Kyzylorda-news.kz Ата-бабаларымыз «қыстың қамын жазда ойла» деп бекер айтпаса керек. Орыстың жазушысы Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалында ала жаздай ән салып, қамсыз болған шегірткенің қытымыр қыс келгенде үлкен ауыртпалықты бастан кешіргенін баян еткені естеріңізде болар. Сондықтан қыс мезгіліне дайындықтың жоғарғы деңгейде болуы кез келген аудан үшін маңызды.
Шиелі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы Қайрат Мырзакеевтің айтуынша, Шиелі ауданында жылу маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
– Жылу беру маусымы жақындаған тұста әлеуметтік нысандарда коммуналдық жүйелердің апаты мен ақауларын болдырмау аса маңызды. Бұл тұрғыда «Шиелі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-де 10 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ішіндегі Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы №55 бұйрығына сәйкес «Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдарға күзгіқысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын беру» қызметіне www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш қабылданады. Қызмет көрсету тәртібі осы қызметтің қағидасына сәйкес 15-ші тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін жүзеге асырылады. Сондай-ақ, арнайы комиссия құрылып, мекемелердің дайындығы жіті бақыланатын болады, – дейді сала маманы.
Мәселен, өткен жылы әлеуметтік салаға қажетті 9,2 мың тонна көмірдің 3 мың тоннасы, ал аудан тұрғындарына қажетті 23 мың тонна қатты отынның 13,5 мың тоннасы жеткізілген. Сондай-ақ Шиелі ауданының өндірістік және әлеуметтік кешендеріне жылу беру маусымын өткізу үшін жедел штаб жасақталып, кент және ауыл әкімдері мен бағдарлама әкімшілері бекітілген іс-шара бойынша тиісті жұмыстарды жүргізілгендігін де тілге тиек етті.
Мамандар күн суыта бастағанда қатты отынмен жылынатын жандар арнайы көмір сататын орындарға лап беріп, ұзын-сонар кезек тудырмас үшін ертерек қам жасау керектігін де айтады. Себебі қоймаларда жұртшылықтың сұранысына ие бірнеше көмір түрлері қазірдің өзінде бар.
Мұнан бөлек, Шиелі ауданындағы әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығына келер болсақ, жалпы ауданда 134 нысан қыс қамына кірісіп кеткен. Оның 60-ы білім саласына, 24-і мәдениетке, 9-ы спортқа, 41-і денсаулық саласына тиесілі мекемелер. Аталған ғимараттардың 21-і сұйық отынмен, 88-і қатты отынмен, 25-і газбен жылытылады.
Ал көгілдір отын мәселесіне келер болсақ, Шиелі ауданы бойынша газдандыру қарқыны уақыт өткен сайын артып келеді. Бұндай игі жұмыстар тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына сеп болуда. Осыдан 1 ай бұрын ғана өңірдегі Бестам және Телікөл ауылының газ құбырларына табиғи отын жіберілген болатын. Ал биыл жыл басында Еңбекші мен Жиделіарық ауылдарында газ алауы тұтанғаны тағы бар. Бүгінде бұл іс жалғасын тауып, көгілдір отынмен қамтамасыз етілген елді мекендердің қатарына Алмалы және Ақтоған ауылдары да қосылды. Облыс әкімі биыл 4 млрд теңгеге аймақтағы 12 елді мекен табиғи газға қосылатынын айтып өтті. Сондай-ақ ел дамуының қайнар көзіне айналған инфрақұрылым мәселесіне тоқталды.
– Халықпен кездесулерде жиі көтерілетін мәселе – электр желілерінің тозығы жеткендігі. Осы орайда Шиелі кентіндегі электр желілерін қайта құрылымдауға өткен жылы 100 млн, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен электр желілері ауыстырылады. Бұдан бөлек жобалық құны 4,5 млрд теңге болатын аудандағы қосалқы станцияны қайта жаңғырту жұмыстарына Ұлттық қордан 1,5 млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылының сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысына республикалық бюджеттен 153 млн теңге бөлінді. Шиелі ауданында 3 млрд 250 млн теңгеге ұзындығы 21 шақырымды құрайтын жол жөндеуден өтті. Оның ішінде Самара-Шымкент тасжолына орташа жөндеу жүргізілді. Аудандық маңызы бар Шиелі-Қодаманов жолындағы көпірге 311 млн теңге бөлініп, қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірдегі денсаулық сақтау саласының бюджеті 130 млрд теңгеден асты. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Шиелі ауданының 5 елді мекенінде дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады. Сонымен қатар кенттегі ауданаралық, көпбейінді ауруханалар жанындағы қосымша нысанның құрылысы жүргізілмек. Шиелі кентінде спорт комплексі және Бестам ауылында 150 орындық ауылдық клубтың құрылыс жұмыстарын бастау үшін тиісті қаражат бөлінді, – деді.
Жиын барысында «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында газ жүргізуге үлес қосқан азаматтар, ауыл ардагерлері мен бірқатар сала мамандары облыс әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар Н.Нәлібаев су тасқынына байланысты елдегі ахуалды сөз етіп, қиын шақта бірлесе жұмыс атқарып жатқан аудан тұрғындарына алғыс білдірді.
– Еліміздің бірнеше өңірінде су тасқыны орын алды. Апат айтып келмейді. Мемлекет басшысы су басқан аймақтарды арнайы аралап, халықтың ортасынан табылды. Баршамызды сын сағатты бірге еңсеруге шақырды. Халқымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетіп, қол ұшын беруде. Осы тұста әркез Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруда көмектерін аямайтын, берекебірлігі жарасқан еңбексүйгіш Сыр халқына, өздеріңізге шексіз ризашылығымызды, алғысымызды білдіргіміз келеді, – деді ол.
Жасыратыны жоқ, бүгінде Шиелі ауданы үлкен құрылыс алаңына айналды. Жыл сайынғы халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында аймақ басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар ел игілігіне қалтқысыз қызмет етеді деген сенімдеміз.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
