Kyzylorda-news.kz. Академик Досмұхамед Кішібеков бір жазбасында «Ел аузында Шиелі әулиелі жер деп аталған. Оның екі себебі болған. Біріншіден, бұл жерде жабайы ақ шеңгел, шие өскен. Ондай жерді ел әулиелі деп ұққан. Екіншіден, мұнда екі ескі қорым бар. Шиелінің батысындағы қорым «Оқшы ата», ал шығысындағы «Сунақ ата». Ел ішінде қадірлі азаматтар дүние салса, оны сол қорымдарға апарып, жерлейтін болған, «Оқшы ата» қорымында «Асан ата» зираты бар. Оны ел тарихтағы «Асан ата» деп жориды. Шиелінің ерекшелігін ел осы екі әулие атамен байланыстырады. Сонымен, Шиелі есімі бір замандардағы жабайы шие өскен әулиелі жер деген ұғымнан туындаған болса керек» деп ой қозғапты.
Расында, тоқымдай жерінде тоқсан түрлі шөп өсетін көк майса мекеннің түйір құмында да құнар бар. Сондықтан болар ырысты өлкеден күрішті мекенге айналды. «Шиелінің тәтті қауыны тілді ояды» деп тамсанып отырады өзгелер. Ендігі жерде ауданға кірген сәтте жол бойында қып-қызыл шие ағаштары жайқалып тұрса, келген қонақтың көзі сүйсініп, жүрген адамға сая болмай ма? Бір айдан астам уақытты еңсерсек көктем де келіп жетеді. Яғни, көшет егу науқаны басталады. Мәселен, өткен жылы 1000 түп көшет отырғызылса, 2022 жылы қарағаш, сән ағашы, терек, үйеңкі, шаған, қарағай сияқты жасыл екпелерге басымдық берілді. Сондай-ақ, Шиелінің шырайын арттыратын шыршалар да егілді. Алайда, ақ шатырмен қоршалған сол шыршалар шымылдықтан шықпады. Шиеліге жерсінбеді.
2020-2021 жылы «Ағаш отырғызу күні» акциясында 1000 көшет отырғызылып, оған 95 адам қатысқан. Жаз айларында А.Яссауи, И.Әбдікәрімов көшелерінің бойына 2,5 мың түп ағаш көшеттері отырғызылған екен. Ал 2019 жылы сәуір айында 1000 көшет егіліп, дәл осы И.Әбдікәрімов көшесі бойына 150 түп жеміс отырғызылған. Тіпті 2018 жылы бір ғана Шиелі ауданында 30 мың түп көшет егілген. «Осынша түп көшет егілгенде Шиелі қазір жасыл желекке оралған, экологиялық проблемалардан арылған шаһарға айналуы тиіс емес пе?» деген заңды сұрақ туады, әрине. Мүмкін біз ағашты егуін егіп, оның күтіміне мән бермейтін шығармыз? Әлде қандай ағаштарды егуге болады? Осы сынды мәселелерді ескермейміз бе, әйтеуір көп көшет көктеместен күйіп кетті.
Ал биыл көшет отырғызу науқанында шие ағашына басымдық берсек қалай болады? Шиелі атына заты сай әдемі шиесі мол мекенге айналса нұр үстіне нұр емес пе? Осы ұсынысты ағаш күтімі жөнінде гидротехник Әлияр Сейітовке де айтқан болатынбыз. – Бұл өте жақсы ұсыныс. Шие талы – жемісті, өсімді болып келеді. Ол 4-5 жылда түбінен көшет беріп, өздігінен көбейеді. Аппақ гүлі көрік беріп, жұпар иісі аңқып шығады. Шие көшеті жаңа айтып өткенімдей, т е з жетіледі. Лезде тоғайға айналады. Ең бастысы бастапқы 1-2 жылда жақсы күтім жасаса болғаны, – дейді білікті бағбан. Жеміс ағашын отырғызудың тағы бір тиімді тұсы – жемісі. Шиелінің босағасын аттағаннан бастап самсап тұрған шиені қайтеміз демеңіз. Тіпті, сол көшеттерді күтіп баптауды 1 маманға жүктеуге де болады. Жерсініп, жеміс берген сол көшеттердің әрбірін аудан тұрғындарына ақыға беруге болады. Мысалы, 1 жеміс ағашын 1 адамға 3000 теңгеге беріп, сындырмай, тек жемісін жиып-теріп ал десек те болады. Тіпті, ауданнан шие тосабын, табиғи шиеден жасалған сусындарды шығаруға да мүмкіндік туады.
Осылайша Шиелі шиесі көп өңір ғана емес, өзінің өнімін брендке айналдыратын әлеуетке де ие болар ма еді. Міне, көшет еккенде артында осыншама үлкен жауапкершілік барын сезіне білсек. Ауданды оттегімен қамтамасыз етіп, 80 мың халыққа таза ауа сыйлаймын деп ұғыну керек. Олай болмаған жағдайда, бұл да жылда егілген көшеттердей қурап қала бермек. Өйткені, күтімсіз көшет көгермейді. Қазақта «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген тәмсіл бар. Ендеше, соңғы 5-6 жылда егілген 50 мыңға жуық түп көшеттің көктемеуінде кеткен қателікті биыл қайталамау керек шығар. «Істің басы – ниет». Ниет болса, тақыр жерді де гүлдендіруге болады.
