Kyzylorda-news.kz Әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінде жаз мезгілі аптап ыстық болады. Сондықтан болар, тұрғындар табиғат аясында демалып, су айдындарында шомылып, уақыт өткізгенді жөн көреді. Десе де азаматтар суға шомылу сәтінде қауіпсіздік ережелерін сақтамай, оқыс оқиғаға жиі тап болуда. Жаңалықтарға құлақ түріп, көз жүгіртсек, жыл сайын жүздеген адам суға кетіп жатыр. Статистикаға мән берсек, суға кету факторлары еліміздің оңтүстік өңірлерінде, яғни Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жиі тіркелген. Неліктен? Тарқатайық…

20 күнде 27 адам суға кеткен

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, елімізде жыл басынан бері 45 адам, ал 1 маусымнан бері 27 адам суға кеткен. Министрліктің халықты қорғау бойынша қабылдаған шараларының нәтижесінде 2020 жылдан бері суға батып қаза тапқандар саны 437-ден 227-ге азайған. 

Қазіргі таңда су айдындарында 42 құтқару бекеті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Келер жылы «Шалқар», «Имантау» көлдерінің бойында және Қосшы қаласында 3 модульдік стансаның құрылысы аяқталады. Бірақ ірі су айдындарында 15 станса жеткіліксіз. Сол себепті қосымша ретінде министрлік жазғы кезеңде қайықтармен және құтқару құралдарымен жабдықталған мобильді посттар қоюда. Олар су айдындарына кезекшілік атқарып, патруль жүргізу жұмыстарын жүзеге асырады. Осы жұмыстардың нәтижесінде министрліктің құтқарушылары жыл басынан бері 76 адамды, суға шомылу маусымы басталғалы 24 адамды құтқарған.

Сала министрі Шыңғыс Әріновтың Үкімет отырысында келтірген мәліметіне сүйенсек, құтқару бөлімшелерін жабдықтауға қатысты проблемалар бар. Қолда бар қайықтардың көбі жарамсыз күйде қалған. Алайда осы олқылықтарды жою мақсатында қазіргі уақытта заманауи катерлер, жүзу құралдары және дрондар жоспарлы түрде сатып алынуда. Жұмыстың тиімділігін арттыру үшін жағдайды нақты уақыт режимінде қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды қабылдау да маңызды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жаңа технологиялардың арқасында құрбан болғандар саны 6 пайызға қысқарған. Бүгінде еліміз бойынша осындай 708 орын жабдықталған, жағажайлардың орналасқан жері туралы деректер 2GIS платформасында орналастырылған. 

3 мыңға жуық адам жауапқа тартылған

Арнайы мониторингтік топтар суға шығатын қала сыртындағы 31 лагерді және өз бассейндерімен жабдықталған 127 демалыс базасын тексерген. Сондай-ақ су айдындарының жағалауларында спирттік ішімдіктер тұтыну фактілерінің жолын кесу жөніндегі профилактикалық іс-шаралар шеңберінде акваторияларға патруль жүргізілуде. Жыл басынан бері 26 мыңнан астам рейд ұйымдастырылып, 3 мыңға жуық құқық бұзушы жауапқа тартылған.

20 бала қаза тапқан

Көңілге күйбең түсіретіні, жыл сайын елдегі су айдындарында 200-300-ге жуық суға кететіндердің 100-ге жуығы балалар болып отыр. Нақтырақ айтсақ, суға шомылу маусымы басталғалы 20 бала қаза тапқан. Оқыс оқиғалардың 95 пайызы суға шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алса, ал үштен бірінде ата-аналар балаларды қараусыз қалдырған. Әрине, балалар құр сөзбен тыйым салып, ауызша ескерту жасағанды түсіне қоймайды. Сондықтан барлық өңірлерде тиісті мемлекеттік органдар мен әкімдіктер өкілдерінің бірлескен мониторингтік топтары құрылған. 

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мониторинг топтар су қоймаларының жанында орналасқан қала сыртындағы 31 лагер мен 127 бассейнді қауіпсіздік тұрғысынан зерделеп, санитарлық бақылауды күшейткен. Жазғы демалысты ұйымдастырушыларға арналған балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбында республикалық 3 семинар-кеңес өткізілген. Қауіпсіздік нұсқаулықтары, оның ішінде суға түсудегі қауіпсіздік дағдылары қамтылған «Сенің қуанышқа толы жазғы демалысың» атты guidebook мектеп оқушыларына таратылған. Бұдан бөлек биыл осы тақырыпта сыныптан тыс 1 852 интерактивті ашық сабақ және 1 162 оқу-жаттығу өткізілген. Бүгінде білім беру ұйымдарында 10 476 қауіпсіздік бұрышы орнатылса, 2 800 «Жас құтқарушы» үйірмелері жұмыс істейді. 

Сонымен қатар мемлекеттік жалпы білім берудің міндетті стандарттары аясында балабақшаларда ойын, практикалық сабақтар өткізу, анимациялық роликтер көрсету арқылы судағы қауіпсіздік сабақтары өтсе, мектептерде 4 пән мазмұнында жалпы 38 сабақ қауіпсіздік тақырыбына арналған. Мұнан бөлек биылғы оқу жылында мектептерде судағы қауіпсіздік тақырыбында 2327 сынып сағаты ұйымдастырылған. Ал жаңа оқу жылынан бастап барлық мектепте 1-11 сынып оқушыларына сынып сағаттары аясында апта сайынғы қауіпсіздік сабақтары енгізіледі. 

857 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған

Елімізде демалушылардың ақауы бар кемелерге мініп, аяғы қайғылы оқиғамен аяқталатын жағдайлар аз емес. Көлік министрлігінің айтуынша, жаппай демалыс орындарында шағын көлемді кемелерді пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі көлік инспекциясының дайындығы биылғы маусымға сақадай сай. Елімізде 5 мыңнан астам өзен, көл және шағын көлемді кемелер пайдаланылатын өзге де су айдыны бар. Шағын көлемді кемелердің жалпы саны 19 мыңды құрайды, олар ең көп тіркелген өңірлер Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары, Алматы қаласы, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау және Қарағанды облыстары болып табылады. 

Осы орайда құзырлы органдармен өткен жылғы навигацияда шағын көлемді кемелерде 4 146 тексеру жүргізілсе, нәтижесінде 857 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Биыл 10 маусымдағы жағдай бойынша 311 шағын көлемді кеме тексеріліп, 98 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Алдағы уақытта болжам бойынша кем дегенде 4300 тексеру жүргізу жоспарлануда.

Сыр елінде 8 оқиға тіркелген

Жаздың бірінші күні Қызылорда қаласы маңындағы «Ягодка» саяжайындағы Сырдария өзенінде шомылып жүрген 2008 және 2009 жылғы екі бала суға кеткен. Оқиға орнына Жедел құтқару жасағы жұмылдырылып, құтқарушылар суасты іздестіру жұмыстарына кіріскен. Олар жағадан 30 метр қашықтан сағат 19:30 шамасында 3 метр тереңдіктен 2009 жылғы жасөспірімнің денесін тапты. Араға 5 минут салып, 35 метр қашықтағы 3 метр су астынан 2008 жылғы тағы бір баланың мәйіті сыртқа шығарылды. 

Айта кетейік, қаза тапқан екі жасөспірім де – Қызылорда қаласындағы Н.Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы. Жалпы жыл басынан бері аймақта 8 оқиға тіркелген.

Жалағаш ауданындағы ахуал қалай?

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, оқыс оқиға көбінесе мектеп жасындағы оқушылар мен спирттік ішімдік ішкен азаматтардың қарапайым ереже талаптарын сақтамауынан болады. Сонымен қатар ауданда суға түсуге белгіленген арнайы жағажайлардың болмауы, суда құтқару стансасының жоқтығы кері әсерін тигізуде. Өкініштісі, былтыр су айдындарында 3 азамат оқыс оқиғаға тап болған, оның 2-еуі – балалар. Биыл суға кету факторы тіркелмеген. 

Маман кеңесіне бейжай қарамайық

Бүгінде жылда қайталанатын бұл мәселемен жергілікті билік «Жазғы суға шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында атқарылатын жұмыстарының іс-шара жоспарын» бекіткен. Осы орайда кезекшілік кестесі жасалып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, №11 ӨСБ-нің кезекшіліктен бос қызметкерлері, еріктілер, аудан әкімдігі, аудандық білім бөлімі, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірігіп, күнделікті сағат 14:00-ден 21:00-ге дейін дария бойындағы суға көп түсетін орындарында рейдтер ұйымдастырылып, нұсқаулықтар жүргізілуде. Сондай-ақ суға шомылуға тыйым салынған орындарға 45 тақтайша және адам көп жиналатын орындарда және елді мекендерде судағы қауіпсіздік тақырыбында 7 билборд орнатылған.

– Жаз мезгілі басталысымен біз аталған мәселе бойынша профилактикалық жұмыстарды барынша күшейтеміз. Әрине, оқыс оқиғалардың алдын алуға тек төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары жауапты деген теріс түсінік. Әр азамат табиғат аясына демалғанда, орман-тоғайларда серуендегенде сақтық шараларына бекем болғаны абзал. Осы орайда жазғы демалыста аудан аумағындағы барлық білім беру ұйымдары оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ата-аналарымен бірігіп, тиісті шараларды атқарудамыз. Аудандық полиция бөлімі су айдындарында патрульдеуді ұйымдастырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейткен. Сондай-ақ жабдықталмаған жерлерде суға шомылатын адамдарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіліп, тиісті талаптарға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылуда, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Еркін Назарқұлов.

Жалпы, мамандар оқыс жағдайдың алдын алу үшін ел азаматтарын уақытылы ақпараттандыруға назар салады. Атқарылған іс-шаралардың ақпараты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желісіне және аудан әкімдігінің парақшаларында 16 мақала орналастырылған. Сонымен қатар «Жалағаш жаршысы» газетіне «Бала бақылаусыз болмасын», «Балалардың қауіпсіздігін сақтайық!», «Қауіпсіздік қаперде болсын», «Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтайық», «Суда жүзу ережелері мен қауіпсіздік шаралары» тақырыптарында мақалалар жарияланған.

Ескертпе! Жақсы жүзе білу – суда қауіпсіз демалудың маңызды кепілі, бірақ есіңізде болсын, тіпті жақсы жүзуші де үнемі суда жүру ережелерін қатаң сақтау керек. Жағадан алыс жүзбеңіз, ескерту белгілері бар жерде емес, арнайы бөлінген және жабдықталған орындарда шомылыңыз. Суға абайлап, баяу кіріңіз, су беліңізге жеткенде тоқтаңыз, суға тез сүңгіп шығыңыз. Ешқашан жалғыз жүзуге болмайды, әсіресе егер сіз өз қабілеттеріңізге сенімді болмасаңыз, жалған апат сигналдарын бермеңіз.

 

Жандос ЖАЗКЕН

Тағы да оқыңыз: