Kyzylorda-news.kz. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Уәлихан Бишімбаевпен кездесіп, қайраткерді 75 жас мерейтойымен құттықтады. Кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Мақсұт Нәлібаев, сондай-ақ, мерейтой иесінің жұбайы Алмира Нұрлыбекова, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Каримова және облыстық мәслихат депутаты Қылышбай Бисенов қатысты.
Аймақ басшысы Уәлихан Қозыкеұлының ел Тәуелсіздігін нығайтуға, отандық білім мен ғылымының дамуына қосқан ерекше еңбегін атап өтіп, зор денсаулық және шығармашылық табыс тіледі.
«Сіздің тәжірибеңіз, ақыл-кеңесіңіз жастар үшін қашанда аса қымбат. Білімдарлық, жоғары талапшылдық пен еңбексүйгіштік сынды асыл қасиеттеріңіздің арқасында Ұлттық ғылым академиясының академигі атанып, Мемлекеттік сыйлық иегері болдыңыз. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде көптеген өзекті мәселелерді көтердіңіз.
Облысымызда Сіздің бастамаңызбен Жамбыл гидромелиоративтік–құрылыс институтының Қызылорда филиалының негізі қаланды.
Бүгінде осы оқу орнын еліміздің көптеген жастары бітіріп, түлектер түрлі салада табысты еңбек етуде. Бұның бастауында Өзіңіз тұрсыз», – деді облыс әкімі.
Басқосуда білім мен ғылымына сіңірген еңбегі үшін академикке Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы табысталды.
Сондай-ақ, Уәлихан Қозыкеұлы мен оның жұбайы Алмира Балтабайқызына ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, облыстық мәслихаттың депутаты Қылышбай Бисенов және облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов ізгі тілектерін білдірді.
Кездесу соңында мерейтой иесі облыс әкіміне және әріптестеріне көрсеткен құрмет үшін алғысын білдіріп, Сыр өңірінде еңбек еткен жылдары туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ, бүгін Қызылордада Уәлихан Бишімбаевтің құрметіне ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылып, академик атындағы дәрісхана ашылмақ.
Айта кетейік, Қызылорда облысында Уәлихан Бишімбаевтің бастамасымен ашылған Жамбыл гидромелиоративтік–құрылыс институтының Қызылорда филиалының түлектері бүгінгі күні түрлі салада табысты еңбек етуде.
Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаев (27.10.1946 ж. туылған, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылы) – ғалым, техника ғылымының докторы (1991), профессор (1992), ҚР ҒА-ның академигі (1992), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері. 500-ден аса ғылыми еңбектің, оның ішінде 13 монография, оқулықтар, оқу құралдары, 29 өнертабыс пен патенттің авторы. «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағын алған, ҚР білім, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері. 2009 жылы ІҮ шақырылған Қызылорда қаласының мәслихатының шешімі, Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысымен Бишімбаев Уәлихан Қозыкеұлына «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.