Kyzylorda-news.kz. Айшылық алыс жерлерді айтпаған күннің өзінде осыдан он жыл уақыт бұрын аудан халқына қоңырау арқылы қызмет көрсететін таксидің көмегіне жүгіну қиын болмаса да, діттеген жеріңе жету оңайға соқпайтын. Ол кезде тұрғындардың дені бос жүргізушіні де, операторды да ұзын сонар кезекпен күтуге мәжбүр болатын еді. Шақырған жеріңізге жылдам жетеді деген «Такси-Макси», «Нұр», «Сұңқар» таксилерінің өзін талай рет телміре күткеніміз есте. Ал қазір ше? Қазір бәрі қолжетімді. Бүгінде сарылып, сарғайып бір сағаттап көлік күту деген атымен жоқ. Арнайы қосымша арқылы көліктің түрін де, түсін де, бағасын да өзіңіз таңдай аласыз. Бар-жоғы екі минуттың ішінде көлігіңіз де келе қалады. Әзірге «Яндекс» қосымшасы қолданысқа енбесе де, «Индрайвер» жүйесі жергілікті халықтың жүріп-тұруына жарап тұр. Аталған қосымшалардың тиімділігі көп болғанымен, теріс тұсы да жоқ емес. Жасыруға келмес, қазір көптеген көлік жүргізушілері тапсырыс беруші клиенттердің көңілінен шықпайды. Неліктен деген сұраққа әр түрлі жауап бар. Бұны біз де өздігімізше саралап көрдік.

«Жол мұраты – жету». Иә, Бүгінде темір тұлпар тізгіндеген жүргізуші де, көлік іздеген жолаушы да көп. Тұтынушылардың саны көбеймесе, азайған емес. Мойындауымыз керек, такси жүргізушілеріне деген сұраныс көбейген сайын, олардың табатын табыстары да күн санап артып келеді. Әйтеуір не керек, аудан ішінде қазір жеке жүргізушілер де, арнайы қосымша арқылы жұмыс істеп жүргендер де көп. Тіпті, такси алаңы (питак) да бар. Қызмет түрін өзіңіз таңдайсыз. Алаңға барып көлікке мінем десеңіз де, «индрайвер» шақырсаңыз да болады. Алыстан қол бұлғап көлік тоқтата да аласыз. Ақшасын төлесеңіз, таксисттер табыла кетеді. Бірақ барлық көліктің көңілге қонымды әрі жайлы екендіктеріне кепілдік жоқ. Әсіресе, қолыңызды бұлғап, көлік тоқтатсаңыз, кейбірі қалаған жеріңізге жақсы жеткізіп тастаса, енді кейбірі клиенттің мазасын алғанды ұят санамайды-мыс. Олардың арасында шектен шығып, бейәдеп қылық көрсететіндері де көп. «Айтпасақ сөздің атасы өледі» демекші, осы тұста көлік жүргізушілерінің мәдениеті мен қауіпсіздігі жайында аз-кем айтпасақ, әбестік болар.

Мәдениет – әуелі адамның өзінен басталады. Қарапайым адаммен сөйлесу, дұрыс мәміле жасай білу, сыпайылық таныту деген сияқты терминдердің өзі кісінің қандай дәрежеде екендігін айқын көрсетеді емес пе? Үйде, жұмыста, қоғамдық ортада тіпті кез келген жерде адамға ең бірінші мәдениеттілік керек-ақ. Сол секілді такси ішінде де бұл маңызды рөл атқарады. Мәселен, клиенттің көлік жүргізушісіне дұрыс жауап беруі, келісілген қызмет ақысын беруі сынды ұсақ-түйектердің өзі мәдениетке жатады. Ал такси жүргізушілері ше? Иә, олардың да өзіндік этика мен эстетиканы сақтауы шарт. Бұл – біріншіден адамдыққа жатады. Екіншіден – заң жүзінде міндетті. Әрине, ол – арнайы қосымша арқылы табыс табатын көлік жүргізушілеріне ғана. Ал заң жүзінде такси қызметкері болып табылмайтын, оны қосымша жұмыс ретінде алып жүретін адамдарға мұндай заң жүрмейтін секілді. Содан да болар, аудан тұрғындары тарапынан мұндай жүргізушілерге келіп түсетін арыз шағымдар да жоқ емес.

Былай қарап тұрсаңыз, ақысын берген әрбір клиент кез келген жерге ыңғайлы (комфортно) барғысы келеді. Ыңғайлылық дегеніміз – сіздің түсінігіңізде желдеткіші бар, жаңа үлгідегі көлік болғанымен, біздің түсінігімізде айналып келгенде тағы да мәдениетке келіп тіреледі. Көпке топырақ шашпаймыз, әрине. Бірақ «Көрген көзде жазық жоқ» демекші, өкінішке қарай кейбір көлік жүргізушілерінің өз клиенттеріне құрметсіздік көрсетіп жататынын көзіміз талай көрді. Мәселен, тапсырыс беруші жолда ауырып келе жатыр делік. Ал әлгі таксисттің оны көре тұра дауысын барынша шығарып ән тыңдауы – құрметсіздік емес пе? Ол ғана болса жақсы ғой. Кейбірі клиенттің мазасын алып, бәз-біреулермен жол бойы телефонмен сөйлесуді ұят санамайды. Қала берді, қисынсыз сұрақтар қойып, берекеңді қашыратындар да бар. Керек десеңіз, қыз-қырқынға қырғидай тиісіп, танысқысы келетін «сұлтандар» да табылады. Онда тұрған не бар дейтін шығарсыз? Иә, қазақшылыққа салғанда онда тұрған дәнеңе де жоқ. Бірақ әлем елдерінде мұның барлығы әдепсіздік әрі өрескел қателік болып есептеледі. Керек десеңіз осындай болмашы дүниелер үшін арнайы айыппұл төлейді екенсіз. Өйткені тәртіп қатал.
Хош. «Жайымды айтсам жасырмай, жағдайым менің осындай» деп жеке көлік жүргізушілерінің де жайын айттық. Ендігі кезек қолыңыздағы құрылғы арқылы қызмет көрсететін түрлі қосымшаларда һәм такси қызметінде. Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі кезде шиелілік ағайынның қызметіне жарап тұрған – жалғыз «Индрайвер» қосымшасы бар. Аталған қосымшаны өзіңізге тіркеп, көлік жүргізу де ауыр жұмыс емес. Қиынға да соқпайды. Ал дәл сол Индарайверде қызмет көрсететін көлік жүргізушілерінің бүгінгі жайы қандай? Көңілге қона ма?

Жалпы халықаралық талапқа сай такси қызметіне қойылатын бірнеше міндеттер мен талаптар бар. Атап айтар болсақ, жүргізушінің қырағылығы мен сыпайылығы, көліктің қауіпсіздігі, таза болуы, техникалық байқаудан өтуі, сондай-ақ такси жүргізушісінің кем дегенде 5 жыл көлік жүргізген тәжірибесінің, диспетчер, таксометрдің болуы. Өкінішке қарай мұндай талаптарды сақтап жатқандар аз. Өйткені, қазір екінің бірі – таксист. Алайда олардың құжатын да, тәжірибесін де сұрап жатқан ешкім жоқ. Ал оны жылы жауып үнсіз қалдық дегеннің өзінде кейбір қызметкерлер қосымшаның талабына да, тәртібіне де бағынбайтын сыңайлы. Жұрттың мазасын алып, жөнсіз сұрақтар қою былай тұрсын, арамызда адам өміріне қауіп келтіретіндей әрекетке барып жатқандары қаншама.

Былтыр Қызылорда қаласында қыз зорлау дерегі бойынша құқық бұзушылықтың орын алғаны баршаға мәлім. Дәл сол оқиғаның қылмыскері «Индрайвер» жүргізушісі болып шыққанын білесіздер ме? Қысқасы былай. 17 жастағы мектеп оқушысы аталған қосымша арқылы такси қызметіне жүгінген. Бұқаралық ақпарат құралдары көздеріне сенсек, кейіннен отыздан асқан белгісіз ер адам көлігіне отырған әлгі қызды белгісіз жерге апарып зорлаған көрінеді. Иә, бұл оқиға ұзақ уақыт бойы әлеуметтік желіде де біраз талқыға түскен болатын. Осыдан соң көптеген тұрғындардың таксиге мінуге жүрексініп, зәре-құты қашқан. Осындай келеңсіз жағдайлардан кейін жуырда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «көлік жүргізушілері мен такси қызметіне жаңа өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасын әзірлеген болатын. Хош. Не десек те, сақтық әуелі өзімізден болғаны дұрыс. Арғысы ар мен заңның еншісінде.

Тағы да оқыңыз: