Kyzylorda-news.kz. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік». Үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың осы бір өміршең өсиеті бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Өйткені заман талабы сол, біліммен ғана күш сынасып, бәсекеге түсетін кезең бұл. Сондықтан әлемде болып жатқан қиындықтарға қарамастан білім беру саласы өз жұмысын жүйелі түрде жалғастырып, керісінше, дамудың жаңа сатысына көтерілгендей. Жаңа оқу жылына білім ошақтарының дайындығы қалай?

Материалдық-техникалық база сын көтере ме? Бұл оқу жылы немен ерекшеленеді? Осы сынды сұрақтарға аудандық білім бөлімінің басшысы Жібек Баймұратовадан жауап алған болатынбыз.

– Жібек Орынбайқызы, бұл саланың жауапкершілігі жоғары, көтерер жүгі ауыр. Өзіңіз осы білім саласында қаншама өнімді еңбек еттіңіз. Ұзақ жыл мектеп басқарғаныңыз тағы бар. Алдағы уақытта осы саланың тәжірибелі маманы ретінде білім саласында қандай жоспар, жаңашыл жұмыс жүзеге асады?

– Институт қабырғасынан білім бөлімінің әдістемелік кабинетіне қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскер болып қабылданып, ширек ғасыр білім саласында қызмет атқардым.

Жалпы білім саласы – ауқымды да күрделі сала. Мұнда мемлекеттің болашағы қалыптасып жатыр. ХХ ғасырдың көрнекті ағартушыларының «Елдің болашағының қандай болмағы мектебіне байланысты» деген ұстанымдары әлі өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан білім саласында қабылданған әрбір шешім, жоспарланған әрбір әрекет ерекше маңызға ие. Білім саласындағы ең маңызды міндет – балалардың білім сапасы мен зияткерлік қабілеті, тәрбие бағытының, оның ішінде отансүйгіштік, адамзаттық құндылықтар, зиянды әдеттерден қашық болу қасиеттерінің дұрыс қалыптасуы. Бөлім басшысы болып келгеніме аз ғана уақыт болса да, зерделеу, пікірлесу, саралау қорытындысымен, білім беру ұйымдарының бағытын, мақсатын бүгінгі талаптарға сәйкестендіру керек деп ойладым. Қазіргі білім саласындағы басты қадам – ауыл мектебі мен қала мектебінің айырмашылығын азайту.

Ол тек сыртқы формада емес, ішкі мазмұнға, нәтижеге бағытталуы қажет. Сол себепті, мектептердің жұмыс мазмұнына жобалармен жұмыс жасауды енгізу, атап айтқанда, «Жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңдете оқыту», «Агробиологиялық кешен», «Жасыл мектеп», «Компьютерлік білім беру жүйесі», «Мектеп жұмысын цифрландыру» т.б. жобалар. Бұл жобалар оқушылардың зерттеушілік мәдениетін қалыптастырып, мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру жұмыстарына да игі әсер етер еді.

Екінші, білім беру мекемелерінің педагог кадрларының әдістемелік, біліктілік құзіреттілігін арттыру мақсатында аудандық тәжірибе алаңы жұмысын дәстүрлі өткізу. Ата-аналармен байланысты нығайту мақсатында «Ата-аналар» оқу-тәжірибелік орталығын құру. Мұнан бөлек, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау, ғылыми-зерттеу жобаларына дайындау орталықтарын құрып, олимпиада резерв мектебін қалыптастыру жұмыстары да күн тәртібінде тұр. Жас мамандар мектебін құрып, кадр резервін қалыптастыру да ойда бар. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері үнемі назарда болады.

– Тағы бір оқу жылын тәмамдадық. 2022-2023 оқу жылында сала қандай жетістіктерге қол жеткізді?

– Шиелі ауданы бойынша 2022-2023 оқу жылында 40 білім беру мекемелерін 1-11 сынып аралығында 18730 оқушымен бастап, 18553 оқушымен аяқтады. Ағымдағы оқу жылында аудан мектептерінің 9-сыныбын 1766 оқушы бітіріп, оның ішінде 194 бітірушісі негізгі орта білім туралы «Үздік аттестатқа» ие болды. 11-сыныптар бойынша 65 түлек «Алтын белгі» белгісіне және 94 түлек жалпы орта білім туралы «Үздік аттестатқа» ие болды. 2022-2023 оқу жылында жалпы орта білім беру курсын аяқтайтын 961 бітірушінің 791 оқушысы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. ҰБТ-дің ІІ легінің қорытындылары бойынша орташа балы - 77,75 балл (Өткен жылы 74,77) 100 баллдан жоғары жинаған оқушы саны – 80. Жалпы білім беретін пәндер -бойынша республикалық олимпиаданың ІІІ (облыстық) кезеңіне 24 оқушы қатысып, оның төртеуі – ІІІ орын, біреуі – ІІ орын, біреу – І орын, төртеуі алғыс хатпен марапатталған. «Үздік мектеп» бағамына №47 мектеп – лицей ұжымының жұмысын ұсынып отырмыз.

– 1 айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Дайындық барысы қалай? Жалпы биыл қанша шәкірт мектеп табалдырығын аттамақ?

– Аудан бойынша жалпы білім беретін 43 мектеп, оның ішінде 34 орта мектеп, 3 негізгі мектеп, 3 бастауыш мектеп, 1 кешкі мектеп және «Samgau school» және «Ziyatker School» жеке мектептері жұмыс істейді. Шиелі ауданы бойынша 2023-2024 оқу жылында 1 сыныпқа 1644 оқушы қабылданады деп күтілуде. Өздеріңізге белгілі, білім беру ісіндегі маңызды қадам Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының жүзеге асырылуы. Осыған орай, Шиелі ауданында да 900 орынды «Жайлы мектеп» құрылысы жоспарлануда. Байсын елді мекеніндегі жобалық құны 853,4 млн теңге болатын 250 орындық мектептің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы беріледі. (Мердігер мекеме – «АВАНГАРД ПГС» ЖШС). Сондай-ақ, алдағы жылы Жансейіт елді мекенінде 100 орындық заманауи мектеп құрылысы басталмақ. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі басты назарда болуы тиіс. Осы сала бойынша 40 білім беру ұйымыдарының 14-не орнатылған бейнебақылау камерасы аудандық полиция бөлімімен интеграцияланған. Биыл 16 мектепке турникет және 30 мектепке «дабыл түймесі» жүйелері орнатылды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа оқу жылынан бастап 10 білім беру ұйымында мамандандырылған арнайы күзет қызмет атқаратын болады. Балаларды қауіпсіз тасымалдау үшін облыс әкімінің қолдауымен 3 мектепке (№270, №251, №153 орта мектептер) 2 дана 20 (жиырма) орындық және 1 дана 40 (қырық) орынды балалар автобусы алынды. 4 ауыл мектебіне жаңа үлгідегі модификациялық физика, биология пәні кабинеттері алынбақ.

– Жібек ханым, қалай ойлайсыз «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалім мәртебесін көтере алды ма?

– «Педагог мәртебесі туралы» Заң өте дұрыс қабылданған құжат деп есептеймін. Мұнда мұғалімдерді көтермелеу, ынталандыру, марапаттау мәселелері қамтылған. Дүние жүзінің дамыған елдерінде мұғалім – ол өте сыйлы адам. Себебі ол рухани құндылықтардың дәнін егуші. Ал рухы мықты, тәрбиелі ұлт, білімді ұрпақ - мемлекет үшін үлкен қазына. «Ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін – білім» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, білім беретін ұстаздардың біліктілігі мен білігіне әсер ететін, тек біліммен, тәрбиемен айналысуына негіз болды. Заң қабылданғалы, ҚР Үкіметінің 26.10.2022 жылғы №850 Қаулысымен жылма – жыл білім беру педагогтарының еңбекақысына 1,25 мөлшерінен 2,0 мөлшеріне дейін қосымша қаржы бөлінді. Педагог кадрларды марапаттау жүйесіне өзгерістер енгізілді. Педагог – зерттеуші, педагог – сарапшы, педагог – модератор біліктіліктері енгізілді. Білім арттыру курстарынан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Педагог кадрлардың сапалық, сандық құрамына жаңарулар жүріп жатыр. Жүктеме 18-ден 16 сағат болып бекітілді. 5 күндік оқу аптасына көшірілді. Білім саласын цифрландыру жүргізіліп келеді.

– Жалпы кез келген ата-ананы «Балабақша балаға бас-көз бола ма?» деген сауал толғандырады. Осы тұста мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысына тоқталайықшы. Балабақша тәртібі қалай?

– Бүгінгі таңда ауданда 101 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 18-і мемлекеттік балабақша, 74 жекеменшік балабақшалар, 9 шағын орталық. Онда 813 педагог жұмыс атқарады. Ауданымыздағы «Айналайын» бөбекжай-бақшасы «Орта – үшінші педагог» атты республикалық жобасы бойынша құзіреттілік орталықтарының құрамына кірді. Осындай әдістемелік жұмыстармен қатар балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға, тамақтандыру мәселесіне, кадрлық құрамына жалпы мониторинг жасалып, зерделеніп отырады. Арнайы жұмысшы тобы құрылды. Жұмысшы топ құрамына қоғамдық ұйымдар, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері енгізілді. Жұмысшы топтың міндеті – мектепке дейінгі ұйымдардың талапқа сай жұмыс жүргізуін қадағалау. Жалпы балабақшалар мектеп жасына дейінгі балаларды толық қамтып отыр. Мемлекеттік тапсырыс орындалуда.

– Ауданда ақылы мектептер ашылып жатыр. Ол жердегі білім сапасын кім бақылайды? Сіздердің ақылы мектептермен байланыстарыңыз қандай?

– Қазіргі уақытта аудан көлемінде «Samgau school» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Ziyatker School» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеке мектептері жұмыс істейді. Өткен оқу жылында 1-4 сыныптар аралығында 288 оқушы осы мектептерде білім алып шықты. Бұл мектептерді қаржыландыру Оқу-ағарту министрілігі жанындағы «Қаржы орталығы» АҚ арқылы жүргізіледі. Бұл мектептердің жалпы орта білім беру стандарты талаптарын орындау барысын Қызылорда облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті бақылайды. Бұл мектептермен жақсы әріптестік қатынас орнатылған. Әрине, жеке мектептердің әлеуеті де өсіп келеді. Білімде бәсеке болғаны жақсы. Оның үстіне, білім алуға құйылған қаржы, инвестиция қайтарымды дейді ғой. Ұлы дала философы Абай: «Балам адам болсын десең, мал аяма, оқыт» деген. Сондықтан берілген білім, тағылымды тәрбие бірнеше жылдан кейін өз жемісін береді. Тек бала – кәсіптің көзі емес, болашақтың бағдарына айналса деген тілек қана бізде.

– Енді соңғы сұрақты жолдасам... Өзіңізді білім саласындағы қандай өзекті мәселелер толғандырады?

– Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе – бала тәрбиесі. Ғалым, ойшыл әл-Фараби: «Адамға ең әуелі, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді. Тәрбие беруде білім саласының үш тұғыры ата – ана, мектеп, мұғалім бірлігі үзіліп бара жатқандай. Ата-ана да балаға деген жауапкершілігін мектепке жүктеуден аса алмай отыр. Педагог қай жерде жүрсе де, педагог болып қалуы керек. Қазір педагогика саласында әдеп кеңесі құрылған. Педагогтың өн бойы әдептіліктен тұрмай ма? Ы.Алтынсарин: «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген. Сондықтан білім саласында таза, ұқыпты, әдепті қызмет атқарсақ, «Әділетті қоғам» орнайды деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Тағы да оқыңыз: