Kyzylorda-news.kz. Күн ысып, аптап кіргеннен кәрі - жас дария жағалап, өзен-көлге суға түсуге құштар. Су – мәңгілік қуаттың қайнары, жанның рахаты. Десек те, сақтық шараларын қолданбаған жағдайда қайғылы оқиғалар болып жатады. Суға түсу кезінде қауіпсіздік ережелері туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Берікбай Омаровпен сұхбаттасқан едік.
– Берік Әбдімәжитұлы, су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан қандай шаралар атқарылуда?
– Әрине, суда қауіпсіздік ережелерін орындамаудың соңы орны толмас өкінішке әкеліп соғады. Осындай келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін суға шомылу ережесін қатаң сақтаған жөн. Жаңақорған ауданы бойынша барлық су айдындарында азаматтардың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде суға шомылу маусымында судағы адам қазасының орын алу жағдайлары азаймай отыр.
2023 жылы аудан аумағындағы су айдындарында 2 жағдай тіркеліп, 2 адам қаза болды. Оның бірі Сырдария өзеніне суға түсу кезінде қаза болса, бірі Р-23 каналына суға түскен. Сонымен қатар, Сырдария өзенінде балық аулау кезінде жардан суға құлап 1 адам қаза тапты. Соңғы 5 жылда аудан көлемінде 21 адам суға шомылу салдарынан қаза болған. Суда қаза болудың негізгі себеп – судағы қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу болып табылады. Атап айтсам, өзен немесе каналдардың әрі зерттелмеген ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар жерлеріне суға шомылуға болмайды. Көп жағдайда қарапайым қағидаларды ескермей жатамыз.
Балалардың ата-аналарының бақылауынсыз су жағалауларына барып суға шомылуы және олардың суда жүзе білмейтіндігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда.
Сонымен қатар жастардың жаз айларында демалыстарын өзен мен көлдердің жағасында ұйымдастыруы жиі кездесуде. Осындай демалыстар бақытсыз жағдайлармен аяқталып жатады.
Қайғылы жағдайлардың алдын алу барысында жергілікті атқарушы органдардан, аудандық полиция бөлімінен, жастар ресурстық орталығынан және еріктілерден қызметкерлер тарта отырып Жаңақорған ауданынан өтетін Сырдария өзенінің жағасы мен кент ішінде орналасқан көлдердің жағалауындағы суға шомылуға тыйым салынған орындар жөнінде күн сайын түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Суға шомылуға тиым салынған орындарда құқық бұзушылық анықталған жағдайда кінәлі азаматтарға Қазақстан Республикасының әкімішілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364, 440, 412 баптары бойынша әкімшілік шара көрілетінің ескертеміз.
– Суға түсу ережесін түсіндіру жұмыстары туралы не айтасыз? Алдын алу шаралары қалай жүзеге асуда?
– Кент және ауылдық округтердің орталық көшелері бойынша судағы төтенше жағдайлар мен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында билбордтар орнатылды. Су айдындарының жағасына суға түсуге тыйым салынғандағы жөнінде ескерту жазылған тақтайшалар орнатылды. Сондай-ақ, азаматтық қорғау Гарнизоны және АІІБ қызметкерлерімен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында күнделікті аудан көлемінде су айдындарында арнайы рейдттер ұйымдастырылуда. Рейд жұмыстары барысында тыйым салынған жерлерге суға түскені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364 бабының 1 бөлігімен 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 4 жасөспірім ата-анасы балалардың бос уақытында бақылау жасамағандығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осындай шаралар атқарылып жатқанына қарамастан суға түсушілер саны азаяр емес.
Сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстары барысында азаматтарға арнайы дайындалған «Балаларға арналған судағы қауіпсіздік ережелері» мен «Тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздік ережелері» тақырыбында үн парақтар таратылуда.
Су – адам үшін қауіпті апат. Тіпті ағып жатқан тынық судың өзі қауіпсіз сияқты көрінгенімен, оның да өзіндік қауіптілігі бар. Әдетте, жүзе алмайтын балалар белден жоғары келетін, судың терең жеріне бара бермейді, сондықтан суда жүзе алмайтын емес, өзін жақсы жүзе аламын деп санайтын балалар судағы қайғылы жағдайларға ұшырап жатады. Қазіргі таңда Жаңақорған ауданында 40 дана «Суға түсуге болмайды» деген талап тақтайшалары мен 27 дана «Рұқсат етілмеген жерде шомылмаңыздар» тақырыбында билбордттар ілінген.
Ауданның елді-мекендеріне арнайы әзірленген «Суға түсу маусымындағы қауіпсіздік» тақырыбында билборд орнатылды. «Суға түсуге болмайды», «Су – тілсіз жау» ескертпесі жазылған 29 дана тақтайша дайындалып, ауылдық округтерге таратылды. Аудандық басылым арқылы тұрғындар арасында насихат жұмыстары жүргізілді. «Байқаңыз, су – тілсіз жау», «Су айдынындағы қуіпсіздік» атты мақалалар жарияланды. Әлеуметтік желілер «facebook», «Instagram» парақшаларына да мақала, бейнероликтер жарияланды.
– Судағы қауіпсіздік ережесін елемеу адам өміріне қауіп әкеледі. Дегенмен азаматтар қандай ереже мен қағиданы білгендері жөн?
– Ең алдымен адамдар белгіленбеген орындарда шомылуға болмайтынын есте сақтаулары тиіс. Суға тек рұқсат етілген орындарда, жағажайларда шомылу керек. Суға түсетін жердің, су тазалығы, тереңдігі де өте маңызды. Мұны тексерген жөн. Жаз мезгілінде өзен, көлдердің жағасында уақыт өткізген жақсы. Жағажайда демалып қана қоймай, денсаулықты да нығайтуға болады. Суға шомылу, күннің көзіне қыздырыну адамды сергек етеді және жұмысқа қабілетіңді арттырады. Алайда суға шомылу кезінде қарапайым ережелерді сақтамасақ бақытсыз жағдайларға тап болуымыз мүмкін. Суға түсу кезінде көбінесе балалар, ішімдік ішкен адамдар ғана емес, денсаулығы мықты жүзу білетін адамдар да қайғылы жағдайға тап болады. Ал мұндай жағдайда дер кезінде, тез және дұрыс шешім қабылдай білу керек.
Тамаққа тойып алып шомылу денсаулыққа зиян және ұзақ шомылуға болмайды. Әркім өзін шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеуі қажет.
Суға түскенде бір-бірін және балаларды көзден таса қылмау керек. Сондай-ақ қоршау белгілерінен асып кетпеген абзал. Техникалық ескерту белгілерінің және басқа құралдардың үстіне шығуға қатаң тыйым салынады.
Судағы төтенше жағдайдан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережесі мен қауіпсіздік шарасын қатаң сақтау. Әрине, ауа температурасы 35-37 градустан жоғары болғанда адам өзен жағасында шомылмауы мүмкін емес, бірақ аз ғана шомылып салқындап аламын деп ойлап, жағажайдағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұмытып кетіп жатады. Суда болған төтенше жағдайда адамның әрбір минуты қымбат. Егер сіз жақсы дайындықта болып, құтқарушының тәсілдерін, өз-өзіңізді құтқаруды, барлық қауіпсіздік ережелерін білсеңіз, онда өзіңіз тез әрі нақты шешім қабылдай аласыз.
– Үгіт-насихат жұмыстарына тоқталсаңыз...
– Жылдың әр маусымында бөлім қызметкерлері тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Суға түсу маусымы басталғалы бері күнделікті тұрғын үйлерді аралау басталды. Осы күнге дейін кент бойынша қөп қабатты 21 үйдің және 3 қабатты 2 үйдің ауласында 3 мәрте, еріктілердің қатысуымен 1 мәрте түсіндіру жүргізілді. Іс-шара барысында 45 адамға үнпарақшалар таратылып, 51 үнпарақ үйдің подъездеріне жапсырылды. Мұның барлығы әлеуметтік желі парақшаларында жарияланды.
– Денсаулығында кінәраты бар адамдар суға түсуге бола ма?
– Жүрек ауруымен ауыратын адамдарға суға түсуге болмайды. Өйткені суға түсу кезінде қосымша қорқыныштар пайда болады. Қатты толқын кезінде үлкендердің қарауынсыз балаларды суға шомылуға жібермеу керек. Салқын суда ұзақ болу денені салқындатады. Қауіпті жағдай туралы хабар естігенде сақ болу керек. Дәрігердің шешімінсіз су астына сүңгуге болмайды.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Әсел РЗАЕВА