Kyzylorda-news.kz Жадырап жаз мезгілінің келуіне де санаулы күндер қалды. Дәл осы мезгілде оқушылардың басым көпшілігі лагерьлерде демалуды қалайды. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп біз лагерьге барамыз» деп, балалық шақтың көңілді сәттерін қуаныш пен шаттыққа ұласқан естеліктерге толтырады. Ата-аналар да балаларының бос уақытын тиімді өткізуі маңызды екенін алға тартады.

Елімізде әр түрлі санаттағы мектеп жасындағы 3,1 миллионнан астам бала жазғы демалысын тиімді өткізе алады. Бұл жалпы оқушылардың 88%-дан астамы. Бұл ақпаратты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр. 

– «Бүгінгі таңда 11 мыңнан астам лагерь балаларды қабылдауға әзір тұр. Балалар мен олардың ата-аналары үшін қолжетімді сауықтыру бағдарламалары, орналасу шарттары мен қауіпсіздік ережелері туралы пайдалы ақпарат қамтылған «Балаларға базарлық» және «Қауіпсіз жаз» ақпараттық пакеті дайындалды. Сонымен қатар өңірлерде жаңадан 5 сауықтыру орталығын ашу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, 2026 жылға дейін 50 жаңа орталық пайдалануға беріледі», – деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова. 

Естеріңізге сала кетейік, уәкілетті мемлекеттік органдармен балаларды сауықтыру орталықтарының тізілімі бекітілді. ІІМ, ДСМ, ТЖМ, МАМ, ТСМ, ҒЖБМ, ЕХӘҚМ және ЭТРМ-мен бірлесіп заңнамалық нормаларды, бағдарламаларды, сондай-ақ мониторинг пен бақылауды қамтитын іс-шаралар жоспары қабылданды. Биыл алғаш рет лагерьлердің барлық түрі үшін бірыңғай талаптар әзірленді, қосымша білім беру волонтерлері мен педагогтері лагерь жұмысына тартылды, лагерьлерді қабылдау мен нұсқамалық өткізудің республикалық мониторингі құрылды.

Ал Шиелі ауданына қарасты «Сыр ұланы» лагеріне жергілікті бюджеттен өткен жылы 15 341,0 мың теңге қаралған. Жазғы лагерь барысында балаларға медициналық қызмет көрсетуге, олардың сауықтырылуына барынша көңіл бөлінген. Жасөспірімдердің денсаулығын қадағалау мақсатында демалыс базаларының әрқайсына арнайы тексеріс те жүргізілген. Оны білу үшін Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Ш.Нұржановаға байланысқа шықтық.

– «Сыр ұланы» тынығу лагері және аудандағы мектепішілік лагеріндегі балаларды демалдыру іс-шарасы маусымның 1-нен басталады. Өткен жылы Шиелі ауданындағы мектепішілік тамақсыз лагерлерьде 12 190 бала қамтылу жоспарланып, 15 күндік лагерьде балалар демалды. «Сыр ұланы» лагерінде 553 бала демалдыру жоспарланып, 6 кезеңде 511 бала демалысын қызықты өткізді. 7 кезеңде 70 бала демалса, оның 26-сы демеушілердің көмегімен уақыттарын тиімді пайдаланды. «Сыр ұланы» тынығу лагерінің ғимаратына санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы алынған, – дейді бас маман.

Тынығу лагерьлері жайында толыққанды ақпарат берген бас маман Ш.Нұржанова өткен жылы бала қауіпсіздігі үшін тыңғылықты тексеріс болғандығын жасырмады.

– Лагерьдің медициналық талаптарға сәйкес, жұмыс істеуіне арнайы «Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК мекемесінің мамандары бекітіліп, іс-шаралар жоспары бойынша жұмыстар атқарылды. Аккредиттелген «ҰСО» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы филиалымен келісім шарт арқылы тағам өнімдерінің қауіпсіздігін аспаптық және зертханалық зерттеулерді қоса алғанда, өндірістік бақылауға, «Дезинфекция, дезинсекция және дератизация» жұмыстары бойынша келісім шарттар жасалынып, әр ауысым сайын жұмыстар жүргізілді. Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасымен «Балаларды сауықтыру ұйымдарында балалардың демалысын, тамақтануын, медициналық көмек пен сауықтыру шараларын ұйымдастыру туралы» бірлескен бұйрығы бойынша 7 рет семинар өткізілді. Семинарға 164 мектепішілік лагерьлер қызметкерлері, лагерь аспаздары мен медицина қызметкерлері қатысты. Тиісінше, әр кезеңде өткізілген семинарлар фэйсбук әлеуметтік желісіне жарияланды. Өндірістік бақылаудың келісім шартына сәйкес, бактериологиялық зерттеуге 18 тағам үлгісі, 2 ауыз су, 120 шайынды, санитарлық-химиялық зерттеуге құнарлылыққа 30 тағам үлгісі, 2 ауыз су, 2 залалсыздандыру ерітіндісі зертханалық зерттеуге алынды, – дейді Ш.Нұржанова.

Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары берген мәліметке қарап, балалардың тынығуы үшін тыңғылықты тексерістің болғанын бағамдауға болады. Бір ұққанымыз, жазғы тынығу лагерьлері мектеп оқушыларын қуантуға қашан да даяр. Балалар демалысының дұрыс ұйымдастырылуы жайлы сөзімізді қорыта келгенде, біз көп нәрсені ұсақ-түйек деп елемейтін сияқтымыз. Ал тереңірек ойлап қарасақ, жазғы лагерьлер – тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен шыңдалу орталығы. Себебі, балалар онда жай демалып қана қоймай, әрі денсаулығын түзейді, қоршаған ортаны танып, еңбекке, достыққа бейімделеді.

Сүйіншілейтін жаңалық та жоқ емес. Жыл басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Шиелі ауданының даму жоспары қаралған кеңес өткен болатын. Сол жиында Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов Жансейіт елді мекеніне 100 орындық мектеп, кенттегі №252 мектепке 375 орындық бастауыш сынып оқитын қосымша құрылыс салудың бюджеттік өтінімдері салалық министрлікке ұсынылғанын жеткізген-ді. Бұған қоса 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебін салу жоспарлануда. Жоба құны – 1 миллард 113 миллион теңге. Қазір салалық министрліктермен жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар жаңа 200 орындық лагерьдің орны белгіленген. Ол Бәйгеқұм ауылындағы көл жағалауынан 6 гектар жерге салынбақ. Жоба-сметалық құжат әзірлеуге және сараптамадан өткізуге 32 миллион теңге қажет.

Тағы да оқыңыз: