Kyzylorda-news.kz 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай шиеліліктер «Тағзым» алаңына гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.
Шара басталмас бұрын жиылғандар сұрапыл соғыста қаза болған азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, құран бағыштады.
Мұнан соң Шиелі ауданы әкімі Нұржан Ахатов жиынға қатысушылар мен аудан тұрғындарын Ұлы Жеңістің 79 жылдығымен құттықтады.
– Баршаңызды 9 мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Біз жуырда ғана Қазақстан халықының бірлігі күні және Отан қорғаушылар күні мерекесін атап өттік. Бүгін өздеріңізбен ерліктің мерекесін атап өткелі отырмыз. Бұл адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы жеңіс күні. Бұл – атамекен, туған жерді жан сезіммен қастерлей білген, Отанға деген сүйіспеншілікті паш еткен мерейі үстем, мәртебесі биік мереке. Осыдан тура 79 жыл бұрын адамзат тарихындағы ең қасіретті соғыс жеңіспен аяқталды. Әрине, бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Шартарапты шарпыған «Ұлы Отан соғысы» әрбір әулеттің, әрбір азаматымыздың жүрегіне қаралы ізін қалдырды. Қан майданның қасіретін тартпаған, зұлмат күндер жанына батпаған адам жоқ.
Біздер Ұлы Отан соғысында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыздың ерлік жолын нәсихаттап, елдің тыныштығын, шекарамыздың бүтіндігін сақтауда әрбір ер азаматтың алар орны ерекше екендігін жас жеткіншектерімізге ұғындырмақ ниеттеміз. Сонда ғана жас буын ерліктің қандай қасіретпен, бейнетпен келгендігін жан-дүниесімен сезінеді деп ойлаймын.
Отан Қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар аудан ардагерлері сөз сөйлеп, мерекеге орай ізгі лебізін жеткізді.
Шара соңында Ұлы Отан соғысында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыздың рухына құран бағышталып, ас берілді.