Kyzylorda-news.kz Су – кез келген тіршілік иесі үшін аса қажет, баға жетпес құндылықтардың бірі. Адам өмірінде судың алатын орны тіпті ерекше маңызға ие. Мамандардың айтуынша, адам 30 күн бойы нәр татпай, аш жүре алады. Бірақ су ішпей небәрі 3-5 немесе 7 күн бойы, сирек жағдайда ғана 8 күн шыдай алады екен. Ал ғалымдардың зерттеуінше, денеміздегі қимыл-қозғалыс икемділігі де организмнің 70% судан тұратындығымен байланысты. Мәселен, өкпедегі су 90%-ға дейін, қанда 80%-ға дейін, мида 75%-ға дейін, буындарда 24%-ға дейін, тіпті ағзамыздың ең тығыз бөлігі тістің өзін 0,2% су құрайды. Таза ауыз суын күн сайын белгілі мөлшерде ішіп тұрудың маңыздылығын мамандар осымен түсіндіреді. Табиғат-Ананы көркейте түсетін, өсіп-өнетін өсімдіктер, аң-құс, жан-жануарлар, өмірдегі барлық тіршілік иесі судан нәр алады. Осындай адам өмірі мен тіршіліктің қайнар көзіне айналған судың қадір-қасиетін түсініп, орынды пайдаланып жүрміз бе?

Дана қазақ халқында «Судың да сұрауы бар», «Су бар жерде ырыс бар», «Су – өмірдің нәрі» деген қанатты әрі қағидалы сөздер бар. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта ауыз суды негізсіз ағызып, орынсыз пайдаланып жүргендерді де жиі кездестіреміз. Мысалы, есік алдындағы егістік жерлерді үйдегі ауыз сумен суарып, көлік жуу себебінен қаншама су ысырап болуда. Судың әр тамшысын бағалайтын үлкендеріміз әңгімесінде: «Есегімізге жегілген арбаға 300-400 литрлік бөшкені тиеп, алыс аймақтардан ауылға су таситынбыз. Қазіргі жастарға ертегідей көрінеді-ау. Бірақ таңнан кешке дейін кезекте тұрып, кезегің келген сәтте су таусылып қалып, ауылға қайта бос арбамызды сүйреп қайтатынбыз. Алыстан арбалап  әкелген суымызды тұрғындар бөліп алып, қандай еңбекпен келгенін түсініп, ұқыпты пайдаға асыратын», – дейді. Аллаға шүкір, бүгінде жағдай оңалып, үкімет үйіміздің ішіне дейін ауыз суды орнатып, ел игілігіне беріп отыр. Бұл тұрғыда өңіріміз алдыңды қатарда көш бастап тұр.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев өз есебінде:

– Сыр бойылықтардың 98,4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Биыл ауыз сумен қамтуға 5 млрд 400 млн теңге қаражат қаралды. Бұған 14 жаңа жоба жүзеге асырылады. Сол арқылы 2025 жылы облыс халқын толық орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ететін боламыз, – деген болатын.

Ал, Шиелі ауданы бойынша сапалы ауыз сумен 39 елді мекеннің 98 пайызы қамтылған. Өткен жылыбұл тізімдіҚосүйеңкі мен Қызылқайың елді мекендері толықтырды. Қос ауылды ауыз сумен қамту жүйелерініңбас су қоймаларына 47 миллион теңге қаражат бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталған. Жөлек ауылына қарасты Жуантөбе елді мекеніне 17 миллион теңгеге су тұщытқыш қондырғысы орнатылған.

Өткен аптада осы тақырып аясында Шиелі аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен күнделікті тұтынатын ауыз су тарифін 2024-2029 жылдарға магистралдық құбырлар және таратушы жүйелер арқылы беру қызметіне тарифті бекітуге арналған қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға арнайы келген ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының орынбасары Кулдарайхан Кеншембаева және «Нұра топтық су құбыры» РМК «Арал» СЖКБД филиалының директоры Нажмадин Шамуратов күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндама оқыды.

– Қызылорда облысы бойынша филиал магистралдық құбырлар және таратушы жүйелер арқылы теңгеріміндегі 6 топтық су құбыры, атап айтқанда: Арал-Сарыбұлақ, Октябрь, Жиделі, Байқожан, Талап және Сырдария топтық су құбырлары және 6 оқшау су жүйесі: Қармақшы, Төретам, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Қызылорда қаласына қарасты елді мекендер арқылы ауыз суды тұтынушыларға жеткізуді жүзеге асырады. 

Осы топтық су құбырларының көмегімен 130 елді мекенде 332,576 мыңнан аса халықты, яғни 64,239 мың абонентті ауыз сумен қамтамасыз етеді. Ал оқшау су жүйелері арқылы 59 елді мекенді 143,418 мыңнан аса халықты, 32,679 мың абонентті ауыз сумен қамтамасыз етеді, – дейді мамандар. 

Қоғамдық тыңдауда сөз алған сала басшысы Нажмадин Шамуратов:

– Қазіргі таңда мекеменің техникалық жағы қуантарлық жағдайда емес. Тереңде жатқан құбырлардан ақау шықса, халыққа дер кезінде суды қайта беру үшін техникаларды жұмылдыру керек болады. Істен шыққан техникаларды қайта жабдықтап, қажетті қосалқы бөлшектерін алу үшін қаражаттың жетпей жатқан тұстары бар. Өздеріңіз білесіздер, қазір су фермаларының өзінде қаражаттың жетіспеушілігінен күзет штаты қысқарып, жұмысын тоқтатқан болатын. Бүгінгі біздің қоғамдық тыңдаудағы ұсынысымыз ауыз су тарифіне өзгерістер енгізіп, бекіту болып отыр. Су мекемелерінде жұмыс істейтін кейбір білікті мамандар жалақының аз болуына байланысты басқа қызметтерге ауысып кетуде. Алдағы уақытта қызметкерлерді тұрақты  ұстап қалуымыз үшін оларға да жағдай жасауымыз керек. Облыс көлемінде оң нәтижесін берсе, алдағы уақытта мекеменің де дамуына мол ықпалын тигізері анық, – деді.

Жиын барысында халыққа сапалы ауыз суды жеткізу, ауа райының қолайсыздығына қарамастан апатты жағдайларды дер кезінде қалпына келтіру үшін  қажет техникалармен қамтамасыз ету бағытында су саласы мамандарының жалақысын көтеру, шектеулі жерасты қорынүнемдеуді қажет ететін ауыз судың қадір-қасиетін бағалау мақсатында тарифті көтеру ұсынысы айтылды.

Нақтырақ айтсақ, өткізілген қоғамдық тыңдауда осы уақытқа дейін 1 куб ауыз судың бағасы 341 теңгені құраса, алдағы уақытта оны 946 теңгеге өзгерту мәселесі талқыланды. Тарифтердің өсуінің басты себебі,әлеуметтік мәселелердің ушығуы, қажетті материалдар, шикізаттар мен қызметтердің нарықтағы бағаларының қымбаттауы, мекеменің шығынсыз жұмысын қалыптастыру және техникалардың тозуын төмендету болып отыр.

 

Тағы да оқыңыз: