Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданында сан салада атқарылып жатқан жұмыстар мен өсімдер ауыз толтырып айтарлықтай.
2022 жылы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, Шиелі ауданының тұрғындарын бақша дақылдарын егумен айналысуға 5 мың гектар жер үлестіріп беру жайлы тапсырма берген еді. Осы тапсырмаға сәйкес, 2023 жылы шежірелі өлкеде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азық-түлік импортын азайту мақсатында ауданда әр отбасы өзін-өзі қажетті өнімдермен жақдықтау үшін шаруашылық құрылымдары арасында жер дайындап беру мен үлестіру бойынша ауылдық округтерден 1350 гектар жер дайындалып, егін егуші 1227 азаматқа жер телімі берілетін болады. Сонымен қатар, 2022 жылы кент ардагерлеріне «Иіркөл» ауылдық округінен 8,9 гектар жер дайындалып, егін егуге берілген. Айта кетейік, облыс бойынша 19,724 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыру жоспарланған болса, соның ішінде 5405 гектары яғни, 27 проценті Шиелі ауданының үлесінде. Сондай-ақ, 2023 жылы суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісімен егілген көкөніс, бақша дақылдарын алдағы уақытта 265 гектардан 400 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Бүгінде 17 тұлғадан 8 000 гектар жайылымдық жер мемлекетке қайтарылған.
Осыдан екі жыл бұрын Шиелі ауданында барлығы 30074, 4 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылы орналастырылған. Тарқатып айтқанда, күздік бидай – 1649, жаздық бидай – 456, тары – 280, арпа – 50, дән жүгері – 110, соя – 150, жаңа жоңышқа – 3400, ескі жоңышқа – 6147,8, мал жемдік асқабақ – 137,6, жемдік жүгері – 60, күнбағыс – 15, картоп – 1198,1, көкөніс – 1769,05, бақша дақылдары – 2408, мақсары – 1494 гектар жерге егілсе, өңірдің басты брендіне айналған күріш – 10 750 гектар жерге себілген. Орта есеппен әр гектардан 55 центнер өнім жиналған. Ал өткен жылдың жоспары бойынша 30,538 гектар жерге егін орналастырылған. Атап айтқанда, күздік бидай – 1 650, жаздық бидай – 447, тары – 240, дән жүгері – 173, мақсары – 1 288, соя – 10 гектар, жаңа жоңышқа – 3 410, ескі жоңышқа – 5 578, мал жемдік асқабақ – 194, жемдік жүгері – 95, сондай-ақ картоп – 1 200, көкөнiс – 1 805 және 2 400 – гектарға бақша дақылдары егілген. Негізгі дақыл күріштің жалпы үлесі – 12 025 гектарды құраған.
Шырайлы Шиелінің өнімдерін өзге өңірлерден бөлек, өзге мемлекеттер де жақсы біледі. Оған мысал, Ақмаяның қауын-қарбызы, Бестамның картобы сырт елге жақсы танымал. Көктемнің алғашқы айлары өтсе болды, вокзал мен орталық базарға Түркістанның қауын-қарбызы бірінші келеді. Көп ұзамай өзіміздің саржау мен әміре, торламалар төбе көрсетіп, сырттан келген бақша өнімінің орынын алмастырады. Шиелінің өнімдері нарыққа кеш шықса да, жоғары сұранысқа ие. Сыр өңірі былай тұрсын, еліміздің алыс аймағы да Шиелінің өнімдерін алғысы келеді. Қазіргі уақытта өнімді тез нарыққа шығару үшін диқан қауымы дәріні көп қолданатындары белгілі. Беті жылтырап, иісі аңқығанымен ол өнімде айтарлықтай дәм болмайды. Сапа болмаған жерде, сұраныста төмен болатыны ақиқат. Ал Шиелі өңірінің топырағы құнарлы болғандықтан дәрі аз қолданылады. Сол себепті бұл маңда өсірілген өнім дәмділігімен қатар сақтауға шыдамды болып келеді. Шыдамды болған соң, алыс аймаққа тасымалдауға ыңғайлы. Бүгінде Шиеліден шыққан өнімдер тек ел аумағында ғана емес, Ресей мен Қырғыстан мемлекеттеріне жөнелтіліп отырады.