Kyzylorda-news.kz Жақсылыққа жол сілтеп, қайырымдылыққа қадам басу, пайдасы мол іспен айналысып, айналаны ілтипатқа толтыру – нағыз адами болмыстың көрінісі екені анық. Асыл дінімізде де амалдарды шынайылықпен атқарып, мол сауапқа кенелу – басты мақсаттардың бірі. Жер бетіндегі сондай ізгі амалдардың ең қайырлысы – барша мұсылман қауым құлшылық жасап, парызын өтейтін руханият ордасы мешіт тұрғызу.
Халық даналығында мешітті Алланың жердегі үйі деп атайды. Расында, мұсылман үшін аталған мейірім ордасынан асқан қасиетті жер болмайтыны хақ. Себебі бұл – тек құлшылық жасайтын орын ғана емес, діни сауат ашып, сәбиге азан шақыра ат қоятын, отау құрған жас жұбайлардың ақ некесін қиып, дүниеден озған жандардың рухына Құран бағыштайтын, діни мейрамдарда бас қосып, қайырымдылық жасап, қиналған адамдарға рухани қолдау болатын киелі мекен. Бүгінде жомарт жандар мен сауап іздеген азаматтардың қолға алуымен өңірде осындай ғибадат орындары бой көтеруде. Соның бір үлгісі жуырда жалғасын тапты. Жеке кәсіпкер Мақсат Көшерұлының демеушілігімен ауданда заман талабына сай, биік мұнаралы, әсем күмбезді мешіттің жаңа ғимараты тұрғындарға құшағын айқара ашты.
Алланың сүйікті құлы әрі елшісі, ғаламның рахым нұры, екі дүние сардары, адамзаттың ардақтысы болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атына берілген жаңа ғимарат кенттегі Тәуелсіздік көшесінің бойынан орын тепті. Жуырда шежірелі өлкеде Хазіреті «Мұхаммед (с.ғ.с.)» мешітінің ашылу салтанатына жиылған жамағаттың қарасы тым көп болды. Салтанатты шараға Шиелі ауданының әкімі Нұржан Сәбитұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы, облыстың бас имамы Дастан Жанасұлы, сондай-ақ бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты. Алғашқы құттықтау сөз алған Шиелі ауданы әкімі Нұржан Ахатов тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылу салтанатымен құттықтап, дінімізге қуат, елімізге тыныштық тіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ілім тұрғысынан ұшталған Исламды дамыту үшін Қазақстанның барлық мүмкіндігі бар. Біз прогресс, бейбітшілік және әділет, дін мен адамгершілік құндылықтарды құрметтеу, толеранттылық және басқа дін ілімдерінің өкілдерімен тату көршілік қағидаттарында қоғамды құрудың лайық үлгісін барша әлемге көрсетуге қауқарлымыз», – деген болатын.
Түрлі ұлт өкілдері тұратын біздің ауданымызда да діни ахуал тұрақты деуге толық негіз бар. Бүгінде аудан бойынша 2 діни бірлестік, 31 ғибадат ету орындары қызмет атқаруда. Сонымен қатар Ислам бағытындағы медресе діни білім алуға қызығушылығы бар барлық баланы оқытып, имамдарды қайта даярлауда.
Құрметті жамағат! Жаңа мешіттің ашылуымен баршаңызды құттықтай отырып, дінімізге қуат, елімізге тыныштық тілеймін. Халқымыздың ырыс-несібесі мол болып, ауызбіршілігі арта берсін, – деді ол.
Сонымен қатар Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаев қасиетті мекеннің ашылуына жиналған жамағатқа ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық сәлемі мен құттықтауын жеткізіп, барлық игі, салиқалы амалдар Алла Тағаланың нәсіп етуімен болатынын, осы орайда осынау игілікті істі қолға алып, жүзеге асырған Мақсат Нұрмағамбетов пен оның ата-анасына алғыс білдірді.
Қонақтар күллі адамзатты жаратқан мейірімді Аллаға құлшылық жасауға арналған таухид орталығының жүректерді ғибадатпен нұрландыруға үлкен мүмкіндік екенін айтып, ашылған киелі орынның Сыр еліндегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атына берілген алғашқы мешіт екенін тілге тиек етті. Мешіттің негізін қалап, құрылысын жүргізген жеке кәсіпкер Мақсат Көшерұлы мен оның ата-анасы да өз кезегінде ғимарат құрылысына атсалысқан барша ағайынға алғысын жаудырды.
– Осы өңірдің топырағынан нәр алғаннан кейін, оның болашағына қосқан үлесіміз ретінде мойнымызға үлкен жауапкершілік алып, аманат арқалап едік. Бүгін бірнеше жылдан бері ойымызда болған құлшылық орнын халық игілігіне табыстағалы жатырмыз.
Қасиетті мешіттің құрылысы кезінде қолынан келгенше көмек көрсеткен барша жамағатқа, жора-жолдастар мен ағайын-туыс, бауырларға үлкен алғысымды білдіремін, – деді Мақсат Көшерұлы.
Ынтымағы жарасқан ағайынның білек біріктіре тұрғызған имандылық ұясының лентасы үлкендердің батасымен қиылды. Мешіттің символикалық кілті Дастан Жанасұлына табысталды. Жиылған жамағат Алла үйіне басып кірген әр қадам берекеге толсын деген ақ тілегін арнады. Қонақтарға дәстүрге сай шапан жауып, естелік суретке түсті.
Айта кетейік, Шиелі ауданының орталығынан бой көтерген Хазіреті «Мұхаммед (с.ғ.с.)» мешіті 500 адамға арналған. Мұнда ерлер және әйелдерге арналған намазжайдан бөлек, дәрісхана, имамдар бөлмесі бар. Ішкі көрінісі қазақы ою-өрнекпен безендірілген. Ал төр жақ қабырғада Алланың 99 көркем есімі жазылған. Құлшылық орнына Сарыағаш медресесінің түлегі, «Шәйзында» мешітінің бас имамы болған білікті маман Ержан Пірімбетов бас имам болып тағайындалды.
Қоса кеткен жөн, жақында ғана жаңа мешітке елімізге белгілі ұстаз, исламтанушы Нұрсұлтан Рысмағанбетұлы келіп, шиелілік жамағатқа уағыз насихатын арнады. Жамағатқа лық толы болған құлшылық үйі бұл күні қайырымды қасиеттер мен ізгі ойларға толып тұрды. Адамзат баласының рухани тұрғыдан дамуы мен пенденің тұла бойына адамгершілік құндылықтарды ұялатудың тағы бір себебіне айналған осынау мекен асыл дініміздің діңгегіне айналсын. Салтанатты шараға жиылған жамағаттың көкейдегі тілегі бұл.