Kyzylorda-news.kz. Нұр-Сұлтан қаласында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың қатысуымен журналистерге арналған брифинг өтті.
Аймақта 9 ай ішінде атқарылған жұмыстарды баяндаған облыс әкімі БАҚ өкілдерінің сауалдарына да жауап берді.
«Көп жылдан бері құрылысы жалғасып келе жатқан шыны зауыты қашан іске қосылады?» деген сұраққа аймақ басшысы былай деп жауап берді.
«Өздеріңізге белгілі, шыны зауыты біраз уақыттан бері қолға алынған болатын. Қазіргі кезде зауыт құрылысының 70 пайыздан астамы аяқталған. Қазіргі таңда жаңа техника әкелініп, оны құру жұмыстары да аяқталуда. Бүгінгі күні 2 мәселе бар. Атап айтар болсақ, балқыту ваннасы мен күйдіру пеші. Бұл жөнінде біз мамандарды күтіп отырмыз. Жалпы бұл жұмыс келер жылы аяқталады деп күтілуде. Жақында министр Б. Атамқұлов келіп, зауытқа байланысты туындап отырған мәселелерді бірігіп қарадық. Қазіргі таңда зауыттың жанынан ілеспе 8 зауыт салу жоспарланған. Оның ішінде 3 зауыт бойынша кәсіпкерлермен келісімге келдік. Олар шыны тары жасайтын зауыт, айна және шыны талшықтарын жасайтын зауыт болады. Сол уақытта біз шетелден шыны алынбайды. Қазіргі уақытта біз шетелден жылына 1 млн долларға шыны сатып алады екенбіз», – деді аймақ басшысы.