maslihat_sailauy

Kyzylorda-news.kz Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту – бүгінгі күннің басты міндеті. Осы орайда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту  жөніндегі Ұлттық жобаның іске асырылу барысы Шиелі ауданында қалай жүріп жатыр екен? Бұл жөнінде жұмыспен қамту орталығына хабарласып, мән-жайды сұрастырып көрген едік.

Алдымен, статистиканы сөйлетсек. Шиелі ауданында экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны – 36213. Оның 34 406-сы жұмыспен қамтылған. Яғни 17 754-і жалдамалы қызметкер болса, 16 652-сі өз бетінше жұмыспен қамтылған халық. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрап отыр. Биыл орталыққа 2589 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 347 азамат тұрақты жұмыс орындарына орналастырылса, 885 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына (ақылы қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, жаңа бизнес-идеяларға қайтарымсыз мемлекеттік грант, алғашқы жұмыс орны, ұрпақтар келісім шарты, (Күміс жас) тартылды.

Саралап қарар болсақ, жұмысты қай жағынан іздесеңіз де табылады. Бастысы ниет пен әрекет қажет. Шиелі ауданындағы жұмыспен қамту орталығының халықпен жұмыс істеуіне көңіліміз толады. Себебі қаншама халықпен тығыз байланыста болып, оларға жұмыс тауып беруі оңай емес. Мәселен, бизнес-идеяларды дамытуға қайтарымсыз гранттар беру жоспарына сәйкес business.enbek.kz электронды ақпараттық порталы арқылы қабылданған өтінімдер негізінде ауданда бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия отырысының хаттамалық шешіміне сәйкес, 151 азаматқа 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарлануда. 

Сондай-ақ осы жылы әлеуметтік жұмыс орындарына 57 азаматты жолдау жоспарланып, 8 азамат жолданып жұмыс істеуде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 47 азаматты жолдау тіркеліп, 1 азамат жолданса, «Күміс жас» жобасына 19 адамды жұмысқа қамтылып үлгерген. Алдағы уақытта «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 3 азаматты жолдау жоспарда бар. 

Орталықтың тағы бір мақсаты – жастарды қоғамдық және жастар практикасы арқылы алғашқы жұмысқа орналасуына және мемлекеттік гранттарды алуға бағыт-бағдар беруге барынша көмектесу. Бүгінде жастар практикасына 365 азаматты жолданып, 332 азамат (2023 жылдан келісімшарты өтпелі 299, 2024 жылы жолданғаны 33) уақытша негізде жұмыс істеуде. 

Ақылы қоғамдық жұмыс орындарында 824 қызметкер әр түрлі техникалық құжаттарды түптеу-реттеу, санитарлық тазалық, сақшы-сарбаз, бақташы болып қызмет етеді. 

Қоса кету керек, халықпен жұмыспен қамту орталығына 78 еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жұмыссыз ретінде тіркеліп, 5 азамат тұрақты жұмысқа жолданды. Ал 39 азамат ақылы қоғамдық жұмыста, 1 азамат әлеуметтік орындарда және «Күміс жас» жобасында 1 азамат және 3 азамат жастар практикасынан өтуде. 

Расында, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты тұрақты жұмыспен қамту маңызды міндеттердің бірі. Сол себепті де тұрғындарды жұмыспен қамту күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналған. Яғни халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға аса қатты мән беруіміз қажет. Ал ондағы орталықтың жұмысы жүйелі, нәтижесі нақты. 

Тағы да оқыңыз: