Kyzylorda-news.kz Жуырда Шиелі ауданы әкімдігі жанындағы жастар істер жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиынды Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов жүргізіп отырды. Басқосуға кеңес мүшелері, дербес бөлім, мекеме басшылары, Шиелі аудандық полиция бөлімі, кент және ауылдық округ әкімдері, жастар қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері мен жастар өкілдері, жастармен жұмыс істейтін мамандар және БАҚ өкілдері қатысты. 

Кеңес отырысының күн тәртібінде үш мәселе қаралып, баяндама жасалды. Яғни, қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету мен жастардың ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстар, Бәйгеқұм ауылдық округіндегі мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы және Ақмая ауылдық округіндегі мемлекеттік жастар  саясатының іске асырылуы жайлы хабарлама айтылды. 

– Жастар кез келген сәтте еліміздің өсіп-өркендеуіне, өңіріміздің қоғамдық-саяси өміріне араласып, белсенділік таныта білуі керек. Олар қашанда аға буын салып берген сара жолын жалғастырушылар. «Біз болашақты қалай құрамыз, болашақта қандай игі істерді атқарамыз?» деген сұрақтарға бүгіннен бастап жауап іздеуіміз қажет. Ауданда жастарды қолдау, олардың бастамаларының іске асуына кеңінен жәрдем беру – басты мақсат, –  деді Шиелі ауданы әкімінің орынбасары. 

Сондай-ақ, тыңдалған мәселелер бойынша, баяндамашыларға сұрақтар қойылды. Бірінші сауал Шиелі аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Марат Ақпанбетовке жолданды. Ол қойылған сұраққа жауап беріп, берілген тапсырманы түртіп алды. Таяуда Қызылорда облыстық білім басқармасы тарапынан аудандардағы жалпы орта білім беретін мектептердің рейтингісі жасалды. Рейтингте білім сапасы, ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы, оқушылардың олимпиада, ғылыми жоба, спорттық сайыстардағы нәтижелері, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың тіркелуі, педагогтардың кәсіби байқаулармен сайыстардағы жетістіктері сарапталған.

Келесі мәселе бойынша Бәйгеқұм ауылдық округінің әкімі Даулет Сейтқалиұлы жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру бағыты мен ауыл жастары арасында кәсіпкерлік, шағын бизнестерді дамыту, жастарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан гранттарға ауылдық округтегі жастардың қатыстырылуын, «Neet» санатындағы жастардың өзектендірілген сандық көрсеткіштерін азайту мақсаты  жайлы кеңінен талқылады. Үшінші мәселеде Ақмая ауылдық округінің әкімі Бағлан Сағындықов «Neet» санатындағы жастардың өзектендірілген сандық көрсеткіштерін азайту мақсатында қандай жұмыстарды атқарып жатқандығын  түсіндірді. Айта кетейік, Шиелі ауданы бойынша «Отбасының цифрлық картасында» анықталған NEET санатындағы жастардың саны бойынша Ақмая ауылдық округінің жастары көп екендігі анықталып отыр. Атап айтқанда – 33 жас.

Келелі отырыста Шиелі кенті және ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалар берілді. Жазғы мезгілде демалысқа келген студенттер мен мектептердің жоғары сынып оқушыларын «Жасыл қала – жасыл ауыл» жалпы ұлттық жобасы аясында көркейту-көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыру жайлы және ауылдық елді мекендердегі «NEET» санатына жататын, жұмыссыз, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрмысы төмен отбасынан шыққан жастардың маусымдық «Жасыл ел» бағдарламасына құжаттар тапсырып, жұмыспен қамтылуын жүктеді.  Шараның соңында күн тәртібінде қаралған мәселелерге сәйкес, хаттама рәсімделіп, жауапты мекемелерге жолданатын болды. 

Тағы да оқыңыз: