Kyzylorda-news.kz Бүгінде «Шардара» су қоймасына секундына 660,5 текше метр су түсуде. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 555,3 текше метр артық. Қоймадағы су көлемі – 4915 млн текше метр, бұл көрсеткіш өткен жылдағыға қарағанда 903 млн текше метр көп. Төменге секундына 350 текше метр су жіберілуде, бұл да өткен жылғыдан 100 текше метр артық. 

«Көксарай» су реттегішінде жиналған су көлемі – 302,2 млн текше метр. Бұл өткен жылғыдан 138,02 млн текше метр кем. «Шардара» мен «Көксарайдағы» су көлемі – 5 217,2 млн текше метр, бұл да былтырғыдан 764,9 млн текше метр артық. Қызылорда облысына секундына 654 текше метр су жіберілуде, бұл өткен жылғыдан 39 текше метр көп. Сырдария өзені арқылы түскен су шабындық, жайылымдық жерлерге және егістікке жіберілуде.

Айта кетейік, былтыр 8 желтоқсанда Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелер мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар» бекітілді. Оған республикалық меншіктегі 26 магистральді және шаруашылықаралық су арнасын, 21 қашыртқыны, 144 тік дренажды ұңғыманы қайта жаңғырту, су арналарын цифрландыру, автоматтандыру және басқа да су шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған 37 жоба енгізілді.

Биыл Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» магистральді каналына су беретін және Жаманбай батыр ауылдық округіндегі науалық суғару жүйелерін салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар салалық министрлікке коммуналдық меншіктегі 8 су шаруашылығы нысанын күрделі жөндеуге бюджеттік өтінім ұсынылған. Вегетациялық кезең басында «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішіне жинақталған су көлемі өткен жылғыдан 0,6 млрд текше метр кем болғандықтан, «Су кодексіне» сәйкес болжам ескеріліп, 3,7 млрд текше метр су пайдалану межесі белгіленді. Өткен жылы меже 3,8 млрд текше метр болған.

Белгіленген межеге сәйкес облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы 187,5 мың гектар жерге егін егуді жоспарласа, оның 81,2 мың гектарына күріш дақылын орналастыру межеленді. Қазіргі уақытта «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы нақтыланған индикативтік жоспар мен белгіленген лимитке сәйкес су пайдаланушылармен келісім-шарт жасауда. 

Филиал әзірлеген күнтізбелік жоспарға сәйкес мамыр айының үшінші онкүндігінде Сырдария өзенінен магистральді және шаруашылықаралық каналдар арқылы секундына 460 текше метр су алыну қажет болса, бүгінгі күні каналдар осы көлемді нақты алуда. Облыс аумағында егілетін күріш дақылының көлемі – 81,2 мың гектар, оның 80,1 мың гектары, яғни 98 пайызы себіліп, 73,2 мың гектары, яғни 90 пайызы суға бастырылды.

Айта кетейік, жалағаштықтар биыл көктемгі дала жұмыстарын наурыздың алғашқы онкүндігінде-ақ бастап кетті. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл 36 565 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Жалпы ауданда 200-ге жуық шаруашылық егінмен айналысса, оның 150-ден астамы Сыр салысын сепкен. 

Аяқ су тапшылығы жыл сайын шаруаның ширауына айтарлықтай қолбайлау болуда. Мәселе жыл сайын күрделенбесе, шешімін тапқан емес. Осы ретте су тапшылығын ескере отырып, ауданда күріш дақылының көлемі өткен жылдан 1300 гектарға қысқарып отыр. Есесіне суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық берілген. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда бидай 149 гектарға, қант құмайы 20 гектарға, мақсары 10 гектарға, жоңыш-қа дақылдарының көлемі 625 гектарға артады.

Ақегіс жұмыстары 10 наурызда басталды. Қазіргі таңда 530 гектар мақсары, 4850 гектар жаңа жоңышқа 770 гектар жаздық бидай орналастырылды. Мұнан бөлек 200 гектарға жуық күздік бидай күтімге алынған.

Биыл су алу маусымы кезеңінде су тапшылығын болдырмау үшін ауданда егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етудің іс-шаралар жоспары әзірленген. Су тапшылығының алдын алу мақсатында инженерлік жүйедегі егістік жерлерде дақылдарды кезектестіру кестесін қатаң сақтау, ауыспалы егіс жүйесіндегі және биік жерлерге күріш дақылын орналастыруға тыйым салу қашыртқылардағы суды қайта пайдалану үшін су айдайтын насос қондырғыларын орнатуды ұйымдастыру, ішкі шаруашылық су жолдарын механикалық тазалау және су құрылыс нысандарын уақытылы жөндеу, егіс алқаптарында су тапшылығы орын алған жағдайда пайдаланатын насос қондырғыларын дайындау қажет. Бұл жайында шаруашылықтарға алдын ала ескертілген. Былтыр орын алған олқылықтарға көз жүгіртсек, кейбір шаруашылықтардың бұл талаптарды сақтамағанын аңғару қиын емес. Мәселен, өткен жылы ауданда 1346 гектар күріш артық егілген. Осы ретте ауыспалы егіс тәртібін өрескел бұзған 16 шаруашылық анықталып, заңға сәйкес тиісті шаралар қабылдау үшін облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.

Биыл егінді күтіп баптауда 32 су тартқыш насос қондырғысын пайдалану жоспарланып отыр. Оның ішінде 13 насос «Казсушар» өндірістік учаскесі тарапынан шаруашылықтарға берілсе, 19 насос шаруашылықтардың өз қаржысына алынған. Насос қондырғыларын қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасын табуда.

Тағы да оқыңыз: