Kyzylorda-news.kz Қазақ қашан да жақсы жарымен, атымен және баласымен мақтанған емес пе?! Бала дегеніміз – ол біздің болашағымыз. Осы ретте, «өнерлі бала сүйкімді» демекші, Шиеліге қарасты Шеген Қодаманов ауылының өнерпаздары, №158 орта мектебінің оқушылары Нәйла Болатқызы мен Жанель Серікбай Түркия елінде өз өнерлерін көрсетіп, Италия мемлекетіне жолдама алды. 

Біз сөз еткелі отырған кейіпкерлер Ш.Қодаманов ауылы «Art lifе» өнер орталығының көркем оқу үйірмесінің мүшелері. Талабы таудай жас өрендердің көркем әдебиет пен өнерге деген қызығушылығы жоғары.  Алдымен олар Түркістанда өткен «Жауқазын» байқауынан бас жүлдемен Түркия еліне жолдама алады. Әрмен қарай мамыр айының 23-27 аралығында Стамбулдағы «Жібек жолы», «Ipek yolu» жас таланттар өнер байқауында гран при ұтып алып, жеңіс тұғырынан көрінді.

– Бұл байқау Стамбул қаласының әкімдігінің қолдауымен, Стамбулдағы қазақ диаспорасының және Йөрүк Түркмен қауымдастығының ұйымдастыруымен өтті. Аталған сайысқа 4-18 жас аралығындағы дарындылар қатысып бақтарын сынады. Байқаудың мақсаты да талантты балаларды үлкен сахналарда машықтандырып, түркі тілдес халықтар арасынан ең үздік өнерпаздарды іріктеп еуропа елдеріне таныту еді. Қатысқан барлық балалар өздерінше ерекше әрі жан-жақты. Мен өз оқушыларыммен мақтанамын. Олардың бұл жарыста жоғары нәтиже көрсететініне сенімді болғанмын. Нәтижесі тіпті ойлағанымнан да асып түсті, –деді жетекшісі Қалдықыз Оралбаева.

«Баланы жастан» дейді халқымыз. Жас та болса да, «елім, халқым» деген үлкен жүректі Нәйлә мен Жанелдің болашағы жарқын.Бұны олармен тілдесе отырып байқаған едік. 

– Әрине, қобалжулар болды. Дегенмен, біз бар күш-жігерімізді жинап, жүлделі орын алуға тырыстық. Сондай-ақ тек ғана жарысқа ғана қатысып қана қоймай, Түркияның көрікті  жерлерімен танысып, жақсы әсер алып айттық. Бізді қолдаған ата-анамызға, ұстаздарымызға, ағайын-туыс, дос-жарандарға алғысымыз шексіз. Әсіресе, «Art lifе» өнер орталығының басшысы Айсұлу Ысқақова апайымызға ризашылығымызды білдіргіміз келеді, – деді жеңімпаздар. 

Айта кетейік, дүбірлі сайыста Нәйла Ұлықбек Есдәулетовтың «Қазақстан» атты өлеңін мәнерлеп оқып берсе, ал Жанель Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» атты өлеңін нақышына келтіре оқып, залда отырған көрермендерді тамсандырды. Міне, осындайда қазақ «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп бекер айтпаған. Қарапайым ғана ауылда туып, ата-анасының, ұстаздарының қолдауымен осындай жетістікке жеткен олар, расымен де мақтануға тұрарлық.

Тағы да оқыңыз: