Kyzylorda-news.kz. Ауыл шаруашылығы – материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі. Қыстай сайманын дайындап, көгілдір көктемді күткен диқаншылар қауымы кетпенін арқалап, егістік жерін дайындап, шаруаға қызу кіресе бастайды. Социалистік еңбек ері, даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары бастаған диқандар егістік алқабында өнімді жұмыс істеп, қамбаны астыққа толтырып, Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына және өндірілетін өндіріс өнімдерін экспорттау бойынша алдыңғы қатарлы орында тұр.
Ауыл шаруашылығында егілетін өнімдер қатарында: қарбыз, қауын, қызанақ, қияр, сәбіз, картоп, орамжапырақ тағы басқа көкөніс түрлері халық сұранысына ие. Нақ шілде айы – көктемде егілген өнімдер сатылымға шығып, науқан қызатын шақ. Дайын болған өнім жақсы болғанымен, халыққа уақытылы жеткізіліп, шиелілік диқандар ала жаздай бойы төккен маңдай терімен бейнетінің зейнетін, есіл еңбектің өтеуін көріп жүр ме? Осы тақырып аясында қалам тербеуді жөн көрдік.
Өткен жылы шежірелі өлкеде өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар өнімдермен қамтамасыз ету бағытында шаруашылық құрылымдарының демеушілігімен 1390 отбасына егістік жер дайындалып, 1520 гектар жерге тұрғындар өздері егіс егіп, қыстық азықтарын дайындап алып үлгерген. Тұрғындардан бөлек облыс әкімінің бастамасымен зейнет жасына шыққан жандарға да жер үлестіріп беру мәселесі көтерілген болатын. Осы бағыт бойынша Шиелі ауданындағы зейнеткерлерге егістік алқабынан жер үлесін бөліп, пайдалануға берілген еді.
– Өткен жылы 5405 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдары орналастырылды. Сонымен қатар жеке тұрғындар есебінен егілген ауыл маңындағы егістікте бақша дақылдарын өсірумен айналысатын диқандар өз бақшалық өнімдерін сату мақсатында сырт аудандар мен облыстарға жөнелтілген болатын. Атап айтсақ, Тұран, Иіркөл, Ақмая, Жуантөбе ауылдық окурігтерінің жеке кәсіпкерлері атынан осы уақытқа дейін 725 тонна қауын-қарбыз және 265 тонна қызанақ Солтүстік облыстарға, яғни, Астана, Жезқазған, Қарағанды, Қостанай және Байқоңыр қалаларына жөнелтіп, сатқан еді. Сондай-ақ, 2023 жылы шілде айында Ақмая ауылдық округінен 4 кәсіпкер 100 тонна қарбыз өнімін Ресей Федерациясына экспорттады, – дейді ауыл шаруашылығы бөлімінің сала мамандары.
Иә, сала мамандарының берген мәліметтеріне қарасақ, Шиелі ауданының кәсіпкерлері елден жырақ шығып, өзіміздің өнімді экспорттап сату бағытында атқарып жатқан жұмыстары көңіл қуантады. Өйткені, шежірелі өлкеден шыққан өнім тек оңтүстік пен солтүстіктен әрі аса бермейтін. Жыл өткен сайын бұл түйткілді мәселе де өз шешімін тауып келеді. Ендігі кезекте, көкөніс сақтайтын қоймалар мен өнімдерді өндіретін нысандар саны артып, диқандарға қолайлы жағдай қарастырса үлкен қолдау болары сөзсіз. Берекені көктен емес, еккен еңбектен іздеген диқандардың еңбегі далаға кетпей, асығы алшысынан түсуін тілейміз.