Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс» деген болатын.
Бұл тұрғыда Шиелі ауданында ілкімді істер атқарылып, халық игілігіне қажетті нысандар бой көтеруде. Әсіресе, бұқаралық спортты дамытудың маңызы артып келеді. Соның айғағы – аудан орталығына кіреберісте сән-салтанаты үйлесім тапқан, жаңа үлгіде жабдықталған спорт кешенінің пайдалануға берілуі.
Осыған орай, өткен жылы әлгіндегі спорт кешенін ашуға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шежірелі өлкеге келіп, ашылу салтанатына қатысқан болатын. Сонымен қатар бұл нысанның ашылуына Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» Мұрат Бақтиярұлы, Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов пен дербес бөлім басшылары, сала ардагерлері мен спорт жаттықтырушылары, аудан жұртшылығы шақырылған еді.
Сол жиында алғаш болып сөз алған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел Президентінің тапсырмаларына орай облыста халықтың әл-ауқатын арттыруға, бұқаралық спортты дамытуға жасалып отырған жағдайларға қысқаша тоқталып өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аймағымызда спорт саласын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Ел Президентінің бастамасымен 2022 жыл «Балалар жылы» деп аталғаны белгілі. Атаулы жылда демеушілер көмегімен 1 млрд 600 млн теңгенің 80 спорт-ойын алаңы балдырғандарға тарту етілді. Оның алтауы Шиелі ауданында балалар игілігіне берілді. Демеушілер бұл жұмыстарды биыл да жалғастыруда. Үкіметтің қолдауымен аймақта спорт құрылымын дамытудың ауқымды жобалары жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы Шиелі кенті «Көкшоқы» шағын ауданындағы спорт кешені күрделі жөнделіп, бүгінде онда тұрғындардың спортпен айналасуына барлық жағдай жасалған. Жастардың байрақты бәсекелерде, дүбірлі додаларда топ жаруына заманауи үлгідегі осындай нысандардың қосар үлесі мол, – деді облыс әкімі.
Салтанатты түрде Мұрат Бақтиярұлы, Өркен Исмаил мен Тұрмат Баймағанбетов көк лентаны қиды. Мұнан соң көпшілік кешеннің ішін аралап, волейбол, күрес, тренажерлық залдарда, баскетбол, футбол алаңдарында болды. Жаттығып жатқан балалармен тілдесіп, естелікке фотосуретке түсті. Шиелі ауданының балаларын спортқа баулитын кешен қажетті спорт жабдықтарымен қамтылған. Мұнда спортшылар волейбол, қазақша күрес сияқты спорттың әр түрінен үйірмеге қатысады. Кешен салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.
Айта кетейік, Сыр елінің саңлақтары спорттық додаларда жеңіс төрінен түспей жүр. Аймақ спортшылары өткен жылы ҚР чемпионаты мен кубоктарында 552 (175 алтын, 165 күміс, 212 қола) медаль жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарында 76 медальға (32 алтын, 24 күміс, 20 қола) қол жеткізген. Бүгінде облыс тұрғындарының 38 пайызы, яғни 316 мыңнан астам адам бұқаралық спорт түрлерімен шұғылданады.
Сондай-ақ өткен жылы «Көкшоқы» шағын ауданында 72 пәтер пайдалануға берілген-ді. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған көппәтерлі үйдің лентасы қиылып, тұрғын үй кілті иелеріне табыс етілді.
Алдымен қуаныш иелерін жаңа қоныстарымен құттықтаған өңір басшысы Мемлекет басшысының қолдауымен облыста құрылыс саласының қарқыны артып, ажары айшықтала түскенін сөз етті. Ірі жобалардың қолға алынып, сәулеті жарасқан еңселі ғимараттардың арт-артынан бой көтергенін де назардан тыс қалдырмады. Алдағы уақытта ел игілігіне берілетін өндірістік, әлеуметтік, мәдени-рухани нысандарды айтып өтті.
– 70-тен аса отбасының қуанышын еселемекпіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деген болатын.
Президентіміз бен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында 2023 жылдың тамыз айындағы облыс бюджетінің көлемі 604 млрд 100 млн теңгеге жетті. Бұл 2022 жылдың тамызындағы көрсеткішпен салыстырғанда 157 млрд 600 млн теңгеге немесе 55,3 пайызға ұлғайды. Оның ішінде Шиелі ауданының бюджеті 13 млрд 444 млн теңгеге жетті. Бұл ауқымды қаражат аймағымыздың ең өзекті саналатын мәселелерін шешуге, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалады. Қазір Сыр өңірі қарқынды құрылыс алаңына айналып, жаңа заманауи нысандар бой көтеруде. Облыста соңғы үш жылда жалпы ауданы 231 мың шаршы метрді құрайтын 2 868 пәтерлік 148 тұрғын үй салынды. Биыл 31 млрд 400 млн теңгеге 130 мың шаршы метр 1 924 пәтерлік 36 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта 1430 пәтерлік 30 үй халық игілігіне табысталады. Арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында алғаш рет 100-ден астам жас отбасыға тұрғын үй беріледі. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн теңге, барлығы 1 млрд 700 млн теңге қаражат бөлінді. Несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша биыл Қызылорда қаласында 520 пәтерлік 11 тұрғын үйді салып, пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, Сырдария өзенінің сол жағалауында 84 пәтерлік жеті қабатты 6 тұрғын үйдің құрылысы басталды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Бұл жолы мүмкіндігі шектеулі жандар, толық емес отбасы мүшелері, Ауған соғысының ардагері баспаналы болды. Осыдан-ақ ел Президентінің қолдауы барлық санаттағы адамдарға тиіп, олардың әлеуметтік әлеуетін арттырып, баспанаға деген мұқтаждығын шешуге серпін бергенін аңғардық. Әсіресе, үйлі болғандардың Мемлекет басшысына, облыс және аудан басшыларына ризашылығы мол. Олар бірінен соң бірі мінберге көтеріліп, жүрекжарды лебізін білдірді.
Пәтер кілтін табыстаған соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көппен бірге пәтерлерді аралап, құрылыс жұмысының сапасын көріп, үй иелерін құттықтады. Жаңадан беріліп жатқан тұрғын үй заман талабына сай жасақталып, барлық коммуникациялық желіге қосылған. Сондай-ақ балалар ойнайтын алаңқайы да қарастырылған.
Естеріңізде болса, 2023 жылдың мамыр айында Шиелі ауданындағы көпбалалы отбасыларға 20 тұрғын үйдің кілті табысталған еді. Оған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында 833,2 млн теңге қаржы бөлінген.
