Kyzylorda-news.kz Шекара күзету – елдің тұтастығын, халықтың амандығын, ел болашағының жарқын болуының кепілі. Шекарашы сарбаздар күні-түні көз ілместен ел тыныштығын күзетіп, үлкен жауапкершілікті арқалайды. Жаңбырлы, боранды күндері де елдің айбынды азаматтары уақытпен санаспай қызмет етеді.
Дәл қазір шиелілік Диас Бауыржан Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштері қатарында қызмет етеді. "Бұл жаққа келмес бұрын өзімді мықтап дайындадым. Дене даярлығымды шыңдап, өз ісіме жауап беруді үйрендім. Мен «Ант» деген сөзді шын жүректен ұғынып, әскери міндетімді бар жан-тәніммен орындаймын" дейді Диас.
Оның теңізге шығуды асығып күтетіні бар. Себебі теңіздің өзі бір құдірет, бірақ ол түйсіксіз жаратылыс. Тебіреніп торықпайды. Оған тек тамсанып қарайды. Ал кейіпкерімізге осындай құбылыстар ерекше ұнайды екен.
Әскери сала – ең маңызды салалардың бірі. Әскерилер дегенде алдыңызға кімдер елестейді? Сөзсіз, арнайы киім киген, қатаң тәртіпті ұстанатын жандар елестейтіні анық. Ал соның ішінде көпшілік біле бермейтін қиын да қызықты ҚР Қарулы Күштерінің ішіндегі әскери-теңіз күштерінің қызметі айрықша.
– Бастапқыда жас матростың бастапқы мектебінен сәтті өттім. Бұл салаға келуіме ата-анам себепші болды. Әкем мен анам ағам екеуімізді Отансүйгіштікке тәрбиелеп өсірген. Бауырымда Қазақстанның Қарулы Күштерінде жұмыс істейді. Әкеммен әңгіме өрбіткен кезімде ол үнемі маған: «Сен жігітсің. Ұлтыңның мықты қорғанысың. Сондықтан Отанды қорғау – сенің азаматтық борышың. Әрбір жас ел алдындағы міндетін өтеп, Отанына адал қызмет етуі керек» деп айтады. Әрине, бұл сөз менің әрбір ісіме рухани күш береді, – дейді шекарашы Диас.
Сіздерге қызықты дерек болсын. Әскери-теңіз күштерінің негізгі мақсаттарыммен таныстырайық. Әуелі, Каспий теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғаса, Агрессордың шапқыншылығына лайықты тойтарыс беру, қарулы қақтығыстарды оқшаулау және алдын алуға атсалысады. Сондай-ақ порттық аймақты, мұнай табу нысандары орналастырылған жасанды аралдар және платформаларды қоса алғанда сулы аудандарды қорғау және күзетумен айналысады. Суасты-диверсияға қарсы қорғаныс жүргізіп, құрлықтағы әскерлердің қимылын теңізден қамтамасыз етіп, теңіз десантын түсіруге жағдай жасап, әскерлер мен материалдық құралдарды тасымалдап, теңіз миналарын орналастырады.
Иә, бұл салада біз күн-түн демей қызмет атқаратын жігіттерге алғаусыз алғыс айтуға болады.
– Жақында кеменің К-2 дара жүзу тапсырмасын орындау барысында қойылған тапсырмаларды орындадық. «Жайық» гидрографиялық кемесінің электромеханикалық жауынгерлік бөлімінің команда технигі ретінде игі шаралардың куәсі болып жүрмін. Сонымен әскери-теңіз күштерінде қызмет ету мен үшін – үлкен жауапкершілік. Бала күнімнен арманым осы болатын. Міне, бүгін сол арманыма қол жеткіздім, – дейді Диас.
