Kyzylorda-news.kz. Мал шаруашылығы – ауыл халқының күн көрісі, нәпақа, берекесі. Ол азық қана емес бүгінгі күні нағыз табыс көзінің өзі. Нарықтағы еттің бағасы қымбаттаған сайын, мал басының өз құны да бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда өскен. Осы орайда оңай жолмен олжалы болғысы келетіндердің де қатары артып келеді. Яғни, өзгенің өрісіндегі түлікке барымташылардың көз тігуі тиылмай тұр.
Жасыруға келмес, соңғы уақытта ауылдық жерлерде мал ұрлығы орын алуда. Осыған байланысты 2019 жылдың 27 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталған Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне 188-1 «мал ұрлығы» деген арнайы бап енгізілген болатын. Заңға сәйкес мал ұрлағандарға 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
– Мен ауылдың шетінде емес, ортасында тұрамын. Өзімнің кәсібіме айналдырып отырған 50-ге жуық уақ малым бар. Алдынғы жылы қорадан бір уақ мал жоғалды. Одан кейін бір түнде 3-4 бас уақ мал жоғалып кетті. Дереу полиция қызметкерлеріне арыз бердім. Орын алған қылмысты іздестірді. Тиісті жұмыстар атқарылды. Бірақ, ауладағы қорада тұрған мал осылай жоғалса, жайылымдық жердегі малдың отар-отарымен, үйір-үйірімен жоғалып кетсе таң қалмайтын күйге жеттім. Бұл белең алып бара жатқан ұрлыққа қандай заң шығару керектігін білмеймін, алайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыратын жаза әлі де жеңіл болып тұрған сияқты. Ұрлық үлкен-кіші деп бөлінбейді. Жалпы айтқанда, тапқан-таянғанын малдың жем-шөбіне жұмсап, бірінің басын екеуге жеткізе алмай, нәпақасын адал еңбекпен тауып отқан малшылардың тірнектеп жиғанын ұрлап кететіндері көңіл алаңдатады. Сондықтан, ұрлық түбі – қашанда қорлық екенін ұғынып, қоғамның діндеп кеткен бұл індетін қалай болса да тоқтату керекпіз, – дейді Еңбекші елді мекенінің тұрғыны Мұқағали Әуезханұлы.
Өткен жылы елімізде 500-ден астам мал ұрлығы деректері анықталған. Ұрланған 5 мың бас ірі қараның 3 мыңға жуығы табылып, заңды иелеріне қайтарылған. 60 қылмыстық топ ұсталған. Ал өткен жылы ауданда мал ұрлығы дерегі бойынша 12 қылмыс анықталған. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде бұл 33,3 төмендеген. Яғни, биыл ауданда 8 мал ұрлығы дерегі тіркелген.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, биыл аймақта құқық бұзушылық біршама азайған. Нақтылайтын болсақ, кісі өлтіру – 50, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 22, алаяқтық – 11, қарақшылық – 50, мал ұрлығы – 54 процентке төмендеген. Сондай-ақ, қадағалаудың арқасында жол апатының да саны едәуір кеміген. Кісі өліміне соқтырған жол апаттары да 39 процентке азайыпты.
Аудан көлемінде мал ұрлығы Қоғалы ауылық округінде – 5, Жуантөбеде – 1, Сұлутөбе мен Тұран ауылдық округінде де – 1 дерек тіркелген. Осыған байланысты жыл басынан бері мал ұрлығының алдын алу бағытында 4 мобильдік топ құрылып, қырағылық танытуда.
P.S. Иә, десе де маңдай термен жинаған төрт-түлік малдың, оңай жолда барымташыларға олжа болып кеткені кімнің болмасын кеудесіне зіл, көңіліне мұң ұялайтыны белгілі. Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбаев «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп бекер айтпаса керек-ті. Адал еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып игілікке жеткізеді. Ал оңай жолдағы олжа адамға ешқашан опа алып бермесі анық. Адал іспен нан табайық, арам іске жоламайық!