Kyzylorda-news.kz Қазақтың кеңпейілділігін, дарқандығын білдіретін небір салт-дәстүрлер бар. Бүгінгі таңда оның бірі кеңінен қолданылса, кейбірі ұмытылып бара жатқаны шындық. «Көршімен жақсы болсаң, жұтқан ауаң да кең болады», «Көршіні құдай қосады», «Алыстағы ағайыннан, жаныңдағы көршің артық», «Таспен қоршама, көршімен қорша». Иә, бұл мақалдар өзін айналасындағы көршісімен бай санайтын қазақ өміріндегі көршінің алар орнын айқындап тұр. Біз бұл сөздерді бекерден бекер айтып отырған жоқпыз. Бүгінгі біз қаузайтын тақырып та көршілердің арасын жақындататын жоралғы тұрғысында өрбімек. Яғни, уақыттың ағымымен күнделікті тіршілікте ұмыт болып бара жатқан дәстүрлердің бірі – ерулік беру туралы тарқатамыз.

Кез келген отбасы қоныс аударар сәтте болашақ көршілерінің қандай болатынын ойлайды. Әрі барған ортасы жылы қабылдап, тез тіл табысуды армандайды. Іргелес қонған шаңырақтың үйренісе алмай тосырқайтынын біліп, дана халқымыз ерулік беруді ойлап тапқан. Салт бойынша көшіп келген үйдің орналасуына қолғабыс беріп, одан соң кезектесіп қоныстанушыларды бала-шағасымен дәм татуға шақырады. Бұл қазақ халқының аралас-құралас, яғни жақын, бір-бірімізге бас-көз болайық деген ниетінен туған. 

Өкінішке қарай, дәстүрдің бұл түрі еліміздің қалалық аймақтарында ұмытылып барады. Тіпті «Көршіңіз кім?» деген сұраққа тосырқап қарайтындары да кездеседі. Алайда, сіз қыдырып немесе іс-сапарға кеткенде, көршіңіз үйіңізді ұры-қарадан сақтап, көзінің қырын салып жүрсе, өзіңіздің де көңіліңіз тыныш болмай ма? Әрі келген қонағыңызды да біркісідей күтеді. Арамызда ешкімге тісжармаған сырын көршісімен бөлісетіндер де бар. Сондықтан әңгімемізге арқау болған еруліктің маңыздылығы айтпаса да түсінікті шығар. 

Ертеректе жаңа көшіп келген көршіге тиісінше құрмет көрсетілмесе, би-шешендерге шағымданатын болған екен. Ата дәстүрді сыйламағаны үшін тіпті айыппұл да төлеген. Ата-бабамыз көршісінің қандай ұлт екеніне қарамай, ерулік беріп, жатсынбай қарсы алған. Яғни, олардың жерімізге тез сіңіп кетуіне жағдай жасаған. Осының әсерінен елімізде өзбек, орыс, шешен, кәріс т.б. ұлт өкілдері қоныстап қалып, өз Отандарына оралуға асықпаған. Бұл күнде өз елдеріне қоныс аударғандары қазақтың қонақжайлылығын ризашылықпен сөз етеді екен. 

Мәселен, 2000 жылы Германияға көшкен Нелли Обендерфер Шиелі ауданының тұрғыны еді. Ол отбасымен 1940 жылы небәрі 2 жасында Украинадан Шиелі ауданы, Алғабас ауылына қоныс аударып келген. Кішкентайынан Шиелі топырағында өскен Нелли 1955 жылы украин ұлытының азаматы Томасқа тұрмысқа шығып, 1995 жылға дейін Жаңатұрмыс ауылында тұрады. Дүниеге 10 бала әкелген батыр ана. Қазақша еркін сөйлейтін Нелли Обендерфер 25 жыл Байсын ауылындағы №207 Жаңатұрмыс орта мектебінде тазалықшы болып жұмыс істейді. 

Шиеліден сонау Германияға отбасымен көшіп барғанымен, елеңдеп елге қарайлап отыратын Нелли Обендерфер сол жақта өмірден өтті. Бірақ дүниеден өтер алдында қызы Марина Фрайға Шиеліге соңғы сәлемін жеткізуді аманаттайды. 

– Анам тек қазақша сөйлейтін. Бізге де қазақша тәлім-тәрбие берді. Салт-дәстүрді үйретті. Бауырмал, тату-тәтті болыңдар деп қазақ балаларын үлгі етті. Германияға көшіп барғанымызбен Шиеліні аңсап, сағынып отыратын. Жаңатұрмыстағы көршілеріміз Дүкенбай аға мен Разия апа, Жақсылық аға мен Рахима апа, Аманбай аға мен Рабиға апаны жиі айтып, «мен бұл дүниеден кетсем, менің соңғы сәлемімді соларға жеткіз» деп айтып кетті, – деді М.Фрай. 

Осылайша, ана аманатына адалдығын білдірген Марина Германиядан Шиелі аудандық «Өскен өңір» газеті редакциясына хабарласты. 

Елден кеткеніне 24 жыл өтсе де, қазақ тілін ұмытпай, қазақша сөйлеп, оған құрметін көрсеткен Маринаның бұл ісі әрине, анасының тәлім-тәрбиесінен екені мәлім. Қазақ мектебінде 25 жыл, Шиелі жерінде 60 жыл ғұмырын өткерген Нелли Обендерфер өзі жетпесе де, киелі жерге сөзін жеткізді. Қимастық сезімін, елге деген сағынышын білдірді. Кең құшағын ашып, бауырмалдық танытқан қазақ халқына алғысын айтты.

Тағы да оқыңыз: