Kyzylorda-news.kz. Елімізге танымал зерттеуші ғалым, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Тынышбек Дайрабайдың 80 жылдығына орай Жалағаш ауданына Жаңаталап ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Сырдың ұлы перзенті» атты өмірі мен шығармашылығына арналған аймақтық байқау өтті.
Қазақ әдебиетіне, мәдениетіне, жалпы руханиятқа деген құштарлығы Сыр өңірінде ғұмыр кешкен ақын-жыраулар, батырлар мен би-шешендер, ел бастаған көсемдер мен көрнекті тұлғалардың өмірі мен шығармашылық жолына деген қызығушылықтың әсерімен Тынышбек ағамыз журналистік қызметін зерттеушілікке ұластырды. Осылайша өлкетану оның шығарма-шылығының бір бағыты іспетті қоғамдық қызметіне айналды. «Тоғанас батыр», «Сырдың сырлы сыры», «Сыр перзенттері», «Темірбек Жүргенов», «Қорқыт ата» энциклопедиясы, «Билер сөзі киелі», «Сыр елінің ескерткіштері», «Кете Шөмекей» және басқа да зерттеу еңбектері – қаламгердің тынымсыз еңбегінің жемісі.
Шара барысында тынымсыз ізденіс, еңбексүйгіштік қасиеттерімен көпке үлгі болған Тынышбек ағамыздың өмірі мен шығармашылығынан жас жеткіншектерімізге көптеген мағлұмат берілді. Байқауға аймақтағы бірнеше білім ошағынан 6-7 сынып оқушылары қатысып, өзара бақ сынады. Олар қайраткердің өмір жолына тоқталып, өздері шығарған арнауларын мәнерлеп оқыды.
Әділқазылардың шешімімен І орынды Ә.Оңалбаев атындағы №117 орта мектептің 6 сынып оқушысы Дамир Амандық жеңіп алды. Ал ІІ орынды І.Қабылов атындағы №32 орта мектептің 7 сынып оқушысы Нұрислам Қонысбай мен №119 орта мектептің 6 сынып оқушысы Томирис Муса өзара бөлісті. Шалғайдағы Аққыр ауылында орналасқан №188 орта мектептің 7 сынып оқушысы Қарақат Әбдір мен №122 орта мектептің 6 сынып оқушысы Ақнұр Тұрақбай үздік үштікті түйіндеді. Шара соңында белсене қатысқан оқырмандар арнайы алғыс хатпен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Тынышбек Дайрабай 1943 жылы 12 ақпанда Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Мұнда «Бекбергеннің бес баласы» деген сөз кең тараған. Сол бес ағайынды кісінің қай-қайсысы да өнерге жақын, сөзге шешен, шежіреге аса жетік, беделді кісілер болған. Әке сөзін жаттап, ізіне ерген Тынышбек Майлыбайұлы да өнерге құштар болған. Кеңес дәуірінде кино маңызды өнер саналған. Соның әсері болса керек, бозбала жігіт өзінің еңбек жолын ауыл клубында киномеханик болудан бастаған. Негізгі арманы журналист болу екен. Соның жетегімен КазҰУ-дың Журналистика факультетіне оқуға түседі. Еңбек жолын Тереңөзек аудандық «Еңбек туы» газетінде бөлім меңгерушісі болып бастайды. Кейін сауатты, тілге жүйрік, іске икемді азамат билікке де араласып, біршама жыл Тереңөзек аудандық атқару комитеті төрағасы қызметіне жоғарылап, әлеуметтік саланың дамуына еңбек сіңіреді. Жоғары партия мектебін бітіріп, шаруашылықта істеуді жөн көріп, партком хатшысы атанады. Кеңес жұмысына да араласады. Соның нәтижесінде аудан әкімінің орынбасары қызметін де абыроймен атқарды. Мамандығы журналист болғандықтан «Еңбек туына» редактор болып қайта оралады.
Тынышбек Дайрабайдың Алматы қаласына қоныс аударғанына да көп жылдың жүзі болды. Ол Халықаралық «Түркістан» газетінде бөлім меңгерушісі болып, жемісті еңбек етті. Түрлі тақырыпқа, оның ішінде рухани құндылық мәселелеріне үзбей қалам тартқан. Осы ұжымда еңбек ете жүріп, «Құрмет» орденінің иегері атанды. Зерттеушінің ел тарихын, оның ішінде Сыр өңірінен шыққан ахун, жыраулардың, би-шешендердің бай мұраларын насихаттап, жарыққа шығару жолындағы қажырлы еңбегі еленді.
Тынышбек Майлыбайұлының бүгінге дейін 30-ға тарта тарих және ақын-жыраулар жайлы кітабы жарық көрген. Кезінде олардың бәрі де оқырман тарапынан лайықты бағасын алды. Ол «Сыр елі» энциклопедиясын шығарушылардың бірі болды. Сол секілді «Сырдария» кітапханасы сериясымен шыққан көптомдық кітапты шығаруға да үлес қосты. Зерттеуші, қаламгер Тынышбек Дайрабай 80 жылдық өмір жолында бір институттың жұмысын атқарған қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. 1998 жылы Темірбек Қараұлы Жүргеновтың 100 жылдық мерейтойын өткізуге бастамашы болды. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының және Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Құрметті про¬фессоры», Әлеуметтік ғылымдар академиясының «Құрметті академигі» Тынышбек Дайрабай – өзінің қажырлы еңбегі, маңдай тері арқылы міне, осындай жоғары дәрежелі атақтарға ие болған тұлға.
Иә, рухани жан дүниесі бай адам ешқашан тоқырау, шаршау дегенді білмейді. Ізденген үстіне іздене түскенді жақсы көреді. Осынысымен ол бүгінгі жас ұрпаққа өнегелі жол, ғибратты үлгі көрсетіп жүр. «Ауылда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген аталы сөзге адал бір адам болса, ол – Тынышбек ағамыз.
Қазақ елінің, кең байтақ жерінің тарихы тым тереңде жатыр. Оның әлі ашылмаған тұстары да көп болуы мүмкін. Бұл бәрінен бұрын халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері – ақын, жырау, би, шешен, тағы басқа да өнер адамдарының асыл мұраларының зерттеліп зерделенуіне де аса қатысты екені даусыз. Бұл ретте ертеден осы саланың жоғын тауып, барын мәзір етіп жүрген өлкетанушы, этнограф, зерттеуші ғалымдарға үлкен салмақты жүк, айрықша сенім артылып келгені белгілі. Ұзақ жылдардан бері көптеген ізденісті жұмыстарды тындырған тұлғаның бірі де бірегейі – Тынышбек Дайрабай ағамыз.