Kyzylorda-news.kz Елімізде маусымның әр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлер күні. Адамзат тарихындағы ұлы мамандықтардың бірі – дәрігерлік. Жанға шипа табатын ақ халаттылар тек мереке қарсаңында емес, күнделікті өмірде де құрметке лайықты. Әлбетте, ауруынан құлан таза айығып, денсаулықтың қадірін түсінетін әр адам дәрігерлерге алғысын айтып жатады. Бұл күнді атап өту шиеліліктер үшін игі дәстүрге айналған. 

Жақында Шиелідегі Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде медицина қызметкерлеріне арналған «Деніңе саулық, дертіңе шипа сыйлаған» атты салтанатты шара өтті. Мерекелік кеште дәрігерлер қауымының сырқатқа ота жасау сәтінен бейнекөрініс көрсетіліп, арты сахналық қойылымға ұласты. Мұнан соң Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов сахна төріне шығып, ақ халатты абзал жандарға жүрек жарды жылы лебізін жеткізді. Әрмен қарай ол медицина қызметкерлері мерекесіне орай бірқатар сала мамандарын марапаттады. 

– Құрметті медицина саласының қызметкерлері! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Халықпен біте қайнасқан қастерлі еңбек иесі – медицина қызметкері болу мәртебелі әрі жауапты мамандық.  «Бірінші байлық – денсаулық», деп дана халқымыздың сөзі бекер айтылмаған. Ауырсақ тәнімізді емдеп, жанымызға дем беретін дәрігерлер қауымы әркез құрметке лайықты жандар. Ұлт саулығы – мемлекет болашағының кепілі. Қазіргі таңда ауданда денсаулық саласында елеулі өзгерістер бар. Атап айтсақ, былтыр 1 млрд 285 млн теңгеге Бала би, Досбол датқа, Бұланбай бауы елді мекендеріндегі медициналық амбулаториялардың нысандары халық игілігіне пайдалануға берілді.

Қоса кеткен жөн, көпбейінді орталық Шиелі аудандық аурухана ғимаратына блок қосып, қайта жаңғыртуға 733,0 млн теңгеге ЖСҚ әзірленіп, құрылысын бастау жоспарлануда. «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеу жұмысына 255 млн теңге, Бәйгеқұм ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның ғимараты мен Көкшоқы медициналық-санитарлық көмек орталығы ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге ЖСҚ жасақталуда. Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Ақмая ауылдарындағы амбулаторияларының жылу жүйесі толық көгілдір отынға ауыстырылды. Досбол би ауылдық амбулаториясы мен аудандық тері аурулары бөлімінің ғимаратын газдандыруға жобалау жұмыстарын да әзірлеу көзделуде, – дейді Б.Әбдулхайысұлы.  

Келесі салтанатты шараның сөз кезегін Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы бас дәрігері Алмас Әбдіғаппарұлы жалғады. 

– Денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерін ерен еңбегі бағаланатын күн. Тәуекелге бел буып, тәулік бойы көз ілмей, тынымсыз тірлік кешетін сіздердің еңбектеріңізді нағыз жанкештілік деуге болады. «Тәні саудың – жаны сау» демекші, жарқын болашақтың кепілі болып табылатын денсаулық мәселесін жетілдіру – біздің негізгі парызымыз. Кәсіби мерекені аудандық көпбейінді орталық ауруханасының ұжымы жақсы көрсеткіштер көрсетуде. 2024 жылдың 5 айлық қорытындысымен 213 998 дәрігерлік қабылдау жүргізілген. Осы кезеңде 546 хирургиялық ота жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітіліп, оның оң нәтижелерін өңіріміздің тұрғындары да сезінуде.

Атап айтсақ, былтыр Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 558 миллион тенгеге заманауи медициналық құрылғылар алынды. Бала би, Бұланбай бауы, Ақтоған елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялардың жаңа ғимараттары пайдалануға берілді. Сондай-ақ бес ауылдық округте (Ортақшыл, Алмалы, Тартоғай, Бестам, Телікөл) дәрігерлік амбулаториялардың жаңа ғимараттары салынады. Аудан орталығында аудандық ауруханының жұқпалы аурулар бөлімінің 30 төсектік жаңа ғимаратының құрылысы басталып, МРТ аппаратын орналастыру үшін қосымша құрылыс жүргізіледі.

Аймақ басшысыны тікелей қолдауымен жылдың аяғына дейін облыстың емдеу мекемелеріне 200 санитарлық автокөліктер алынады. Бүгінде оның 50 -і келіп, Шиелі ауданына 6 автөкөлік бөлінді.

Шежірелі өлкенің медицина саласына ірі кәсіпорындар да, өз көмегін көрсетуде. Мәселен, «Гежуба-Шиелі» цемент зауыты Еңбекші ауылының тұрғындарының өтініші бойынша дәрігерлік амбулаторияға жаңа санитарлық автокөлік сыйлады. Біздің жұмысымыздың ең басты көрсеткіші медициналық қызметтің сапасы болып табылады. Соңғы екі жылда медициналық қызметтің сапа индикаторларының көрсеткіші бойынша Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы «Жасыл аймақта» екенін атап өткім келеді, – деді ол. 

«Дені сау адам – қоғам байлығы» деген халқымызда дана сөз бар. Сол байлығымызды сақтауға, сапасы мен санын арттыруға, халқымыздың дені сау, ойы сергек болып қалыптасуына дәрігерлердің үлесі көп. Бүгінде Шиелі ауданындағы ақ халаттылар ауырып ем іздеген адамға ем-дом көрсетіп аяғына тік тұрып кетуіне қолдан келген көмегін жасап келеді. Аудан көлемінде 1 аудандық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 Көкшоқы, 1 жалпы тәжірибелік бөлім, 19 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық бекет, 3 фельдшерлік-акушерлік бекет қызмет көрсетеді. Осылардың қай-қайсысында болсын адам саны үзілген емес. Таңның атысы, күннің батысында да абзал жандар басы ауырып, балтыры сыздағандарға көмек қолын созуға әрқашан дайын. Осыған байланысты жыл сайын Шиелі аудандық ауруханасының да ахуалы жақсарып келеді. Өйткені адам жанын емдеуде қателесуге, мүлт кетуге болмайды. 

«Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші, адам үшін ең басты орында тұратын – денсаулық. Осы «олжаны» сіз бен бізге сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін аудан дәрігерлері мен медбикелері. Қазіргі таңда Шиелі ауданы көлемінде 190 дәрігер, 431 орта буынды медицина қызметкерлері өзгенің жанын аман сақтау үшін өз жанын отқа да, суға да салып еңбек етуде. 

Іс-шараның соңында медицина саласының қызметкерлері әуелете ән шырқап, қонақтарды өнерімен тәнті етті. Сонымен дәрігерлер – бүгінгі бейбіт күннің батырлары. Олар күннің қандай мезгілі болса да, қандай мерзімі болса да алдына келген адамды емдемей қайтарып жібермейді. Тіпті түнгі ауысымға қалып, жедел түрде көмекке зәру тұрғынды да қабылдап алып қалатынына көзіміз куә. Сол себепті ақ халат пен ақ пейіл, адал жүрек иелеріне қандай алғыс айтсақ та артық емес. 

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ 

Тағы да оқыңыз: