Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте жас зерттеушілер әдебиет пен жасанды интеллектіні ұштастырған жобаларын таныстырып, республикалық олимпиадада топ жарған жетістіктерімен бөлісті.
Баспасөз конференциясында алғашқы болып сөз алған Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ұлбосын Амангелді қазіргі қазақ прозасындағы тарихи тұлғалардың бейнелену ерекшеліктеріне тоқталды.
«Біздің зерттеуіміз І.Есенберлиннің “Қаһар” романындағы тарихи Кенесары хан мен Ғ. Бекахметовтің “Барсакелмес” шығармасындағы заманауи жасанды интеллект арқылы клондалған кейіпкерін салыстыруға бағытталды. XIX ғасырдағы жер мен ел тұтастығын қорғау идеясы XXI ғасырда табиғатты сақтау және цифрлық даму мәселелерімен ұштасып жатыр. Зерттеу нәтижесін оқушыларға қызықты ету үшін “Тұлғаны таны” веб-платформасы мен “Han Battle” интеллектуалдық ойынын әзірледік», – деді Ұлбосын Амангелді.
Цифрлық технологиялар мен әлеуметтік маңызы бар жобалар бағытын жалғастырған «Qoldau AI» әлеуметтік-технологиялық жобасының авторы Ғайнижамал Берікқызы есту қабілеті бұзылған жандарға арналған жаңа платформаны таныстырды.
«Біз әзірлеген веб-платформа қазақ ым тіліндегі ишараттарды нақты уақыт режимінде танып, мәтінге аударуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологияларының көмегімен қоғамдағы екіжақты коммуникациялық кедергілерді жойып, баршаға тең жағдай қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз», – деді Ғайнижамал Берікқызы.
Сондай-ақ балалардың тілдік дағдыларын дамытуға үлес қосып жүрген жас зерттеуші Аделина Финансова өз жобасының ерекшеліктеріне тоқталды.
«Біз ата-аналарға балалардың сөйлеу мәнерін үйде бағалауға көмектесетін “Qadam Speech AI” веб-қосымшасын жасадық. Жүйе арнайы фонемдік модельдер арқылы дыбыстарды салыстырып, мүмкін болатын қателіктерді анықтауға және балалармен үйде жүйелі түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деді Аделина Финансова.
Ал білім мен ғылым жолында топ жарған жетістіктері туралы XIX Президенттік олимпиаданың алтын медаль иегері Нұрбақыт Сағилатова баяндап берді.
«Астана қаласында өткен республикалық Президенттік олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен 188 үздік оқушы қатысып, жаратылыстану-математикалық бағыттар бойынша бақ сынадық. Осындай беделді бәсекеде топ жарып, алтын медаль иеленуім – ұстаздарымның берген сапалы білімі мен ерен еңбегінің нәтижесі», – деді Нұрбақыт Сағилатова.
Сыр өңірінің жас зерттеушілері мен оқушылары өздерінің ғылыми ізденістері мен креативті жобалары арқылы ел болашағына тың серпін беріп келеді. Дарынды жастардың білім мен технология саласындағы жетістіктері өңірдің абыройын асқақтатып, жаңа белестерді бағындыруға жол ашады.
