Kyzylorda-news.kz Дархан даланың төсінде түйесіне жүк артып, сән-салтанатымен көшіп қонған халқымыз бар керегін Табиғат-Ананың тартуынан тапқан. Қара жерден нәр алып, өсіп-өнгеннің бәрін тұрмысына жаратып, кәдеге асырған. Мақаламыздың арқауы көнеден бізге жеткен ши тоқу өнеріне арнап отырмыз. Бұрынғы қазақтың үй шаруашылығында үнемі тұтанған бұйымы сөз жоқ бүгінгі ұрпаққа таңсық дүние. Ендеше, бұл өнердің қыры мен сырына, жасалу жолына үңіліп көрейік. Бұл істің әлқиссасы далада өсіп тұрған шиді жұлып әкелуден басталады. Ал оның оны қашан тартуымыз керек? Шиді қалай тоқимыз? Осы сынды сауалдарға Шиелі іргесіндегі Жиделіарық ауылының тұрғыны, ши тоқу саласында 20 жылдай тәжірибесі бар Зылиха Қалендар түсіндіріп береді. 

Шағын ғана елді мекенде аталған кәсіптің арқасында көптің алғысына бөленіп жүр. Оны ауылдастары "Он саусағынан өнер тамған шебер иесі" деп таниды. Тартоғай ауылында дүниеге келген ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бейнелеу өнерін жақсы меңгерді. 

– Бала күнімде сурет салғанды ерекше ұнататын едім. Кейіннен ши тоқуды үйрене бастадым. Бұл өнер бұрын көшпелі және жартылай отырықшылдықта тіршілік еткен Орта Азия халықтарына көне заманнан белгілі. Оны киіз үйдің құрамдас бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, үйдің ішіндегі аяқ-табақ, ошақ басын қоршап қою үшін де қолданады. Тоқылған шиді киіз үйдің есігінде ұстауға да пайдаланады.

Көпшілігі шиді қамыспен шатастырып жатады. Піскен шиді алдымен жинап, кептіреміз, кейін тазартамыз. Мәселен, шым шиді тоқу үшін ұнаған бейненің немесе өрнектің сызбасын жасап, содан соң оған сәйкес жүнді бояймыз. Үйге төселген киіздің ылғал тартып бүлінбеуі, тез тозып қалмауы үшін төсеніш ретінде киіз астына төсейді. Оны құрт жайып, тары сүзу үшін де қолданғаны белгілі. Тығыз тоқылған шиді күннің суық кезінде киіз үйдің керегесіне тұтқан. Оның үйдің жылы болуына әсері тиген. Жаймашуақ күндерде туырлықты жоғары түріп қойып, үй ішін салқындатуға да жақсы, – деді Зылиха Амануллақызы.

Сонымен шебер өзіне ұнаған бейнені қалай жүзеге асырады? Әуелі сызбасын жасап алып, содан соң оған сәйкес жүнді бояйды. Жасаған бұйым көлемі жағынан үлкен немесе кіші болса да, оған кететін бір уақыт. Бастысы, ол нағыз еңбекқорлықты қажет етеді. Ши бұйымының жалпы сырт көрінісіне қарай ақ ши, ораулы ши, шым ши болып үш топқа бөлінеді. Мұндай ши түрлері қазақ арасында әрқайсысы өз орнымен түрлі мақсатқа пайдаланылады. Айталық, қабығынан тазартылған ақ шиді ірімшік, құрт жаю үшін, сондай-ақ, үйдің төбесін біртегіс сылауға ыңғайлы болуға қолданса, ал ұзына бойы түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши – киіз үйдің сәнді жиһазының бірі. Әр жерінен аралатып оралатын шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды.

– Шиді жаңа өрнек суретімен тоқудың айтарлықтай өзгешелігі болады. Алдымен оны орайтын үлгі жасалуы тиіс. Орайтын жіптердің түсі осы үлгідегі өрнектер суретте сәйкес болуы керек. Шидің бір шеті жұқа, екінші жағы қалың болып кетпеуі үшін орайтын шидің түп жағымен шашақ жағын үнемі кезектестіріп, алмастырып салып отыру қажет, – дейді шебер. 

Бір қызығы кейіпкеріміз 35 жасынан бастап ши тоқумен айналыса бастаған. Кеш бастаса да осы кәсіпті нәсіп етіп отырған бейнеткер жан. Ол –Қазақстан шеберлер одағының мүшесі. Оның шығармашылығы елімізде жоғары бағалануда. Облыстық мәдениет басқармасы Зылиха Амануллақызының да кәсіпкерлікпен шұғылдануына жол ашып берді. Соның нәтижесінде басқарма мамандарының жолбасышылығымен шебердің дәстүрлі өнері аудан, облыстық, республикаға дейін белгілі болды. Айталық, Астана қаласының 10 жылдығы мен Алматыда өткен халықаралық саяхат көрмесінің, «Гагарин көктемі» сынды шаралардың төрінен Зылиха апаның туындылары орын алды. Сондай-ақ ол елордада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Қызылорда облысының мәдениет күндері кезінде ұлттық өнерді насихаттауға атсалысты.2005 жылы Алматыда болған «Ұлттық өнер – ұлттық байлық» көрмесінде, 2008 жылы Астанада ашылған қолөнер шеберлерінің байқауында ұйымдастырылған көрмеде өзін жақсы жағынан көрсетті. Түркістан облысындағы «Ұлы Жібек жолы бойындағы тоқыма және зергерлік өнер» атты Халықаралық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесіне қатысып, қазылар алқасының шешімімен «Тұран» номинациясымен де марапатталған.

Өрнектелген өнерімен өз отбасын бақытқа бөлеп отырған ақжаулықты ана 5 бала тәрбиелеуде. Оған қоса шәкірт тәрбиелеп, ұлттық дәстүрді дәріптеп жүр. Арасында тапсырыс қабылдап, халық игілігі үшін еңбек етіп келеді. Бүгінде ши тоқымаға деген сұраныс жоғары екенін де айтып қалды. Олай болса, көнеден қалған ұлттық өнерді заманауи үлгіде тоқып, келер ұрпаққа насихаттап отырған кейіпкеріміздің бары бізді қуантты. 

Тағы да оқыңыз: