Kyzylorda-news.kz Елімізде өмірінің соңына дейін елеулі еңбек еткен жандар бар. Олардың есімі халық жадында мәңгі сақталып, өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, қанатын қатайтып, өмірі өнегемен өрілген сондай жанның бірі – Қалдыбек Мәді. Ол Шиеліде іН.Бекежанов атындағы №156 орта мектепте 37 жылдан аса аянбай қызмет етіп, ұлағатты ұстаз, қадірлі әріптес бола білген жан. Өмірден кетсе де, артында өшпес із қалды.

Осы орайда, таяуда Н.Бекежанов атындағы №156 мектепте, денешынықтыру бірлестігінің жетекшісі Н.Әбдіжаппарұлының ұйымдастыруымен Қалдыбек Пернебекұлын еске алуға арналған Шиелі ауданы мұғалімдері арасында кіші футболдан турнир өтті. 

Еске алу турнирінің ашылу салтанатында сөз алған аталған мектеп директоры А.Асанұлы: 

– Қалдыбек Пернебекұлы қызметінде адал, ұжым алдында өте сыйлы азамат болды. Шеберлігі мен біліктілігі арқасында шәкірттері жарыстарда топ жарып, мектеп абыройын бірнеше рет асқақтатты. Тірлігі келісті, еңбегі жемісті болған әріптесіміздің есімі мәңгі сақталады. Турнирдің өтуіне атсалысып, ұйымдастырған азаматтарға үлкен алғысымды айтамын. Алдағы уақытта бұл бастама өз жалғасын табатын болады, – деді. 

Турнирге арнайы келген Шиелі аудандық білім бөлімінің кәсіподақ төрайымы Г.Тажбенова, Ж.Нұркеев, марқұмның анасы Ж.Баймұратова естеліктерін айтып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. 

Ала доп жарысына аудан мектептерінен онға жуық командалар қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыстың қорытындысы бойынша ІІІ орынды №156 мен №214 мектеп мұғалімдері өзара бөліссе, аудандық білім бөлімінен жасақталған команда ІІ орынды місе тұтты. Ал бас жүлдені командалар арасынан оқ бойы оза шығып, бабы мен бағы жанған №47 мектеп-лицей командасы иеленді. Турнирге қатысқан командаларға аудандық білім бөлімінің дипломдары және демеушілер тарапынан медальдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. 

Иә, халық даналығында «ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген бар. Олай болса елге қызмет еткен Қалдыбек Пернебекұлының да аты ұмытылмақ емес. Осындай турнирлер арқылы есімі ел жадында жаңғырып, бұрын естімеген, көрмеген азаматтар танып, білетін болады. «Елге болсын, еңбегім адал болсын» деп шынайы жанашырлықпен қызмет еткен азаматтардың көзі кеткенімен, ел алдындағы адалдығы, атқарған еңбегі ұрпақ жадында қашан да жаңғыра бермек.

Тағы да оқыңыз: