Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның туризм саласындағы əлеуеті жоғары екенін айтқан-ды. «Еліміздегі туризмнің əлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ, сол жерлерге барып, демалуға əлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мəселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет» деген еді Президент сөйлеген сөзінде. Сонымен қатар туризм саласына көбірек инвестиция тартуды тапсырды. Президент пәрменіне сəйкес, бүгінде Шиелі ауданында туризмді дамыту бағытында жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, шағын өлкеде туризм саласы бойынша жобалық құны 680 миллион теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылған. 

Жері – абат, құшағы – салқын-сабат Шиеліде туризм саласы түрленіп келеді. Айталық, киелі де қасиетті мекенді тамашалауға ниет білдіргендер саны да өсіп келеді. Сала бойынша ауданда орналасқан тарихи мұра «Оқшы ата» кесенесі, «Бала Сауысқандық» шатқалындағы тасқа қашалған көне суреттер, «Нартай Бекежанов» мемориалды өнер музейі, «Ыбырай Жақаев» күріш өсіру тарихи музейлерін аудан қонақтары келіп тамашалауда. Сонымен қатар Бәйгеқұм ауылындағы «Ханқожа» көлінің жағалауындағы жазғы демалыс орындарына қызығушылық танытып, келушілердің қатары көбеюде. Қала берді Дарбаза, Қосқөл мен Ақбұлақтың өзі ғажап бір туризм дерсіз.

– Бәйгеқұм ауылдық округінде орналасқан "Ханқожа" көлінің жағалауында жазғы маусымда көл жағасынан демалыс орындарын ашып, балық аулау, суға шомылып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасалуда. Яғни 62 жағажай орны ашылып, 7 катер және 34 әртүрлі маркалы қайық пен 33 шағын катамарандар демалушыларға ақылы түрде жалға беріледі. Осылайша кәсіпкерлік қызметтің жаңа түрі дамып келеді. Маусымдық кезең уақытында шамамен 3600 келушілер жағажайда демалады. Көл жағасындағы демалыс орындарында арнайы құтқару балондарымен, арнайы киімдермен қамтамасыз етілген. Құтқару бекетінде 2 адам қызмет етеді, – дейді аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің әдіскері Наурызбай Арғынбайұлы.

Ұзындығы 47 шақырымды құрайтын демалыс аймағы нағыз туристерге арналған аймақ десек, қателеспеген болар едік. Себебі Сыр еліндегі Қамбаш көлінен кейін үлкен аумаққа ие бұл көлдің маңы туризмді сөз еткенде ұмыт қалмай айтылуы тиіс басым бағыт. Айта кетейік, өткен жылы Шиеліге сырт аймақтан келген туристер саны 7993 болса, биыл 8100-ге жуық адам жоспарлануда.

Тағы да оқыңыз: