Kyzylorda-news.kz Қоғамдық сананың қалыптасу үшін де, уақыт талабына сай өзгеру үшінде оған ықпалды күш болады. Олар – өмірлік тәжірибесі мол аға буын. Қай қоғамда да  алдыңғы буын өзінен кейінгілерге жол көрсетіп, бағыт береді. Дала заңы бойынша ел ішіндегі екеуара немесе руаралық дауларды әділ шешіп, жанжалдасқан екі тарапты мәмілеге келтіріп, татуластырыпты. Бұл дегеніміз қандай жағдайда да ақсақалдарымыз ел ішінің бірлігін сақтап қалуды көздеген. 

Бүгінде  ел ісінде ақсақалдардың үлес салмағы басым. Тәуелсіздіктен соң қоғамдық институттар қалыптасты. Солардың бірі – ақсақалдар кеңесі. Бұл кеңес түрлі деңгейде нәтижелі жұмыс істеп келеді. Мұнда жиналған қауым  сан-алуан мәселелерді талқылап, ұйғарымға келеді. Деректерге сүйенсек, ақсақалдар кеңесінің  тарихы көне дәуірден басталған. Қазақ елінде тарихи рөл атқарған «Хан кеңесі», «Билер кеңесі» де өз бастауын осы ақсақалдар кеңесінен алады, бірақ айырмашылығы елеулі. «Хан кеңесі» мен «Билер кеңесі» аса шұғыл, ел басына қатер туған шақтарда болмаса, басқа кезде келісім бойынша белгіленген мерзімде өткізіліп отырған. Ақсақалдар кеңесі ауыл-аймақтың тұрмыстық, шаруашылық қажеттеріне орай кез келген уақытта өткізіле берген.

Жақында Шиелі аудан әкімдігінің мәжіліс залында Шиелі аудандық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысын Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев ашып беріп, жүргізді. Әрмен қарай жиында жылдық жоспарға сәйкес маңызды мәселелер қаралды.

Жиынға Шиелі аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, Шиелі аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы К.Есенбаев және бөлім әдіскері Г.Сейтова, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің Шиелі аудандық этносаралық сарапшысы Б.Өтебаев, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен жиында Шиелі аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дана Аман құрылыс саласындағы атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттері жайлы хабарламасын айтты. 

– Өздеріңізге мәлім, 2023 жылы бөлім бойынша 27 нысанға 2 млрд 808 млн 576 мың теңге қаржы бөлінді. Атап айтсақ, Еңбекші, Жиделіарық, Тәжібаев елді мекендерінің газ құбыры және орамішілік газ тарату желілерінің құрылысы пайдалануға берілді. Еңбекші елді мекені бойынша 3,9 км орташа, 13,4 км төменгі қысымды газ желілері және 9 дана ШГРП (шкафты газ реттегіш пункті) орнатылды. Сондай-ақ Жиделіарық ауылы бойынша 3,7 км орташа, 11,2 км төменгі қысымды газ желілері және 8 дана ШГРП құрылды. 

Айта кетейік, Шиелі ауданындағы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына арналған 50 тұрғын үйлерді сатып алуға 480,0 млн теңге қаралды. Ал биыл аудан бойынша құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 2023 жылы 4 млрд 100 млн теңге құраса, 2024 жылы 6 млрд 539 млн болып отыр. Бүгінде бөлім бойынша 2024 жылы 23 нысан бойынша 2 млрд 771 млн қаржы игерілуде, – деді Д.Смаханұлы. 

Баяндамадан соң, кеңес мүшелері өзекті деген Қарғалы ауылына баратын дарияның үстінен салынатын көпір құрылысы жайлы және 9 қабатты үйдің жай-күйі, қай мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, клубтар құрылысы, 900 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы қашан басталады, алдағы уақытта құрылыс саласында жобалар бар ма, электр желілерін жаңғырту жөнінде сұрақтар қойылды. Әрі оған тиісті бөлім басшысы нақты жауабын  беріп, жан-жақты түсіндірді. 

Қатысушылар тарапынан қаңғыбас иттерден халықты қорғау жолдары және Конго-Қырым безгегі кенеден қорғану туралы да ұсыныс-пікірлер айтылды. Сонымен келелі кездесуді кеңес төрағасы Исабек Сәрсенбайұлы қорытындылап, ауданның құрылыс саласында атқарылған жұмыстар жөнінде тыңғылықты дайындалып, слайдтың көмегі арқылы ауқымды атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған Дана Смаханұлына ризашылығын білдірді. Кеңес отырысы нәтижесінде хаттама рәсімделіп, тиісті мемлекеттік органға мерзімінде орындау үшін ұсыныстар жолданатын болады.

Тағы да оқыңыз: