Kyzylorda-news.kz Табиғат құбылмалы қозғалыс үстінде, сондықтан да апаттардың болып тұрары сөзсіз. Биыл еліміздің бірқатар аймақтарында түрлі табиғи апаттық жағдайлар орын алып, халықтың көкейінде үрей пайда болғаны жасырын емес. Дегенмен, қиын шақта төтенше жағдайлар қызметі мен өзге өңірлердің азаматтары  бір жеңінен бас, бір жеңінен қол шығарып дер кезінде жәрдем беріп үрейді сейілтті. Осыған сәйкес, Шиелі ауданында таяуда жойқын жер сілкінісі бола қалған жағдайда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын төтенше жағдай зардаптарын жоюға дайындау мақсатында «Жер – 2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.

Оқу-жаттығуға Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Б.Сағындықов пен Шиелі аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ж.Мампаев аудандық авариялық-құтқару құрамаларының, азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын қарап шықты. «Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі» КММ-нің алдындағы футбол алаңында өткен саптық қарауға 19 құраманың, 58 техникасы мен 196 адам қатысып, күш-құралдар топтамасы, оқу-жаттығу кезінде берілетін басқару шартты белгілерінің тізбесі таныстырылып, әр қызмет бойынша қызметтік міндеттерін орындауға дайындығы тыңдалып, тиісті тапсырмалар берілді.

«Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі» КММ-нің әкімшілік ғимаратында орнатылған объектілік құлақтандыру сигналы арқылы қызмет көрсетуші персоналдар мен мұғалімдерге және студенттерге төтенше аймағынан дереу эвакуациялау жұмыстарын жүргізу мақсатында хабарлама берді. Тиісті тапсырмаға сәйкес, мамандар адамдарды қауіпсіз аймаққа шығарып, тізім бойынша түгелдеу жұмыстары жүргізілді. Түгелдеу барысында бірқатар студенттер белгісіз себептермен жоқ екені анықталып, құтқару қызметі, медицина қызметкерлері төтенше жағдай аймағынан зардап шеккен азаматтарға алғашқы медициналық және психологиялық қызмет көрсеті үшін жұмылдырылды. Сонымен қатар, оқу-жаттығуға қатысқан өрт сөндіру, байланыс,  өртке қарсы қызмет және БАҚ өкілдері өз қызметтерін тапсырмаға сәйкес жүйелі түрде жүргізіп, зардап шеккен аймақтан мұғалімдер мен студенттер жұмылдырылған көліктермен қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды.

Екінші күні Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында Азаматтық қорғаудың 14 қызметі мен 3 авариялық – құтқару құрамалары басшыларының және Шиелі аудандық Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия құрамының қатысуымен қорытынды жиналыс өтті. Жиында аудан әкімінің орынбасары Бағлан Жанғалиұлы қызмет басшыларына және «Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі» КММ-нің басшылығына оқу-жаттығудың сәтті әрі жүйілі өткенін айтып: 

– Өңірімізде «Жер – 2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тиісті сала мамандары бірлесе әрекет етуінің арқасында нәтижелі оқу-жаттығудың куәсі болдық. Екі күнге жоспарланған жаттығуға атсалысқан әрбір азаматқа үлкен алғысымды айтамын. Бұндай жағдай тек оқу-жаттығу кезінде ғана орын алып, еліміз табиғи апаттан аман болсын, – деп, барлық қызметкерлерге риясыз алғысын жеткізді. 

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы келтірген мәліметке сәйкес, соңғы 50 жылда әлемде табиғат апаттары 5 есе жиілей түскен. Сарапшылар мұны климаттың өзгеруімен тікелей байланыстырады. Демек, табиғи апаттардан сақтану мәселесі күн өткен сайын өзекті болып келе жатыр деген сөз.

Тағы да оқыңыз: