Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев «Алтын күз – 2026» аудан спортшыларының 39-шы спартакиадасында аудан намысын абыроймен қорғаған спортшыларды қабылдады.
Кездесу барысында аудан әкімі спортшылардың жетістіктеріне тоқталып, олардың жеңісіне үлес қосқан жаттықтырушылардың еңбегін атап өтті.
– Мемлекет басшысы «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спортты дамытудың маңызы айрықша» деп атап өткен болатын. Өздеріңізге белгілі, 9-13 қазан аралығында Жалағаш ауданында «Алтын күз-2026» аудан спортшыларының 39 – шы спартакиадасы өткен болатын. Бес күнге созылған ауқымды спорттық додаға ауданымыздан спорттың 16 түрі бойынша 170-ке жуық спортшы қатысып, аудан намысын абыроймен қорғады. Нәтижесінде аудан спортшылары 5 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте II орынға ие болды. Бүгінде аудан спортшыларының қоржынында Қазақстан Республикасы чемпионаттарынан – 56, Азия чемпионаттарынан – 3, әлем чемпионатынан – 1 жоғары нәтиже бар. Биыл мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық спартакиадада аудан спортшылары жүлделі 2-ші орынды жеңіп алды. Мұндай жетістіктер жаттықтырушылардың қажырлы еңбегі мен спортшылардың табысты өнер көрсетуінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан біз әрдайым жаттықтырушылар мен спортшылардың еңбегін жоғары бағалаймыз. Бүгінгі жеңіспен Өздеріңізді тағы да құттықтаймын, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сонымен қатар, аудан спортының дамуына үлес қосқан бірқатар спортшыларға аудан әкімінің "Алғыс хаты" табысталды.
Кездесу соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, сала ардагері Мектепхан Елеусінов, «Алтын күз-2026» спартакидасында президенттік көпсайыстан 2 орын иегері Мұрат Бөдеев сөз сөйлеп, спортшыларды жеңістерімен құттықтады.

