Kyzylorda-news.kz. Халық денсаулығының мықты болуы – медицина саласында еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында екені белгілі. Осы ретте, денсаулық саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысын бөленіп жүрген білікті дәрігер көп. Әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш–жігерін салатын әрі өмір мен өлім үстіндегі жанның өмірін арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын тұратын ақ халатты абзал жандардың қашанда мәртебесі биік.
Қызылорда қаласының 17 жасар тұрғыны Дінмұхаммед өз үйінің ауласында жұмыс істеп жүріп абайсызда тоққа түседі. Тұла-бойы жансызданып, қимылсыз жатқан ұлын көрген анасы жанұшырып айналасынан көмек сұрайды. Өлім мен өмірдің арпалысы сәтінде алғаш болып сол көшенің бойында тұратын дәрігер жігіт жетеді.
– Мен келгенде ол ес-түссіз жатыр екен. Күре тамыры арқылы жүрек соғысын тексердім. Жүрегі тоқтап қалған. Алайда менің міндетім – соңғы секундтарға дейін ажал аузындағы адамды аман алып қалуға әрекет жасау. Көз жасы көл болып жылап жүрген анасының да бар үміті менде. Алғашқы медициналық көмекті жүрегіне массаж жасаудан бастадым. Үйренген әдіспен бірнеше рет қайталадым. Бірақ ол да нәтиже бермеді. Сол кезде «Жедел жәрдем» де жетіп, іске кірісті. Өзім реаниматолог дәрігер болған соң жедел жәрдем тобының жұмысына жетекшілік жасадым. Әрбір секунд қымбат, әрбір қимылымыз аса маңызды. Сындарлы сәт басталды. Дефирбриллятор алдырдым. Фельдшер көк тамырдан катетер салды. Мейірбике адреналин екті. Тұмылдырық арқылы өкпесіне жасанды ауа беріп, жүрек тұсына жасалатын массажды да жалғастырып жатырмыз. Электротітіркентіргішті іске қосып, кеуде тұсына тоқ бердік. Сәлден соң алақаныма жүрек соғысы білінді. Бірақ өте баяу. Десе де, сөніп бара жатқан үміт сәулесі жылт етті. Жас ғұмыр қайта жалғасты. Сол кезде менің де жанарымнан жас ытқып кетті, – дейді облыстық көпбейінді ауруханасының дәрігер-реаниматологы Алмат Қаппарұлы.
«Жедел жәрдем» қызметкерлері жасөспірімді Қызылорда қалалық ауруханасына жеткізеді. Жансақтау бөліміне ауыр хәлде түскен Дінмұхаммед бес күн терең комада жатыпты. Алайда Алланың алқауымен, ақ желеңді абзал жандардың көмегімен және анасының тілегімен өзіне келіп, есін жияды. Екі аптадан соң толық сауығып, отбасына оралады.
– Жазым аяқ астынан екен. Оқиға орын алғанда үйде едім. «Мама» деген оқыс дауыстан жүгіріп шықсам, балам жерде жатыр. Денесінде жан жоқ. Ұлымнан айырылып қалдым деп ойладым. Жандәрменмен көршілеріме жүгірдім. «Жедел жәрдем» келгенге дейін көшеміздің бойында тұратын Алмат есімді азамат келіп алғашқы көмек көрсетті. Өзі дәрігер екен. Шұғыл жасалуы тиіс медициналық көмектің барлығын жасады. Баламның тоқтап қалған жүрегі қайта соққанда мен де өмірге қайта келгендей болдым. Балам өліп-тірілді. Шүкір, алдымен Алла, екінші дәрігерлер ұлыма жаңа өмір сыйлады. Дәрігер Алмат Қаппарұлына және «Жедел жәрдем» қызметкерлеріне, емдеген барша мейірімді жандарға алғысымыз шексіз. Қазір Дінмұхаммедтің денсаулығы қалыпты. Сабағына барып жүр. Қызылорда педагогикалық колледжінің 2 курс студенті, – дейді Лаура Ахметова.
Расында, біз басымыз ауырып, бал¬ырымыз сыздамаса дәрігердің еңбегі жайында жақ ашпаймыз ғой. Тіпті жай күндері сол ақ халат киген жандарға деген көзқарасымызды да қолдан қисайтып жүреміз. Ал науқастана қалсаң бірінші солардың көмегіне жүгінесің.Алмат Қаппарұлы білімді, білікті, өз ісіне әбден машықтанған тәжірибелі кәсіби маман. Оны науқастанған жандардың жаудырған алғысы мен ұжымының құрметінен-ақ білуге болады.
Өз мамандығына адал Алмат қызмет барысында бұған дейін осындай бірнеше оқиғаны басынан өткізіпті. Бірақ мен оны өзінен емес, дәрігердің шарапатын көрген жандардан естідім. Әйтпесе, Алмат Қаппарұлына тоқ соққан бала жайында білмек болып хабарласқанымда «Аға, көңіліңізге рахмет! Жазбай-ақ қойыңыз. Ешқандай ерлік көрсеткенім жоқ, ол менің дәрігерлік міндетім ғой. Менің орнымда басқа дәрігер болса да солай жасар еді», – деп қысқа қайырды. Бірақ мен мазалап қоймадым. Бір оқиғаны тыңдаған соң, қарсылығына қарамай екіншісін де қолқалап айтқыздым.Осыдан бірнеше жыл бұрын Алмат Қаппарұлын ауыр науқас келе жатқанын айтып, облыстық аурухананың қабылдау бөліміне шұғыл шақыртады. Барады. Жүрек талмасымен жас қызды әкеліп тұр екен. Алайда дәрігерлер науқастың «Жедел жәрдем» көлігінде жатқанын айтады.
– Түкке түсінбей, жүгіріп далаға шықтым. Дәрі-дәрмектер шашылып, аппараттар жайрап қалған. Арнайы бригаданың ауруханаға жеткенше барын салып жанталаса жұмыс істегені көрініп тұр. Бірақ, науқастың жүрегі тоқтап қалған. Ішке кіргізбей тұрғаны да сол екен. Қыздың тамырын басып, жүрек соғысын тыңдадым. Тіршілік белгісі жоқ. Көз жанары жартылай ашық қалған. Сұлқ жатыр. Үміт сөнбеуі тиіс қой. Кеудесіне массаж жасадым. Сәлден соң жүрегінде білінер-білінбес жыбыр пайда бол-ды. Дереу жансақтау бөліміне апарып, тиісті аппараттарды қостық. Жанталас қайта жалғасты. Бірнеше сағаттан соң науқас есін жиды. Өзіне келген соң коронарография жасалып, бітелген қан тамырларын ашты. Қазірде сол қыз дін аман, өмір сүріп жатыр, – дейді дәрігер.
Иә, Алмат Қаппарұлы өзі айтқандай, мамандығының шеңберінде жұмыс істеп, науқас жандарға көмек көрсетті. Дәрігерлік міндеті де сол. Алайда мейірімге шөлдеп тұрған қазіргі қоғамда адамдар бір-біріне өмір тұрмақ, көңіл сыйлай алмай жүр ғой. Сондықтан антына адал кейіпкеріміздің адами болмысына қандай мақтау айтсақ та жарасады, қандай құрмет көрсетсек те әбден лайық.