Kyzylorda-news.kz Кәсіпкерлік саласының өркендеуі халықтың әлеуметтік әлеуетінің артуына ықпал етеді. Елдегі бұл саланың кеңінен қанат жайып, өркендеуіне жеке кәсіпкерлердің қосып келе жатқан үлесі зор. Әсіресе киелі Шиелі өңірінде дәл осы бағыт қарқынды дамуда. Оны кәсіпкерлер жеткен жетістіктерден аңғаруға болады. Ал дәйек ретінде Шиелі ауданының тұрғындары ағалы-інілі Нұрбол мен Еркебұлан Есеновтерді айтуға болады. 

Өздерінің еңбектерімен берекелі кәсіп түрін табысқа айналдырып отырған кәсіпкерлер қағаз майлықтар өндірісімен айналысады. Істі бастамас бұрын кейіпкерлеріміз ішкі нарықты егжей-тегжейлі зерттеп, өз мүмкіншілігін бағалап алған. Енді олар өндіретін өнімге сұраныс бар екенін де жақсы біледі. Қондырғылар күніне 3000 мың майлық шығаруға қауқарлы. Қытайдан жеткізілген бұл құрылғыны ағайынды бауырлар өз қаражаттарына сатып алған.

– Негізі қағаз майлықтар – қоғамдық тамақтану кәсіпорындарда және үй тұрмысында кеңінен қолданылатын өтімді гигиеналық тауардың бір түрі. Жалпы, бұл кәсіп жайлы көп іздендік. Қалаларға барып талдау жасап, саралай бастадык. Содан бір күні «Шиеліге осындай ерекше өндіріс керек-ау» деген оймен тәуекел жасап жұмысты бастап кеттік. Нәтижесінде ойға алған кәсібіміз қазір жүзеге асуда, – дейді Нұрбол Есенов. 

Інісі Еркебұлан Есеновтың айтуынша, «Ordа» деп аталатын Қызылорда қағазы өте ыңғайлы. Өзінің ерекшеліктері де бар. Біріншіден, қолға жабыспайды әрі жұмсақ. Қағаз майлықтың 100 данасы – 140 теңгеден, ал 80 данасы – 110 теңгеден сатылады. Бүгінде аудандағы біршама қоғамдық тамақтану орындарынан сұраныс бар. Атап айтсақ, «Дәмді», «BBQ Fastfood», «Lime», «Төрлет», «Chery», «Maki Maki», «Зухра» және «Urbo», «Сlobal», «Honey mood», «Bake донер», «Тандыр самса», «Нұркелді» секілді мейрамханалар мен кафелерге таратылады екен.

Кәсіпкерлікте адал еңбегімен өз замандастарына үлгі болып жүрген бұл азаматтардың кәсіптік идеясы өңір тұрғындарының көңілінен шығуда. Кәсіптің түбі нәсіп болатынын, жақсы бастама тек ғана биіктерге жетелейтінін олар әсте естерінен шығармақ емес.

Тағы да оқыңыз: