Kyzylorda-news.kz Неміс ойшылы Артур Шопенгауэр: «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулымызға байланысты» дейді. Шынында, жанын қоярға жер таппай қиналғанда өміріне араша болып, емдесе, көмек қолын созса науқас үшін бір ғанибет емес пе? Адам өмірі қиындығы мен қызығы қатар жүретін ақ халатты абзал жандармен  тікелей байланысты. Ауру алқымнан алып, дерт дендегенде әр адам ақ халат киген алтын қолды қауымнан көмек күтеді. Дәрігерлерге артылар жүк те, жауапкершілік те ауыр. Әйтсе де, олардың ешқайсысы ел басына күн туғанда жұмысын тастап, қара бастың қамын ойлап, тасада тығылып қалмайды. Алмағайып заманда да төтенше жағдайда да, зілзала мен тасқында да медицина қызметкелері адам жанының емдеушісі болуға әзір. Бұл сөзімізге қай уақытта да көмек сұрап барғанда бетімізді қайтармай қызмет көрсететін сала мамандарының еңбегі дәлел. 

Дүйсенбі күні. Медицина қызметкерлерінің жұмысы таңғы 8-ден бастап қыз-қыз қайнайтынын жақсы білеміз. Дәл осы сәтті пайдалананып біз де жұмыс барысымен Шиелідегі ауруханаға қарай бағыт алдық. Осы уақытқа дейін дәрігердің алдына шипа іздеп баратын едік, енді міне, олардың жұмысымен жіті танысуға келдік. Бұл жолғы бағытымыз – қалпына келтіру, емдік оңалту бөлімі. Бөлімге кіргеннен бастап тазалыққа мән беретінін білеміз. Тазалықты қатаң талап ететін орында қылаудың ізі де байқалмайды. Бізді аталған бөлімнің меңгерушісі Ақтілек Даниярова қарсы алды. Білгір дәрігермен тілдесе отырып, орталықта 1 дефектолог, 2 логопед, 1 психолог, 1 аға мейіргер, 9 кезекші мейіргер, 5 тазалықшы, 1 шаруа иесі, 1 ас таратушы бар екенін білдік. Оңалтудың негізгі міндеттеріне мыналар жатады. Атап айтсақ, физикалық тұрғыдан көмек көрсету. Нақтырақ айтсақ, механотерапиялық аппараттар арқылы тұлға және буындар деңгейіндегі қимыл-қозғалысын қалыпты шамаға дейін жеткізіп, логопедиялық іс-шара –сөйлеу мүмкіндігінен айырылған науқастарды дыбыстық және сөздік қорын толық қалпына келтіреді. Екіншіден, медико-әлеуметтік және психолого-педагогикалық жағынан жұмыс жүргізіледі.Келесі рухани жағынан және ұйымдастырушылық-әдістемелік қызметтер атқарылады. Мүмкіндігі шектелген науқастарға рухани-адамгершілік әлеуетін қарастырып, жағдай жасайды. 

– Ауруханадағы емдік оңалту шаралары физиотерапиялық бөлме, емдік денешынықтыру залы, механотерапия залы, логопед, дефектолог, психолог, массажист мамандарының бөлмелерімен қамтылған. Біз айтып өткен физиотерапиядан бөлек мұнда емдік денешынықтыру, эрготерапия, логопед, психолог секілді оңалтудың негізгі әдістерін жүргізетін бөлмелер талапқа сай жасақталған. Білікті аяжандар Ш.Бекзадаева, Б.Ниязханова, Г.Батталова, С.Мұхтар, А.Тоқтыбаева секілді білікті мамандар еңбек етіп келеді, – дейді бөлім меңгерушісі А.Асанбайқызы. 

Сөзіміз құрғақ болмас үшін емделушінің пікіріне ден қоялық. 

– Осыдан бір жыл бұрын микро-инсульт алдым. Қатты уайымдадым. Расында, бұл өмірде денсаулықтың қадірін түсінуіміз керек. Осындай қиын кезде дәрігерлер адам жанын барынша үғады. Қиналған кезімде осы оңалту бөлімінің қызметкерлері маған көмектесіп, ем домымды жасады. Алғысым шексіз. Қазіргі таңда жағдайым жақсы. Әлі де емделіп, дәрілерімді уақытылы қабылдаймын, – деді кент ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Рахманберді Қарантаев.

Айта кетейік, оңалту орталығынан 2023 жылы 478 адам емделсе, 2024 жылы 3 айда 174 науқас оңалып шыққан. Расында, адам жанының арашасы болып жүрген жандардың орнына өзіңізді бір сәт қойып көріңізші? Әр емделушіні сағат сайын бақылап, әр түрлі диагнозбен жұмыс істеп, көңілін аулауға ауруханадан құлан таза айығып кетуіне атсалыса аласыз ба? Сырт көзге қарағанда бәрі оңай көрінуі мүмкін. Бір сарында көрінетін дәрігерлердің жұмысын атқаруға сабырыңыз бен батылыңыз жете ме? Бұл сұрақтардың жауабын білу үшін бір сәт дәрігерлердің тіршілігімен танысып көру керек шығар. Сол кезде ғана медицинада қызмет жасап жүрген қызметкерлердің жанқиярлық еңбек екенін ұғынармыз, бәлкім?!

Тағы да оқыңыз: