Kyzylorda-news.kz Хәкім Абайдың бесінші қара сөзінде: «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дегені бар. Осы өміршең өсиетті ұран етіп, жер төсінен талай жыл талғажау айырып жүрген азаматтар ауданда аз емес. Солардың бірі – Шиелідегі «Бала би» өндірістік кооперативі.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, туған жердің көркейіп, гүлденуіне үлес қосу әрбір азаматтың парызы. Қалың елі қайғырса қалқан, қабырғасы майысса сүйеу болатын азаматтарымыз баршылық. Бүгін біз сөз еткелі отырған «Бала би» ӨК төрағасы Пернебай Күзембай осындай абзал азамат. Ол 1990 жылдары Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеп, 1991 жылы Алматы Сәулет құрылыс академиясына оқуға түседі. Еңбекке ерте араласқан П.Алтынбайұлы Алматы қаласында жүріп шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Уақыт өте келе кәсібінің тасы өрге домалап, тәуекелмен бастаған жұмысы қанатын кеңге жаяды. Отыз жылдың ішінде түрлі бизнеспен айналысып, Алматы қаласының тұрғынына айналады. Тіршілік толқынымен шалғайда жүрсе де туған жерге деген сүйіспеншілігін жоғалтпайды. Ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, өзінің ірі кәсіпорнын ашқан Пернебай тек Алматы қаласын емес, туған жері Шиелінің өркендеуіне де үлес қосқан жан.

Пернебай Күзембай – Бала би ауылының тумасы. 2017 жылы Талаптан ауылдық округінің азаматтары П.Алтынбайұлына хабарласып, туған жерге келіп қызмет жасауға шақырады. Қашанда елім деп ауылына қарайлап жүретін азамат ауылдағы игерусіз жатқан шағын егіс алқабын қайта қолға алуға бекінеді. 1985 жылдың аяғына таман жем-шөп қорын жинақтау мақсатында қазіргі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының тау жақ беткейіндегі «Оқшы ата» мазаратына қарама-қарсы жерде жабайы алқаптан Кеңес үкіметі суармалы егістік алқабын ашады. Енді ғана қолға алына бастаған егістік жер Кеңес үкіметі құлаған сәтте қараусыз қалып қояды. Кейіннен тәуелсіздік жылдары кезінде 1990-2000 жылдардың тұсында қайта кішігірім күріш егумен айналысып бастағанымен көпке бармай тұралап қалады. Ен дала иесіз жатпасын деп көрші ауылдың диқандарына өткізгенімен жер игілігін көрген адам болмайды. Қаншама жылдан бері қараусыз қалған жердің тоз-тозы шығып, қалың қоға қаптаған. Жалпы Талаптан ауылы Кеңес үкіметі кезеңінен бері бірыңғай мал шаруашылығымен айналысып, төрт түлігін төлдеткен халық. Егін шаруашылығына небәрі 500 гектар жерді бөлсе, қалған мыңдаған гектар жер мал өрістететін жайылымдық жерлер. Кепілде тұрған жерді қайта жандандыру бір келсе туған жердің түлегі П.Күзембайдың қолынан келеді деп ауыл адамдары үміт етіп, кәсіпкерге хабарласқанда сенімдері ақталып, үлкен қаражатты қажет ететін шаруаны ойланбастан орайына келтіреді. Түртусіз жатқан жердің топырағын қопсытып, жер қойнына алтын дән себуді қолға алған Пернебай 400 гектарлық жерге 70-80 миллиондық «Torum 750», «Mc Don», «701», «XT3» маркалы жаңа техникаларды әкеледі. «Бала би» өндірістік кооперативінің төрағасы Пернебай Күзембай «Анам сауыншы, әкем мал дәрігері болып Шиелі ауданында қызмет етті. Менде өзімнің кіндік қаным тамған жерге өз үлесімді тигізу мақсатында осы егістік алқабын қайта инженерлік жүйеге келтіріп, каналдарды тазалау жұмыстарынан бастадым. Қолы қимылдағанның қыр асатынын алдыңғы буын ағаларымыздан көріп өстік. Сыр елі алтын дәні Ақмаржанымен дүйім жұртқа танылған киелі мекен. Жері құнарлы да қасиетті. Тамшы да тама-тама көл болатыны секілді шағын істің де берекесі бар. Еңбегімізге қарай еселі ризығымыз бар. Қайбір жылы 15 адам жұмысқа жұмылдырды. Көктемгі, күзгі науқандарда қосымша 10 адам жұмысқа тартылатыны тағы бар. Ұжым күріш өсірумен қатар бидай, жоңышқа егуді де қолға алып келеді. Күріш сушылары Құрманәлі Алшынбаев, Шәмшиддин Нұрғалиев, механизатор Әділ Бектұрғанов, Қаһарман Баетов сынды еңбекқор адамдар тынымсыз жұмыс істеп келеді» дейді.

Дала төсінде дүбір басталуына біршама уақыт бар. Осындай науқан кезінде уақытқа есе жібермей, таңның атысы, күннің батысы бел жазбай, еңбекке мойын ұсынатын диқандардың күзгі жиын-терімнен кейін бір-ақ дамыл табатыны белгілі. Мұндай тынымсыз тірлік «Бала би» өндірістік кооперативінде де қыза түседі. Керіге шегініс жасасақ, аталған қожалық осыдан төрт жыл бұрын 250 гектар күріш, 70 гектар бидай, 70 гектар жоңышқа еккен екен. Алайда П.Күзембейдың сол жылғы жоспары ойдағыдай жүзеге аспапты. Оның бірден бір себебі – елімізде енгізілген карантин режимі еді. Бұл туралы қожалық төрағасы «Күріш алқабын 300 гектарға жеткіземіз деп ойлап, тұқымдарға тапсырыс беріп қойғанбыз. Бірақ карантинге байланысты ала алмадық. Оның үстіне сырттан келетін жұмысшыларымыз да келе алмай қалды. Күріштің суын әлі тартып жатырмыз» деп қынжылды. Бірақ «Еңбек адамды қашанда бақытқа бөлейді» деген бар емес па? Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Сондықтан карантиннің кесірі егіс алқабына тисе де, ондағы еңбеккерлер маңдай терімен жұмыс істеуді бір сәт тоқтатқан емес.

Тағы да оқыңыз: