Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданында ауданның «Құрметті азаматы», ел дамуына сүбелі үлес қосқан ардақты тұлға Әбдіманап Шорабаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы бокстан республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ауқымды спорттық шара Шиелі кентіндегі Тәуелсіздік көшесі бойында орналасқан заманауи спорт кешенінде ұйымдастырылды. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан турнир жыл сайын өз ауқымын кеңейтіп, бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп келеді.

Биыл 13-ші мәрте ұйымдастырылып отырған додаға еліміздің 12 облысынан 220-ға жуық жас былғары қолғап шеберлері қатысуда.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы екенін атап өтті. Сондай-ақ, Әбдіманап Шорабаевтың әпкесі Әтіркүл Шорабаева сөз алып, турнирді ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жас спортшыларға жеңіс пен жігер тіледі.
