Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында биыл әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова айтты.
«Қызылорда облысында өндірістің өсуі ауыл шаруашылығы саласында да байқалады. Соңғы 5 жылда жалпы өңірлік өнімдегі агросектордың үлесі 4%-ға дейін өсті.Бұл инвестициялардың өсім қарқыны мен жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты. Мысалы, 2019 жылы агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына 6,7 млрд.теңге инвестицияланса, тек 9 айда көрсеткіш 8 млрд теңгеден асты. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты шамамен 12%-ға өсті, оның ішінде 98%-қайта өңделген өнім. Алғаш рет Ресейге мұздатылған көкөніспен жаңа піскен қызанақ жеткізуді бастадық, Германияға алғашқы 420 тонна қамыс жіберілді. Жалпы, биыл әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталды», – деді Г.Әбдіқалықова.