Kyzylorda-news.kz Бәріңізге белгілі, елімізде наурызнаманың онкүндігі өткізіліп жатыр. Соның бір күні – «Ұлттық киім күні». Ұлтымыздың ұлылығын айшықтайтын ұлттық киім әрқашан құндылығымызды биіктетіп тұрады. Бұл шүбәсіз. Қазақы ою мен әшекейлер, сәукеле мен кимешек, шапан мен кең етекті көйлек ұлттық болмысымызды ерекшелеп тұратыны хақ. Бұл күнді ұлттық киім күні деп атау бекер емес. Себебі дәл осы күні ұлттық киімдер мен сәнді бұйымдар көрсетіліп халық назарына ұсынылды. Сондай әдемі көріністі Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінің алаңынан көре алдық.

Тағылымы мол мерекеде музей қызметкерлері қазақы нақыштағы киімдерін киіп, самаурынмен келген қонақтарға шай мен дәмді тағамдар ұсынды. Ал жастар жағы жарапазан айтып, көпшілікті тамсандырды. Сондай-ақ музей директоры Қ.Ыханова құттықтау сөз алып, жиналған көпшілікке іс-шараның маңызы мен негізі жайлы сөз қозғады. Ардагерлер мен әжелер де ізгі тілектерін білдіріп, барша жиналған қауымды мерекемен құттықтады.

Шынында, қазақ киімінің киесі бар. Қос етек көйлек, шашбау, үкілі сәукелені кигенде нағыз қайсар елдің ұрпағы екеніңді сезінесің. Бабалардан тәбәрік болып жеткен жәдігерлерімізді қастерлеп, баршаға насихаттап жүрген елді-мекендердің еңбегі ұшан-теңіз. Қазақ даласына Ұлы Жібек жолы арқылы әкелінген пүліш, барқыт, дүрия, мауыты, масаты, маржан, жібек, атлас, парша сияқты маталарлан және аң терісінен тігілген киімдер – қазақ қыз-келіншектерінің сәніне сән, көркіне көрік қосқан. Шара барысында бойжеткен қыздардың үстінен тақия, кәжекей, шашбау, шолпы сияқты киім үлгілері мен әшекей бұйымдарын көрсек, ал ақ жаулықты аналар мен келіндерден сәнді көйлек, кимешек, жаулық, желек, камзол, кәзекей, кебіс-мәсілерін аңғарсақ, ер адамдардан дәстүрлі киім шапанды байқадық. Ерлер шапаны көп жағдайда жібек, жүн, мақта, барқыт маталарынан дайындалса, шапанмен бірге киетін бас киімі биік төбелі, тегіс төбелі, үшкір төбелі болып түрлі пішінде тігіледі. Бұдан бөлек, қазақта құндыз бөрік, пұшпақ бөрік, қара бөрік секілді түрлері де бар.

Ата-бабаларымыздан бастау алып келе жатқан ұлттық киімдеріміз зор талғаммен, сәнді де қонымды етіп үйлестіріліп тігіліп, ұлт мәдениетімен, қоғам өмірінен ажырамас сыр шерткізді. Осылайша, Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі ұжымының ұйымдастырған «Ұлттық құндылық – дәстүр ізгілігі» мәдени көпшілік шарасы өз деңгейінде жоғары өтті.

 

Тағы да оқыңыз: