Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет» деген еді. Шыны керек, білімді әрі өнерлі оқушыларды бейімдеу, бағыттау – кез келген ұстаздың мақсаты һәм міндеті. Дарындыларды көтермелеуді, қолдау көрсетуді мемлекет те өз міндетіне алғандай. 

Осы тұста Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жөлек ауылының талантты ұлы – Мейірхан Балтабай туралы жазғымыз келіп отыр. Мейірхан Ерланұлы биыл аталған ауылдағы мектептің 7-сыныбын бітірді. 3 жасынан бастап домбыра мен гитара аспаптарына қызығып, ән айтып өскені осындағы ел-жұрттың жадында. Яғни Мейірханға «әнші бала» атын жеңгелері ғана емес, бүкіл ауыл-аймақ берді десек те болады. 

Осы жылдың наурыз айынан бастап Мейірхан – Шиелі аудандық «Балауса» ән үйірмесінің тәрбиеленушісі. Қазіргі танда жетекшісі – Гүлнұр Әбілова. Осы орайда, «ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген даналық сөз еске түседі. Өйткені әрбір жетістіктің артында жетекшісінің есіл еңбегі, маңдай тері мен ізденісі жатыр. Демек, талапты, талантты ұлды тануда, оған бағыт-бағдар беруде ұстазы аянбай, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Мейірханның мерейі үстем болса, әуелі Алла, екінші – жетекшісінің арқасы. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» десек, 1%-ы жас әншінің өз таланты болса, 99%-ы жетекшінің еңбегі екенін айтпай кетуге болмас. 

– Шәкіртім Мейірхан Балтабайдың өнерлі болып өсуіне әжесінің ықпалы көп тиген. Әжесі музыкаға қызығушылығын байқап, әрі қарай дамуы үшін барын салды. Шынын айтсақ, осы дәрежеге жетуіне үлесі орасан болды. Мейірхан әжесіне риза болып, «Менің әжем қуаныштан билесін» атты өлең айтып, «TikTok» желісі арқылы көпшіліктің көзайымына айналды, «Еуразия» телеарнасының «Көреміз» бағдарламасына арнайы шақырту алып, сұхбат беріп қайтты. Қанмен берілген қасиет қой. Әкесі де, анасы да ән салады, – дейді жас әншінің жетекшісі.

Жалпы, жас таланттың жеткен жетістігі өте көп. Облыстық, аудандық іс-шаралардың барлығына қатысып, бас жүлдесіз қайтпайтын жас өреннің арманы асқақ. Ол бұған дейін Түркістан қаласында өткен «Жауқазын» республикалық музыкалық балалар фестивалінде бас жүлде алды. Түркия мемлекетінде өтетін «Жібек жолы» халықааралық балалар фестиваліне жолдама алып, Молдабайдың «Молдабай» әнін шырқап, бас жүлде иеленді. Мейірханды қолдап жетекшілері Нұрислам Бозтай, Жаннұр Жәнібекова және Гүлсезім Пазылбек те бірге барды. 

Дауысы құлақтың құрышын қандырған, көмейіне бұлбұл ұялаған әнші бала өз өмірін болашақта мәдениет саласымен байланыстырады. 

– Мен ән салу арқылы демаламын. Өзімді болашақта мәдениет саласында көргім келеді. Елдің есінде қалатын, жүрегінен орын алатын әндерді шырқағым келеді. Меніңше, ән – кейбір жүрекке шипа, кейбір көріністерді тамыршыдай тап басады. Сол арқылы ол – өміршең, – дейді Мейірхан Балтабай. 

Қорыта айтқанда, жас талантты қолдаудан ешкім де, ешқашан да ұтылмайды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халық даналығының астарында көп үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие жатыр. Сондықтан Мейірхандай ел мерейін тасытып жүрген өнерпаз жігіттерді әрдайым қолдау керек.

 

Тағы да оқыңыз: