендігі оқуын колледж немесе университетте жалғастыруды жоспарлап отырған білім сүйер түлектердің тұла бойын қимастық билегені анық. Биыл мектеп қабырғасында 243 бала білім алса, оның 11-і алтын ұя мектебімен қоштасып, 9 білім алушы алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуде білімдерін саралайтын болады. Салтанатты шарада ел ертеңі болып табылатын жастардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда үлкен үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздар марапатталды. Шараға жиылған қонақтар мен ауыл ардагерлері жас түлектерге ақжол тілеп, батасын берді. 

Мектеп қазіргі заман талабына сай материалды-техникалық базамен, заманауи кабинеттерімен қамтамасыз етіліп, әр кабинет техникалық құралдар мен компьютерлер, интерактивті тақталармен, сондай-ақ әр пәнді терең үйретуге мүмкіндік беретін оқу бөлмелері қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Атап айтар болсақ,  химия, физика, биология, информатика, мультимедиялық, тіпті заманауи спорт зал да бар. Мұнан бөлек мектеп түлектері жасақтаған арнайы кабинеттерде жұмысын жасауда. 

Математика пәнінің мұғалімі Іскендір Қырқынбаев 1980 жылға дейін мектеп директоры болған, ұлағатты ұстаз. Ұлағатты ұстаздың еңбегін елеген 1958 жылы дүниеге келген шәкірттері озық қызметкердің құрметіне орай мектептен арнайы кабинет ашып, ішін толыққанды жабдықтаған. Мұнан бөлек бастауыш сынып мұғалімі болған Қыпшақгүл Сатқароваға да 1965 жылы дүниеге келген шәкірттері мен 1989 жылы туылған білім алушылары кабинет ашып жасақтаған. Міне, мектеп табалдырығын аттаған түлектер де мектептің қадір-қасиетін түсініп, ауыл үшін білім ордасының орны бөлек екенін іспен дәлелдепті. 

Мектепте білімді, дарынды балалармен жұмысты дамыту мақсатында жеке пәндерді тереңдетіп оқыту жұмыстары жүргізілуде. Сол себепті мектеп басшылығы ұстаздар біліктілігін арттыруды басты назарда ұстайды. Қазіргі таңда мектепте 44 мұғалім жұмыс жасаса, оның 38-і жоғары білімді, 3-еуі бірінші санатты, 4-еуі екінші санатты ұстаздар қатарында. 

Мектеп ұжымы қазіргі таңда оқытудың жаңа технологиялық әдіс – тәсілдерін пайдалану арқылы дарынды оқушыларды дер кезінде анықтап, шәкірттерді шығармашылыққа баулуды басты парымыз деп санайды. Бүгінде шәкіттері аудандық, облыстық, республикалық конкурстарда жеңімпаз атанып, талай зияткерлік, шығармашылық және спорттық сайыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүр. 

Айта кетейік, «Сыр өңірі-астаналар ордасы» ғылыми жобасында 7 сынып оқушысы Ұлжан Тұрлыбай ІІІ орын, «Химия» секциясы бойынша ғылыми жобасында Гүлшара Серікбаева ІІ орын, Меруерт Аманқали І орын мен сертификат,  «Зерде» конкурсы математика секциясы бойынша Еңлік Бақытбекқызы мен Ақнұр Тұрақбай ІІІ орын, Ақдарын Қалдан ІІ орынды, Қазақ тілі секциясы бойынша Кәусар Мергенбек ІІІ орын, Техника секциясы бойынша Еркеназ Болат ІІІ орын, «Ақберен» өнер байқауында Шадыман Теміршеқызы аудандық, облыстық сайыстан І орын, Республикалықтан ІІІ орынды иеленді. «Ең үздік медиаторлар мектебі» аудандық кезең «Бейне¬фрагменттер конкурсында» І орынды Айзере Тұрабай, «Жарқын болашақ» байқауында Шадыман Теміршеқызы ІІІ орынды, «Жас қаламгер» байқауында номинацияны иеленген озат оқушы, І.Жансүгіров оқуларынан жүлделі ІІІ орынды, Абай оқуларында «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» байқауында ІІ орынды иеленген. 
Абай оқулары «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» бай-қауында Жарқынай Мұрат І орынмен марапатталып, жеңіс тұғырынан кө-рініп жүрген үздік оқушылар. Сондай-ақ 5-6 сынып оқушылары арасында өткізілген аудандық пәндік олимпиада да 4 оқушы жүлделі ІІ, ІІІ орындарды иеленген.  Бұл – ең әуелі сапалы білімнің, тынымсыз ізденістің, білімнің даңғыл жолына деген дұрыс бағытта екендігінің көрінісі. Осындай нәтижеге жету үшін мектепте білім алушыларға барлық жағдай жасалған. Сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін арнайы үйірме жұмыстары ұйымдастырылған. Нақты атап айтсақ, вокал, театр, қолөнер, бейнелеу, дебат, футбол, волейбол, баскетбол, теннис, шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері бар. 

Сонымен қатар мектептің жүрегіне айналған ұстаздардың жеткен же-тістіктерді де жетерлік. Мәселен «Үздік дене шынықтыру пәнінің мұғалімі-2022» байқауында Олжас Достанов жүлделі ІІІ орынды, «Мектепке дейінгі ұйымдағы Үздік жоба-2022» байқауында Гүлбану Өмірбай жүлделі ІІІ орынды, «Үздік бастауыш сыныптағы қазақ тілі пәнінің мұғалімі» кәсіби байқауында Күнсұлу Нәзікбаева ІІ орынды, «Тәуелсіздік-тұғырым» атты эссе жазу байқауында Торғын Иманбаева арнайы алғыс хатпен, «Жас ұстаз-2022» аудандық командалық байқауында №122 мектеп ІІІ орынды, «Жаңа мектепке-жаңашыл ұстаз-2023» байқауында Айдана Қойшығұл «Жаңашыл жас ұстаз» номинациясымен марапатталды. Мұндай жетістікке жету, әрине шебер ұстаз, талапшыл басшының, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ұжымның арқасы. 

«Адамды адам ететін – кітап, адамзат ететін – кітапхана» демекші, мектеп ордасында кітапхана жұмыс жасауда. Кітапханашы Зада Даниярованың айтуынша, оқушылардың кітап оқуға деген құштарлығы жоғары, әсіресе көркем әдебиет шығармашылығына қызығушылығы басым. Жалпы, кітапхана қорында 18742 дана кітап болса, оның 8880-і оқулық екен. Жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеуге, олардың поэзияға деген құлшынысын арттыруға, талғамына, таңдауына сай әдебиеттерді іріктеуге көмектесіп, оқуға деген ынта ықыласын көтеруде кітапханада мәнерлеп оқу жарыстары, театрландырылған көрініс қою секілді түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылады.

Мектепте міндетті оқу қоры есебінен ыстық тамақпен 84 оқушы қам-тылған. Оның ішінде 56-сы 1-4 сыныпта оқиды. Жалпы, 140 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Оқушылардың әлеуметтік жағдайы мектептің басты назарында. Мәселен балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында биыл мектепте міндетті оқу қоры есебінен Жалағаш кенті «Ақтерек» лагеріне 17 оқушыға жолдама берілген. Сондай-ақ Алматы қаласындағы «Спутник» жазғы тынығу лагеріне 1 оқушы баратын болса, Жаңақорған ауданы «Талдысу» лагеріне 10 оқушыға «Балдихан» ЖШС басшысы Ғалымжан Балабатыров пен «Керейт» шаруа қожалығының басшысы Нұрбол Құндызбаев демалуға демеушілік жасады. 

Ұрпақ тәрбиелеуді өздеріне парыз еткен мектеп ұжымы әлі де талай бүлдіршіндерді біліммен қанаттандырып, биік белестерге жетелеуде жүйелі әрі еселі еңбек ететіні хақ.

Тағы да оқыңыз: