Kyzylorda-news.kz Түнеукүні Шиелінің кеші өлеңмен батып, теріскейден соққан салқын самал сол өлеңмен тербеліп тұрды. Көкшоқы мөлтек ауданында орын тепкен «Арман» мәдениет үйінде оқылған өлең мен шырқалған ән, ойналған күйдің дауысы Шиелінің көгінде шалқып, бейнебір айналасына шуағын шашып, тіршілік біткенге рухани күш-қуат, жігер беріп тұрғандай болды. Осыншалық сиқырдың себепшісі, ақын, журналист, жазушы Сәрсенбек Бекмұратұлы мен әнші-сазгер, журналист Өркен Исмаилдың 75 жылдығына арналған «Қатар жанған қос шырақ» атты кеші еді. Шиелі аудандық әкімшілік пен мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен өткен поэзия кешіне жиналғандар қос замандас Сәрсенбек пен Өркен ақынды мүлде басқа қырынан танып, ақынның сөзіне жазылған әндерді тыңдап, өлеңдеріне қанығып қайтты. Әуелден сөз құдіретін түсініп, ақын-жазушыларын төбесіне көтеріп, құрметтің ең үлкенін жасай білетін аудан халқы үшін, оның ішінде өлең сүйер қауымға бұл кеш ерекше көңіл-күй сыйлады.

Жалпы мынау он сегіз мың ғалам, оның ішіндегі жаратылыс, төселген жер, қазықтай қағылған тау, сәулесін төккен күн, аспандағы ай, жерді мекендеген жан жануар түгел бір әлем болса, ақындар қауымы өзінше бір әлем. Ал киелі өңірден шыққан Сәрсенбек Бекмұратұлы мен Өркен Әзімханұлы – сол әлемде өмір сүріп, жалындай жанған, жұлдыздай жарқыраған, жауһар жырларымен елге танылып, оймақтай ойлары арқылы оқырманның оң бағасын алып жүрген азамат. 

Иә, ақынын құрметтеген ел азбайды десек, жаңылыспаймыз. Арнайы шығармашылық кештің шымылдығын түру үшін сахнаға Шиелі аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков көтерілді.

Қос қалам иесіне ықыласын білдірген төраға Шиелі ауданы басшысы Нұржан Ахатовтың құттықтауын жеткізіп, ақындардың иығына шапан жауып, ізгі құрметін білдірді. 

Сәрсенбек ақын 1949 жылы Шиелі ауданының Еңбекші ауылында дүниеге келіп, №45 «Ақ Орда» мектебін, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1967-1985 жылдары аудандық «Өскен өңір» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болды. 1985 жылдан Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жауапты хатшының орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. 1989 жылдан республикалық Қазақ радиосында комментатор, бөлім меңгерушісі, «Шалқар» ұлттық бағдарламасында редакция меңгерушісі болып қызметтер атқарды. Бүгінде Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде қызмет атқарып келеді. Ақын ағамыз бұқаралық ақпарат құралдарында ұзақ жылдар қызмет атқара жүріп, өлең жазуды да жанына серік етеді. «Жалын» баспасынан әр жылдары жарық көрген «Балауса», «Дария жыры» және «Қарлығаш» жыр жинақтарына топтама өлеңдері енген. 1986 жылы «Қайнар» баспасынан «Малды ауылдың өрендері» атты деректі повесі, 1991 жылы «Жан жұпары» жыр жинағы жарық көрді. Көркем очерктерінің басын құрап «Ел перзенттері» атты қос кітабы жарық көрді. Қазақстанның «Құрметті журналисі», Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 

Әсерлі кеште, ағынан жарылған Сәрсенбек Бекмұратұлы өзінің туған жерге деген сағынышы мен құрметін өлеңмен өріп, сөз арасында осында өткен күндерін сағынышпен есіне алып отыратынын айтты. «Менің түсіме туған жерім жиі кіріп тұрады. Кейде ұйықтап жатып, баяғы аға-апаларыммен баспаханада «Өскен өңірді» басып жатамын. Содан оянып кетсем, «Алматы ақшамында» жүремін. Осындай қызықты сәттер көп кездеседі», – дейді ақын. Ақын әңгіме арасында бұдан бөлек, «Өскен өңір» газетінде қызмет еткен уақыттағы қызықты оқиғалары мен өмір жолында кездестірген тау тұлғалармен өткізген күндерін де сөз етіп, көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап берді. 

Қос замандастың жастық шақтан, кемел жасқа жеткенге дейінгі өмір жолы көз алдымызда осылайша белең берді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Өркен Исмаил пайым-парасаты мен біліктілігінің арқасында №50 мектепте еңбек жолын ұстаздықтан бастап, ауданда ішкі істер бөлімінің саяси тәрбие жөнінде орынбасары, аудандық паспорт столының бастығы, аудан әкімінің әлеуметтік салалары бойынша орынбасары сияқты лауазымды қызметтерде жұмыс істеген. Мұнымен қоса, Шиелі аудандық «ХАҚ» КМК директоры, комсомол комитетінің бюро мүшесі, Шиелі, Жаңақорған аудандарының атынан депутат болып сайланған жанның сондайақ, милиция подполковнигі деген шені бар. Одан бөлек шығармашылыққа жақын өнер иесі 30-дан аса ән жазған композитор. Бүгінгі оның туған жерге арнаған «Шиелім» атты өлеңі аудан халқының әнұранына айналған. Сондай-ақ республикада тұңғыш милиция қызметкерлерінен «Жалын» ансамблін құрып, әлі күнге көркемдік жетекшісі болып жүр. Шығармашылыққа жақын жан екенінің тағы бір дәлелі – аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторлығын абыроймен атқарған және бүгінгі таңда тұрақты автор. Рухани кеште Сәрсенбек аға өлең-жырын оқыса, Өркен аға «Қыздың жасын сұрама, қыздың жасы 18» деген өлеңді сырнаймен орындап көрерменнің көңілін көтерді. 

Шығармашылық кешке арнайы келген әнші, сазгер, Қазақстан Республикасына еңбегі сінген қайраткер Әлмырза Ноғайбаев, Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Нұрмахан Елтай, Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру музейінің директоры Құттықыз Ыханова ыстық лебіздерін білдіріп, естеліктерден сыр шертті. 

Осы ретте айта кетуіміз керек, аудан халқының рухани жаңғырып, тұрғындарды күнделікті күйбең тірліктен бір мезгіл ажыратып, поэзия әлемімен өткенге саяхат жасауына бірден-бір ұйытқы болған «Арман» мәдениет үйінің еңбегі еселі. Қашан да ізденіс үстінде жүретін Нұргүл Шалекеева осы жолы да өнердің шын жанашыры екенін көрсетіп, дүйім елге ерекше кеш сыйлауға мұрындық болды.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

Тағы да оқыңыз: