Kyzylorda-news.kz Қадір түнінің қарсаңында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен Шиелі ауданы әкімі Нұржан Ахатовтың ұйымдастыруымен Шиелідегі орталық мешіт асханасында қасиетті айда ауыз бекіткен жамағатқа дастарқан жайылды. Ауызашарға ауданның құрметті азаматтары, барлық ауыл ардагерлері, ақжаулықты аналар, теміржол, білім, мәдениет бөлімдері сияқты түрлі сала қызметкерлері және мешіт жамағаты қонақ болды.

Берекелі Рамазан айының қасиетті түні – Қадір түні. Құран Кәрім түсе бастаған мүбәрак түннің мұсылман қауымы үшін орны ерекше. Мейірім мен ізгілікке шақырып бұл ай адам баласын Жаратқанға жақындата түсіп, ағайын-туыс арасында бірліктің артып, берекенің молаюына себепші болады.   Осынау қайырлы түннің қарсаңында Шиелі ауданында өткен жылы жүздесу көпшіліктің көңілін толтырғаны анық. Себебі қасиетті айдың кезекті күнінде өңір тұрғындарының басын қосып, адамдардың бір-біріне пейілін арттырған бұл шараның сауапты іске мол болған күн болары анық. 

Жайылған дастарқан басында Шиелі ауданының әкімі Нұржан Сәбитұлы көпшілік сағына күткен, мейірімге толы қасиетті Рамазан айының берекелі өтуін тілеп: Біздің әрбір елеулі еңбектеріміз ел халықтың игілігі үшін, Қасиетті айда ұстаған оразаларыңыз, жасаған дұға-тілектеріңіз, құлшылық-ғибадаттарыңыз қабыл болғай. Жаратушымыз елімізді табиғи апаттардан сақтасын. Отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп етсін. Келесі Рамазан айына төрт көзіміз түгел күйде аман жетейік, – деп жылы лебізін білдірді. 

Сонымен қатар Шиелі аудандық орталық мешітінің бас имамы Бақыт Бахрамұлы көптен күткен құлшылықтар қабыл болатын рақым жауған Қадір түнінің ұлықтығы мен артықшылығы жайында сөз қозғап, мүбәрак түнді қалай өткізу керектігімен бөлісті. 

Өз кезегінде сөз алған Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил: «Сыр еліне еңбегі сіңген белгілі мемлекет және қоғам қайреткері Бердібек Сапарбаев 70 жасында дүние салды. Қазақта «Ел басқарар жігіттің етек-жеңі кең болар» деген аталы сөз бар. Ондағысы оның атымтай жомарттығы немесе кең қолтық дархандығы ғана емес, алдымен мінез-құлқы, ақылы, білімі, адамдарға, қоғамға тигізген пайдасы, іскерлігі мен қайраткерлігі ескерілсе керек. 

Бердібек Машбекұлының атқарған қызметтерін тізбелесек, атан түйеге жүк боларлықтай. Ол Тәуелсіз мемлекетімізде Премьер-министрдің орынбасары, Үкімет кеңсесі бастығы, Еңбек министрі, Кеден комитеті төрағасы қызметтерін айтпағанда, соңғы жиырма жылда Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облысының әкімі қызметін абыроймен атқарды. Қасиетті айда осындай тұлғалардың есім-сойын айтып, еске алу бүгінгі бізге парыз. Ел үшін еңбек еткен ерлердің есімі ұмытылмайды», – деді. 

Одан әрі Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Әшім Оразбекұлы жиылған жамағатқа Рамазан айында жақсылық тілеп, берекелі ауызашардың жүзеге асуына мұрындық болған облыс және Шиелі аудан әкіміне алғысын білдірді. Сондай-ақ ауызашар қонақтары – ақ жаулықты аналар қайырлы басқосудың барысында игі жүздесуге деген ризашылықтарын білдірді. 

Ауызашар барысында ата-бабадан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрімізге сай діни жоралғылар көрініс тауып, бас имам ауызашар дұғасын жасап, ата-баба рухына құран бағыштады. Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», ардагер ұстаз Рахым Мауяев барша жиылған жамағатқа ақ батасын берді. Бір дастарқан басынан дәм татқан жамағат бір-біріне ізгі тілектерін айтып, қасиетті айдың тағы бір күнін ауызбіршілікте өткізіп, тарқасты.

Тағы да оқыңыз: