Kyzylorda-news.kz Жуырда Шиелідегі «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Сырлы бояу» үйірмесінің шәкірті Айзере Әділханқызының «Ғажайып сурет әлемінде» атты шығармашылық сурет көрмесі өтті. Таңғажайып туындыларды қылқаламмен қағаз бетіне түсіріп, жансыз бейнені тілсіз сөйлететін бейнелеу өнері екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Ал, осы үйірмеге он жылға жуық қатысқан 11-сынып оқушысы облыстық, республикалық және Ташкент, Лондон, Дубайда өткен халықаралық байқаулардың жеңімпазы болып үлгерген.

Жұртшылықтың қызығушылығын оятқан «Ғажайып сурет әлемінде» атты аталмыш көрмені «Арман» мәдениет үйінің директоры, өнер жанашыры Нұргүл Шалекеева құттықтау сөз сөйлеп, Айзереге шығармашылық шабыт пен толағай табыс тіледі. 

– Құрметті қонақтар, өнер жанашырлары. Қазақ даналығында «Өнерлі болу, бір құрмет, Өнерді сүю мың құрмет» деген сөз бар. Бүгін аудандарда көп бола бермейтін ерекше сурет көрмесіне қош келдіңіздер. Бұл Айзере Әділханқызының көрмесі әлемдік деңгейдегі сурет көрмесінің алғашқы баспалдағы деп білеміз. Сурет өнері ішкі құбылысты, өзінің сезіне алған ойдағы түйсігін бейнелеу арқылы жеткізу болып саналады. Айзерені қол өнерге баулып, сурет салудың қыр-сырын үйретіп жүрген ұстазы, үйірме жетекшісі Зухра Баймырзаеваға  ерекше алғысымды білдіремін» – деді мәдениет үйінің басшысы. 

Көрмеде Айзере Әділханқызының бірнеше жұмыстары қойылып, түрлі тақырыптарды қамтитын суреттері көрермен назарына ұсынылды. Суреттер тамашалау арқылы Айзеренің мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін түсінуге болады. Барлығы автордың қиялынан туындаған суреттер мен сезімін, көңіл-күйін білдіретін тамаша картиналар. Көрмені тамашалауға келген ата-аналар мен балалар ерекше көңіл күйге бөленіп, алдағы уақытта жалғасын табу беруін жекізді. Олардың айтуынша, бұндай шаралар бейнелеу шеберлігінің әрі қарай жетіліп, жаңа туындылардың пайда болуына қозғалыс алмақ. 

Кеше ғана алтын ұя мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған Айзере суретші мамандығын таңдап, шығармашылық емтихан тапсырғалы отыр. Өмірін өнермен өрнектеуді қалаған Айзеренің таудай талабы орындалса игі.

Тағы да оқыңыз: