Kyzylorda-news.kz Қазір жердің тоңы жібіп, шаруашылықтар көктемгі дала жұмыстарына қызу кірісті. Мамандар биыл да аяқ су мәселесі күрделенбесе, толық шешімін таппай отырғанын әлден мойындап отыр. Десе де соңғы жылдары шаруалар бұл мәселенің де шешімін тауып, мол әрі сапалы өнім алуда табысты еңбек етуде. Осы аяқ су мәселесіне мойымай жыл сайын саланы оң нәтижемен қорытындылап жүрген аудандардың қатарында Жалағаш ауданы да бар. Өткен жылды толағай табыспен қорытындылаған аудан диқандары биыл да мол астықтан үмітті. Сондықтан болар, олар көктемгі дала жұмыстарына көктем басталысымен кірісіп кетті. Былтыр аграрлық өңір салада қандай кедергілерге тап болды, биыл қандай өнімдерге басымдық беріледі, шаруашылықтардың техникалық базасы жарақты ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін Жалағаш аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Дәрібаевпен сұхбаттасқан едік...
– Алтынбек Тұрмағамбетұлы аграрлық өңір үшін өткен жыл қандай жаңалықтарымен есте қалды? Әңгімемізді осы сауалдың жауабымен бастасақ...
– Жалағаш ауданы бойынша 2023 жылы 37079 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Жалпы ауданда 195 құрылым егін шаруашылығымен айналысады. Былтыр егінді орналастыру, күтіп баптау жұмыстарының барысында су тапшылығы орын алды. Оны мойындауымыз керек. Егінді сумен қамтамасыз ету үшін аудан шаруашылықтары 45 дана су тартқыш насос қондырғыларын пайдаланды.
– Былтыр ауданға бөлінген су толықтай түсті ме? Шаруалар аяқ судан қиналып қалған жоқ па?
– 2023 жылы су алу науқанына жоспарланған барлық су көлемі 1040,15 млн текше метр болатын. Оның ішінде егінге пайдаланатыны 840,15 млн текше метр болып белгіленді. Ал экологиялық қажеттілікке 200,0 млн текше метр су бөлінетін болып межеленген. Бірақ ауданға келген нақты су көлемі 929,18 млн текше метр болды. Бұл ауданға түсуі тиіс су көлеміне қатысты жоспардың 89,3 пайызын құрайды. Оның ішінде 793,75 млн текше метр су егінге пайдаланылды. Бұл да негізгі жоспардың 94,5 пайызын құрайды. Экологиялық қажеттілікке 135,43 млн текше метр су бөлінді. Яғни жоспардың 67,7 пайызы келген.
– Жалағаш ауданында жалпы шаруашылықтардың техникалық базасы қалай? Былтыр егін жинау жұмыстарында техникадан қиналып қалған жоқ па?
– Былтыр егін жинау жұмыстарына 1 120 дана ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. Атап айтқанда, 275 комбайн, 498 трактор, 121 жатка, 58 жүк көлігі, 168 трактор тіркемесі бар. Аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Былтыр 659,1 млн теңгеге 20 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
– Жергілікті шаруашылықтар егін орналастыруда ротация тәртібін сақтап жатыр ма? Егер сақтамаған жағдайда оларға қандай шара қолданылады?
– Аудандағы суармалы жерде дақылдарды орналастыру тәртібіне тұрақты бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бақылау жұмыстарының барысында былтыр ауданда 1 346 гектар күріш дақылын артық егіп, ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 16 шаруашылық анықталып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Тарқатып айтсақ, олардың қатарында Бұқарбай батыр ауылынан «Мұқан», «Үміт», «Нұр-Әділ», «Ұзақ» шаруа қожалықтары бар. Олар 218 гектар межеден артық күріш еккен, Мырзабай ахун ауылдық округінен екі шаруашылық 332 гектар артық күріш еккен.
Былтыр Мәдениет ауылдық округінен «Жер-Ана», «Бірлік и К» шаруа қожалықтарының да 149 гектар межеден артық күріш еккені белгілі болды. Ал Ақсу ауылдық округінен «АВ-Агро Орда» ЖШС, «Ақбостай», «Ай-Тоғжан», «Мақсат», «Мақсұт», «Шәпет», «Талап» шаруа қожалықтары 647 гектар артық өнім еккен.
Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын аяқ су мәселесі шаруалар үшін үлкен мәселе болып отыр. Ал күріш суды көп қажет ететін негізгі дақыл екені айтпаса да түсінікті. Осы ретте біз суды аз қажет ететін дақылдарды көбейтіп, күріш көлемін қысқарту керек дейміз. Ал шаруашылықтар оны межеден арты егеді. Бұл қалыптасқан мәселенің күрделенуіне алып келеді.
– Былтыр жалағаштық шаруалар жанармайдан қиналып қалған жоқ па? Олар толықтай жеңілдетілген бағада жанармайға қол жеткізді ме?
– Былтыр күзгі егін жинау жұмыстарына GosAgro.kz порталы арқылы аудан шараушылықтары тарапынан 1949 тонна («РК Мұнай» ЖШС 959,6 тонна, «Жібек Жолы» ЖШС 989,4 тонна) жеңілдетілген дизель жанармайына өтінім берілген. Аудандағы 61 құрылым 1725 тонна (жоспардың 88,5 пайызы алынған) жеңілдетілген дизель жанармайын алды. Оның ішінде «РК Мұнай» ЖШС-дан 45 шаруашылық 915 тонна, «Жібек Жолы» ЖШС-дан 16 шаруашылық 810 тонна жанармай алды.
– Жалпы аудан диқандары өткен жылды табысты қорытындылай алды ма?
– Былтыр орын алған су тапшылығына қарамастан аудан шараушылықтары орналастырылған егінді уақытылы, толығымен жинап алды. Сонымен қатар, ауданда жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыруға 500 гектар жер дайындау жұмыстары жүргізіліп, дайындалған жерге 921 отбасы 217,3 гектар картоп, 63 гектар көкөніс, 219,7 гектар бақша дақылдарын орналастырған. Жеке тұрғындар тарапынан егілген картоп, көкөніс, бақша дақылдары уақытылы жиналып алынды. Күріштен және басқа да дақылдардан аудан диқандары су тапшылығы қарамастан мол астық алып, өткен жылды табысты қорытындылады.
– Енді биылғы межеге оралайық, Жалпы жалағаштықтар биыл қанша гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егеді?
– Жалағаш ауданы бойынша 2024 жылы бекітілген сызбасына сәйкес, 36 565 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Жалпы биыл 199 шаруашылық егін орналастыру жұмыстарын жүргізеді деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде күріш дақылын орналастыратын шаруашылықтар саны – 152.
– Сөз басында былтыр аяқсу мәселесі қат болғанын айттыңыз және биыл да мәселе күрделенбесе, жылдан-жылға шешімін таппай отырғанын да жасырмайсыз. Тағы бір сөзіңізде осы ретте суды аз қажет ететін дақылдарға басыптық беру керек дейсіз. Өздеріңіз осы бағытта қандай жұмыстар тындырдыңыздар?
– Ауданда орын алуы мүмкін су тапшылығын ескере отырып, күріш дақылының көлемі өткен жылдан 1300 гектар қысқартылып, тиісінше суды аз қажет ететін бидай 149 гектарға, қант құмайы 20 гектарға, мақсары 10 гектарға, жоңышқа дақылдарының көлемін625 гектарға арттыру жоспарлануда. Ауданда ақ егіс егу жұмыстары үстіміздегі жылдың 10 наурызынан басталды. Қазіргі таңда жоспарланған 530 гектар мақсарының 230 гектары (43,4пайыз), 4850 гектар жаңа жоңышқаның 2035 гектары (42,0 пайыз), 770 гектар жаздық бидайдың 470 гектары (61,0 пайыз) орналастырылды. Сондай-ақ 129 гектар күздік бидай дақылы күтімге алынды.
Шаруашылықтар тарапынан 2024 жылғы егін орналастыруға қажетті 4625 тонна күріш, 154 тонна бидай, 0,6 тонна сұлы, 13 тонна мақсары, 8 тонна арпа, 4 тонна соя, 18 тонна жүгері, 48 тонна жоңышқа тұқымдарын дайындау жұмыстары жүргізілуде. 4 625 тонна күріш тұқымының бүгінгі күні 4100 тоннасы (88,6 пайыз) тазартылды. Сондай-ақ, шаруашылықтар тарапынан егінді күтіп баптауға қажетті 10 400 тоннаминералдық тыңайтқыш, 22 000 литр гербицид дайындау жоспарланып, бүгінгі күнге 7029 тонна (67,6 пайыз) минералдық тыңайтқыш және 1950 литр (8,9 пайыз) гербицид алынды.
– Былтыр шаруалардың техникалық базасы жарақты болғанын айттыңыз, Биыл көктемгі науқанда олар техникадан қиналып жатқан жоқ па?
– 2024 жылы шаруашылықтар тарапынан 2 дана ауыл шаруашылығы техникасы 207 млн теңгеге сатып алынды. Көктемгі егісті орналастыру жұмыстарына аудан бойынша 955 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысады деп жоспарлануда. Оның ішінде 520 дана трактор, 115 дана соқа, 52 дана тұқым сепкіш, 100 дана автомашина, 168 дана трактор тіркемесі бар. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы техникалары егін орналастыру жұмыстарына толық дайын.
– Олардың жеңілдетілген бағамен жанармайға қол жеткізуінде биыл мәселе бар ма?
– Шаруашылықтар тарапынан көктемгі егін орналастыру жұмыстарына «ГосАгро» порталы арқылы 1685 тонна (54 шаруашылық) жеңілдетілген дизель жанармайына өтінім берілді. Қазіргі таңда 12 шаруашылық 245тонна (14,5 пайыз) дизель жанармайын алып, егін орналастыру жұмыстарына пайдалануда. Дизель жанармайының 1 литрі 248 теңгеден жеткізіліп берілуде.
– Су тапшылығының алдын алуда қандай жобаларды қолға алып жатсыздар?
– 2024 жылдың су алу маусымы кезеңінде су тапшылығын болдырмау үшін Жалағаш ауданы бойынша егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етудің іс-шаралар жоспары әзірленді. Су тапшылығының алдын алу мақсатында нженерлік жүйедегі егістік жерлерде дақылдарды кезектестіру (ротация) кестесін қатаң сақтау керек. 2023 жылы ауданда 1346 га күріш дақылын артық егіп, ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 16 шаруашылық анықталып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін Қызылорда облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған. Ауыспалы егіс жүйесіндегі және жайсын жерлердегі биік жерлерге күріш дақылын орналастыруға тиым салынған. Қашыртқылардағы суды қайта пайдалану үшін су айдайтын насос қондырғыларын орнатуды ұйымдастыру керек. Ішкі шаруашылық су жолдарын механикалық тазалау және су құрылыс нысандарын уақытылы жөндеуді қаперде ұстағаны абзал. Егіс алқаптарында су тапшылығы орын алған жағдайда пайдаланатын насос қондырғыларын дайындау қажет екендігі шаруашылық құрылымдарына ескертілді. 2024 жылы егінді күтіп баптау барысында 32 су тартқыш насос қондырғыларын пайдалану жоспарлануда. Оның ішінде 13 насос «Казсушар» өндірістік учаскесі тарапынан шаруашылықтарға берілсе, қалған 19 насос шаруашылықтардың өз қаржысына алынған. Насос қондырғыларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы аудан бойынша 20000 гектар инженерлік әзірленген жерлерде лазерлік тегістеу жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар суды үнемдеуде өз септігін тигізеді.
– Жалпы Жалағаш ауданында соңғы жылдары қарапайым халыққа бақшалық жер ашып беру жұмыстары бір ізге түскен. Бұл бір жағынан бақша өнімдерінің бағасының тұрақтауына, халықтың өз-өзін бақша өнімдерімен қамтамасыз етуіне үлкен көмек. Сондықтан бұл жоба аяқсыз қалмау керек сияқты. Бұған қатысты сіздің ойыңыз қалай? Жалпы ауданда халыққа бақшалық жер дайындап беру жұмыстары биыл да жалғаса ма?
– Ауданда биыл да жеке тұрғындардың тарапынан картоп және басқа да бақша дақылдарын орналастыруға 500 гектар жаңадан жер дайындалып, 235 гектар картоп, 192 гектар бақша, 73 гектар көкөніс дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Жаңадан дайындалатын жерлер шаруашылықтардың демеушілігімен дайындалып, жеке тұрғындарға берілетін болады. Қазіргі таңда 610 тұрғын картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыруға қызығушылық білдіріп отыр. Сондай-ақ, Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 10 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен картоп, бақша дақылдарын орналастыруды жоспарлап отыр.
– Жергілікті шаруашылықтардан аяқ суды пайдаланғаннан тұралаған қарыз қалыптасқан жоқ па? Болса, оны өтеу жөнінде оларға түсіндірме жұмыстарын жүргіздіңіздер ме?
– 2023 жылы аудандағы 172 шаруашылық құрылымы «Жалағашсушар» өндірістік учаскесімен 474,9 млн. теңгеге су жеткізіп беру қызметіне келісім-шартқа отырды, бүгінгі күнге 427,6 млн. теңге (90 пайыз) төленген. Шаруашылықтардың пайдаланған су жеткізіп беру қызметіне берешек қарыздары 47,3 млн. теңге немесе 10 пайызды құрайды. Қазіргі таңда берешек қарыздар сот арқылы өндірілуде. Көктемгі егін орналастыруға дайындық жұмыстары толығымен бақылауға алынып, қадағалануда.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Фото: Нұрболат Нұржаубай