Kyzylorda-news.kz Кәсіпкерлікті дамыту – бүгінгі күннің алға қойылған маңызды міндеттерінің бірі. Кәсіпкерлік қаншалықты дамыса, экономика да соншалықты өркендеп өсе бермек. Қазақтың қанына, жанына жақын мал шаруашылығы қай кезде де кенже қалған емес. Осы орайда ауыл тұрғындарының кәсіп ашуға деген құлшынысы артқаны көңілге қуаныш ұялатады. 

Зеңгі баба тұқымын бағып-қағу қиындығын, шығынсыз өсіру оңай еместігін, бақташыдан қажырлы еңбекті, темірдей төзімді талап ететіндігін қазақ «Сиыр бақтым, сидаң қақтым» деп білдірген. Қазақтың әуелбастан мал шаруашылығы оң жамбасына келетін іс екенін білмейтін жұрт жоқ шығар. Сондықтан ауыл тұрғындары ішінде мақсатын айқындап, қадамын нықтап кәсіпкерлікке бет бұрғандардың қатары артып  келеді. Бүгінде Шиеліге қарасты Қарғалы ауылының тұрғындары төрт-түлік шаруашылығының күре тамырына қан жүгіріп келеді. Ауылдық ағайындар үшін төрт-түлік өсіріп, жем-шөбін әзірлеп, мал басын арттыру оңай шаруа емес.  Бұл ауылда қой мен мүйізді ірі қара, сонымен бірге жылқы, яғни төрт түліктің барлығы өсірілді. Ел экономикасын нығайту, оның ішінде мал шаруашылығы өркендеп нәтижесінде ол аталмыш өңірде мал шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізуде. Бағзы заманнан мал бағуға машықтанып, бұл кәсіпті күн көрістің көзіне айналдырғандардың қатары көп. «Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген тәмсілді Қарғалы ауылының тұрғыны «Тәшімбет және Ақарыс» шаруақожалығының төрағасы Үсен Мырзаевқа айтсақ жарасады. 

Кейіпкеріміз атакәсіпке бала шағынан бейімдігін танытқан. Әкесіне қол қанат танытқандықтан болар, оған бұл шаруаның қыр-сыры мәлім. Иә, өмірде барлық нәрсенің құны болатынын, еңбексіз ештеңе болмайтынтын Үсен ерте байыптады.  Сондықтан болар ауыл баласы уақыт өте мал басын көбейтіп, оны асылдандыру жайын қарастырып, ойлаған мақсатына ерінбей еңбек еткенінің арқасында жетеді. Өзі басшылық ететін «Тәшімбет шаруа қожалығы 2004» жылы құрылса, мал саны артқан соң «Ақарыс» шаруа қожалығы 2017» жылы құрылғанын айтты. Жаста болса бас болып  ойға алған ісін қолға алып, қалтасындағы қаражатына қорасын малға толтырып, мүйізді ірі қараны асылдандыру бағытында жұмыстарды ширата түсті. Қазақта “Мал баққанға бітеді” деген ата-бабамыз әу бастан төрт түлікті көбейту жайын жақсы білген. Сондықтан, қазақ даласында мүйізді ірі қараның саны өте көп болды. Міне, қазіргі таңда осы ата кәсіпті жандандырып мүйізді ірі қара санын көбейтіп, қорасы мен даласын мыңғырған малға толтырды. Қазіргі кезде осы аулдың кәсіпкерлеріне өзінің ақыл-кеңесін беріп, керек кезде қолдан келген көмегін көрсетіп отырған ауыл әкімі кәсіпкер азаматқа қатысты мәселерін шешіп береді екен. Жеке кәсіпкер Ү.Мырзаевтың айтуынша, қожалықтың жайылымдық аумағы 500 гектар жерді құрайды. 

– Мал жарақты болу үшін қора-жай жылы, азығы құнарлы болуы шарт. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бір малды 3 ай бағамыз. Нақтырақ айтсақ, олар балаша күтімді қажет етеді. Оны төрт түліктің ебін білген азаматтар жақсы түсінеді. Қазіргі таңда бордақылау жұмыстарымен қоса, сүт өндіруді де қолға ала бастадық, – дейді кәсіпкер. 

Осылайша, дала төсінде мал баға жүріп қиындығын еңсерген еңбекқор азамат осы күні пайдасын көріп отырғанына дән риза. Бүгінде ауылдың төрт азаматын тұрақты жұмысқа алып, әр ай сайын 300 мың жалақы беріп отырады. Меншігіндегі  200 бас сиырды асылдандыру бағытында еліміздің басқа өңірінен 19 бас ақбас асыл тұқымды бұқа алдырған. Мал асылданбай өнім молаймайтынын білген іскер азамат әлі де ірі қара басын арттыруды көздеп отыр. Сондай ақ кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін субсидияны да алып жатыр. Мәселен, 2020 жылдың желтоқсан айында жем шөпке арнап 4 миллион теңге субсидия алған. Алдағы уақытта өзінің  кәсібін одан әрі дамытып, мал басын 2000 мың басқа жеткізуді көздеп отыр. Осылайша бізде кәсіпкердің ісіне береке тіледік. 

Тағы да оқыңыз: