Kyzylorda-news.kz «Мөлдір бұлақ» – өзен, көлдер маңына тазалық жұмыстарын жүргізіп, жағажайларды қоқыстан тазартуға бағытталған экологиялық акциялардан тұрады. Нақ осы республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Мөлдір бұлақ» апталығына Қызылорда облысының әр елдімекен тұрғындары бір кісідей атсалысты. Бұл әдемі үрдіс шежірелі өлке Шиелі ауданы да үн қосты. «Мөлдір бұлақ» атты апталыққа шиелілік 500-ге тарта еріктілердің, қоғам белсенділері мен тұрғындардың қатысуымен су айдындары мен арналарында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Сенбілік барысында су арналарының жағасы күл-қоқыс пен қураған ағаштардан, арам шөптерден тазартылып, ретке келтірілді.
Шиелі кентінің тұрғыны, ардагер, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил "Таза Қазақстан" акциясы дұрыс бастама деп есептейтінін жеткізді.
– Әдемі акция аясында ауыл тұрғындары мен жастар біздің саябақтардағы бұлақтар мен өзендерді тазалау үшін көшеге шығып, ауданның барлық тұрғындарын эко-акцияға қатысуға шақырды. Мен туған өлкемнің патриоты ретінде жас ұрпаққа үлгі болатын ауқымды іс-шараға өз үлесімді қостым, – деді Өркен Исмаил.
Жалпы экологиялық акцияға Шиелі ауданындағы елді мекен тұрғындары да білек сыбана қатысқан-ды. Ауылдық округтердегі мекеме аулаларына тазалық жұмыстары жүргізіліп, көше бойларындағы қоқыстарды тазалау, су арналарын ашу жұмыстары атқарылды.
Мәселен, акция барысында Шиелі іргесіндегі Ортақшыл елді мекеніне аяқ су келетін Л5 каналы арнайы техниканың көмегімен механикалық тазалаудан өткізілген болатын.