Kyzylorda-news.kz Әртүрлі бұрылыстар мен құбылыстардан тұратын адам өміріне араша болу – құрметті маман иелері – дәрігерлердің алдында тұрған үлкен жауапкершілік. Тынымсыз тірлікте кәсіби біліктілік пен үлкен шыдамдылық көрсетіп, халықтың алғаусыз алғысына бөленіп жүрген ақ халаттылардан құралған үлгілі ұжымдар біздің өңірде де жетерлік. Ендеше, айтулы мереке – Медицина қызметкерлері күнінің қарсаңында еңбектің адал жемісін көріп келе жатқан Шиелі ауданы орталығындағы "Мөлдір" дәріханасы жөнінде ой өрбітпекпіз. Бұл орын – басы ауырып, балтыры сыздап, жанына дауа іздеп келген әр тұрғынның маңдай тірейтін бірден-бір мекені, үмітінің шамшырағы. 

Расында, денсаулықтың кез келген адам үшін баға жетпес байлық екені сөзсіз. Сырқатқа салынып, тынымсыз бойың қысылғанда, тәніңе шипа берер ем іздеп аласұрасың. Сондайда ауырмайтын жол іздеген әр жан, әуелі, дәріхананың көмегіне жүгінеді. Бүгінде Шиелі ауданы тұрғындарына үзіліссіз әрі демалыссыз қызмет көрсетіп келе жатқан "Мөлдір" дәріханасын білмейтін адам кемде-кем. Орталықтың негізі сонау 1994 жылы қаланған. Содан бері мұнда сапалы әрі нәтижелі жұмыстар жалғасын тауып, дәрігерлері болса, ақ желеңін кір шалдырмай келеді. 

Білім мен тәжірибеге мейірімділікті ұштастыра білген ұжымға  Нұрлыбек Мырзабеков басшылық етуде. Қазіргі таңда дәріханада 23 қызметкер жұмыс істейді. Мамандықтың асылын таңдаған олардың бәрі де жоғары білімді, қазірге дейін жұдырықтай жұмыла тұрғындар игілігі үшін көптеген ауқымды іс атқарып жүр. Бұл бағыттың қыр-сырына қаныққан жоғары санатты дәрігерлер – дәрігер-терапевт Раиса Рашбаева мен дәрігер-гинеколог Күлзабида Ізбасханова – ісіне тиянақты, сауатты әрі білікті мамандардың қатарында, бүгінде жас буынға жол сілтеп, керек кеңеспен бөлісіп келеді. 

– "Мөлдір" дәріханасы аудан тұрғындары денсаулығының жақсаруына көп жылдан бері үлес қосуда. Ұжым өте үлкен, дәрігерлер үнемі ізденіс үстінде, тәжірибесін жетілдіріп отырады. Сондай жұмыстардың нәтижесінде түрлі аурудың алдын алып үлгердік. Осы тұста мекеме басшысы Нұрлыбек Аябекұлының еңбегі зор екенін айта кету керек. Халық сұранысына сәйкес сапалы қызмет көрсетуге, шет елден қажет дәрілер тасымалдауға септігін тигізіп отыр. 

Ақ халаттылардың кәсіби мерекесі қарсаңында мекеме қызметкерлеріне сәттілік тілегім келеді. Біз адам жанының арашасы ретінде ауданның денсаулық сақтау саласына әрі қарай еңбек сіңіре бермекпіз, – деді Шиелі ауданының "Құрметті азаматы", дәрігер-гинеколог К.Ізбасханова.

Көпшілікке таныс орталық меншігінде 2 дәріхана жұмыс істейді. Ғимаратқа бойласаңыз, әуелі, сату залында ауырып, ем іздеп келген жандарды фармацевт мамандар мен консультанттар құшақ жая қарсы алады. Олар сізге қажет дәріні таңдауға жәрдем беріп, оның құрамымен, қолданылуымен таныстырады. Дәріханадан әртүрлі дәрілік препараттар мен дәрумендерден бастап, медициналық бұйымдарды, табиғи косметиканы да таба аласыз. Сондай-ақ дәрілік шөптер бойынша қызмет көрсетіліп, арнайы балалар бөлімі жұмыс істейді. Қажет етсеңіз, білмегеніңізді сұрап, дәрігерден кеңес алатын жеке сұхбаттасу орны да бар. 

Дәрілер мұнда келісімшарт бойынша қызмет атқаратын фирмаларға тапсырыс беру арқылы алынады әрі арнайы қоймада сақталады. Сол қоймадан дәріхана бөлімшелеріне тапсырылады. Мекеменің аға провизоры Гүлсім Дүйсенбаева бүгінде қордағы дәрінің жеткілікті деңгейде екенін тілге тиек етті. Бұдан бөлек дәріхананың сұраныс бойынша әртүрлі препаратқа тапсырыс беріп, халықты қажет өніммен қамтамасыз етіп отырғанын атап өту керек. Дәрі бағаларына келсек, тұтынушылар тарапы олардың қолжетімді әрі салыстырмалы түрде арзан екенін жиі айтады. 

– Дәрі-дәрмекті үнемі осы жерден аламын. Маған дәріхананың қызмет көрсету желісі ұнайды, дәрілер де қолжетімді бағада. Халық үшін күндіз-түні жұмыс істеп жатқан мамандарға рақмет, – дейді дәріхананың тұрақты тұтынушысы Оразкүл Қантаева.

Әрі қарай кеттік. Ғимараттың екінші қабатына көтерілсеңіз, арнайы медициналық орталыққа тап боласыз. Мұнда сізге өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайтын, алдына барсаң, жылы лебізімен жаныңды жадырататын мейіргерлер қызмет көрсетеді. Шынында, аталған сала өз маманының күйзеліске төзімді, жүйкесінің мықты болуын талап етеді. Дәріхана мейіргерлерінің әрекетінен науқастардың сұранысына немқұрайлы қарамайтынын әрі барлығын бақылауда ұстап отыратынын байқадық.

Медициналық орталықта ине егу бөлмесі, массаж бөлмесі, арнайы емдеу кабинеттері жұмыс істейді. Бұл жерде күніне шамамен 100 науқас ем қабылдайды. Орталық қызметкерлері қазіргі таңда адамдардың көбіне тұмау мен аллергияға қарсы ем-дом қабылдауға, өт шаю мен ине егуге жиі келетінін атап өтті. 

Иә, қай жерің ауырса, жаның сол жерде тұрады. Сырқаттан сауығу үшін қолыңнан келгеннің бәрін жасауға тырысасың. "Мөлдір" дәріханасы сондай сұраныстарға сәйкес халыққа бірнеше қызмет түрін ұсынып келеді. Мәселен, мұнда денедегі салқынды алуға арналған электрофорез процедурасы, жүрек соғысын бақылайтын ЭКГ (электрокардиограмма) аппараты, қан айналымды қалыпқа келтіріп, ауруды басып, ісікті қайтаратын парафин терапиясы бар. Сондай-ақ өңірде таптыра бермейтін лазер аппараты да осында жұмыс істейді. Лазермен емдеу кез келген адамның қанын тазалап, оны сұйылтуға және иммунитетті көтеруге жағдай жасайды. Бүгінде бұл жөнінде хабардар болған жандар лазер аппаратына арнайы келуді әдетке айналдырған. Ал қызметкерлер өз кезегінде бар көмегін науқастарға бағыттайды. Олардың жағдайын күнделікті бақылап, талдамалар алып, емдік шаралар қолданады. Салауатты өмірді де дәріптейтін – осы дәрігерлер.

Мейіргерлердің осынау еңбегіне, шипалы алақандары мен мейірімді жүректеріне алғыс айтатындар көп. Медициналық орталық қызметін тұрақты пайдаланушы жанның пікіріне құлақ түріп едік. 

Тағы да оқыңыз: